Өңір өнімдері бір алаңда тоғысты

9 маусым күні аудан әкімдігі мен Ұлытау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Модуль спорт кешенінде «Бір ауыл – бір көрме» атты көрме өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өнімдерін насихаттап, олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Бұл бастама жергілікті өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. «Бір ауыл – бір өнім» жобасын Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік филиалдары іске асырады. Бұл жоба жергілікті шикізаттан өнім әзірлеуге және оны ілгерілетуге бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнімді дамыту тұжырымдамасына негізделген. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы құнын арттыру.

Көрменің ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин, Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова және облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Жауен қатысып, көрмеге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Көрмеге аудан бойынша 25-ке жуық шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер қатысып, өздерінің өнімдері мен қызметтерін көпшілік назарына ұсынды. Келушілер қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан табиғи әрі ұлттық нақыштағы бұйымдармен танысты.

Көрмеде ұнтақталған бие сүті, қолдан өрілген ат әбзелдері, қайыстан жасалған түрлі бұйымдар, нан және сүт өнімдері, қымыз, тәтті тағамдар, антифриз өнімдері, сондай-ақ қолдан тігілген бұйымдар қойылып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара соңында көрмеге белсенді қатысқан барлық кәсіпкерлер мен қолөнершілер алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік деп танылған қатысушылар 20 маусым күні өтетін облыстық көрмеге жолдама алып, аудан намысын қорғауға мүмкіндік алады.



Мұндай көрмелер жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және отандық өнімдердің танымал болуына ықпал етеді.