Ішкі істер бөлімінің тарихы бедерленген туынды

10 маусым күні мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құрметті ардагері», полиция полковнигі Ерік Зейнуллаұлы Қуанышбековтің «Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінің тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Ерік Зейнуллаұлы 1957 жылы 24 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жаңаарқа кентінде туған. 1974 жылы Жаңаарқа кентіндегі В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1975-1977 жылдары Қызыл Тулы Сібір әскери округінде танк взводы командирінің орынбасары болып қызмет еткен. Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих және заң факультеттерін ҚР ІІМ Алматы академиясының жоғарғы курсын тәмамдаған. Полиция полковнигі. «ҚР ІІМ Құрметті ардагері». Өлкетанушы, жазушы.

Еңбек жолын Жаңаарқа ауданы, Байғұл сегізжылдық мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. Жезқазған құрылыс техникумында саяси экономия пәнінің мұғалімі, Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, Жезқазған қалалық комсомол комитетінде нұсқаушы, Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінде анықтаушы, тергеуші, Жаңаарқа аудандық тергеу комитеті бөлімінде аға тергеуші, экономикалық қылмыстармен күрес бөлімшесінің бастығы, аудандық тергеу комитеті бөлімі бастығының орынбасары, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің анықтама жүргізу басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін атқарған.

ҚР ІІМ-нің жеңіл атлетикадан, қызметтік көпсайыс түрлерінен бірнеше дүркін чемпионы. Спорт шебері. Марафоншы. Мәскеу халықаралық марафонына, Қарағанды-Ульяновск, Қарағанды-Петропавлск, Қарағанды-Алматы көпкүндік марафондарына қатысқан.
«Жаңаарқа футболының тарихы», «Қалыбек Биқара батыр шежіресі», «Жаңаарқа өңірінен шыққан генералдар мен полковниктер», «Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінің тарихы» атты кітаптың авторы.


Тұсаукесер кешін құттықтау сөзімен ашқан аудандық мәслихат хатшысы Юржан Асанұлы Бекқожин жарық көрген кітаптың мәні мен маңызын түсіндіріп өтті. Келесі сөз кезегі аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Жомартұлы Жақаевқа беріліп, жиналғандарға кітап авторы жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Аудандық ішкі істер ардагерлерінің төрағасы Тұрар Үкенов, ішкі істер бөлімінің ардагері Қазбек Әбдіғожин осы салада еңбек сіңірген талай тұлғалардың есімін жаңғыртқаны үшін кітап авторына алғысын білдірді. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Әбжанов та қуанышын білдіріп, белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжановтың «Тарихшы» кітабын сыйға тартты.
Ерік Зейнуллаұлының бауырлары, туған-туысқандары, құқық қорғау саласында бірге жұмыс жасаған ардагерлер ортаға шығып, ізгі тілектерін жаудырды, шапан жапты.
Кітап авторы бір данадан аудандық мұражайға, орталық кітапханаға тапсырды.

-Біздің ауданның құқық қорғау саласының тарихы 1929 жылдан бастау алады. Мен үшін бұл кітап ешқандай ақшамен өлшенбейтін өте құнды дүние. Осы кітап жазылған үш жыл уақытта әр адам туралы мәлімет жинау, деректерді сұрастыру оңай болған жоқ. Ауданымыздың құрылғанына 100 толу мерейтойына орай, осындай сый жасауды жөн көрдім. Туындымда 300-дей қызметкердің өмірбаяны берілді.
Осы кітабыма деректер жинауға көмектескен азаматтарға, тұсаукесер кешін осындай деңгейде ұйымдастырған аудан әкімшілігіне, аудандық мәслихатқа, аудандық полиция бөліміне, мәдени-сауық орталығының қызметкерлеріне, барша тілеулес болған азаматтарға ризашылығымды білдіремін,-деді автор өз сөзінде.
Салтанатты түрде кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кітап «Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы», «Жаңаарқа аудандық НКВД, МГБ, Милиция, ІІБ бастықтары», «Жаңаарқа ауданлық ІІБ тергеу қызметінің тарихы», «Жаңаарқа аудандық НКВД, МГБ, Милиция, ІІБ, ІІБ қызмет еткен ардагерлер мен азаматтар», «Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінің өткені мен бүгіні», «Суреттер сөйлейді» деген алты тараудан тұрады. Қарағанды қаласындағы «Типография Арко» ЖШС-дан басылды. 426 беттен тұрады.
Кітап Жаңаарқа ауданы мен аудандық ішкі істер бөлімінің 100 жылдық мерейтойына арналған. Бір ғасыр тарихы бар бөлімде адал қызмет етіп, болашақ жастарға арналған үлгі болатын азаматтар жайында жазылған туынды.
