Заң және тәртіп. Құқықтық тәрбие берудің маңызы
Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен, керісінше қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да аз болмаған. Осыдан келіп –құқық бұзушылық орын ала бастады.
Құқық бұзушылық – қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Бұл объективтік құбылыс. Құқық бұзушылық заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың іс-әрекеті, қылығы, мінезі немесе әрекетсіздігімен сипатталады. Құқықтық білім беру – адамның құқықтық санасын қалыптастыру мақсатында орындалатын құқықтық тәрбиенің негізгі ықпал етуші әдісі. Нақты айтсақ, құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықты ұғынады және оның санасы қалыптасып, дамиды. Құқықты ұғынумен қоса, тұлғаны заңды құрметтеуге, қорғауға, орындауға дағдыландыру мен заңның әділдігіне сендіру — құқықтық сананың негізгі белгілері. Аталған белгілер оқушыларды құқықтық тәрбиелеу негізінде отбасынан және мектеп табалдырығынан бастап жүзеге асады. Есейген адамға қарағанда санасы мен мінез-құлқы жаңадан қалыптаса бастаған жасөспірім — тәрбиенің қолайлы обьектісі болып табылады.
Құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері: заң нормаларын білу, заң нормаларын орындау, қоғамдық тәртіпті, заң нормаларын бұзбау, заң күшіне сену және т.б.. Құқықтық мәдениеті дамыған тұлға-құқықтық мемлекеттің үлгілі азаматы болады. Құқықтық тәрбие беру арқылы жастарды өз құқықтарын пайдаланып, азаматтық міндеттерін орындай отырып қоғамда өмір сүруге, заңдар мен ережелерді тәжірибеде белсенді қолдана білуге үйретуге болады. А.С.Макаренконың: «анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшін, әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек» деген пікірін ұмытпаған жөн. Құқықтық тәрбие берудің негізгі мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Құқық пен тәрбиенің өзара байланысты әрекеті негізінен жанама түрде тәрбиеге араласқан ата-аналар мен ұстаздар арқылы іске асырылады. Әл – Фараби: «Тәрбиесіз білім қоғама апат алып келеді». Білімді де тәрбиелі болу азаматтардың жарқын болашағының негізі.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша