Дала дарабозы

15 мамыр Халықаралық отбасы күніне тұспа-тұс, дәл осындай атаумен дәстүрлі әнші, өз кезінің сал-серісі Яхия Хасеновтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу сазды кеші өткізілді.
Кешті жүргізген Балтабай Қызыров кеш иесі туралы айтып өтті. Ол кісі 1946 жылдың 16-қаңтарында қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ынтымақ ауылының маңындағы Иманақ тауының баурайында дүниеге келген. 1953 жылы мектеп табалдырын аттап, 1964 жылы Жаңаарқа ауданы Ленин атындағы орта мектептің 11 класын аяқтайды. Сол жылдары Сәкен ауылында еңбек жолын бастады. 1969-1971 жылдар аралығында міндетті әскери борышын өтеп келеді. Кейін Алматы қаласында Ауылшаруашылық институтының экономист мамандығын алып шықты. Әр жылдарда Сәкен, Босаға, Ортау, Ақтасты совхоздарында техник-нормировщик мамандығынан бастап, соңғы күндеріне дейін ауыл жұмысына араласып, еліне қызмет етті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласында қызмет жасай жүріп, қазақтың халық әндерін, сал-серілердің әндерін кемеліне келтіріп шырқап, ел арасында насихаттап жүрді. Қара домбырасын қолынан тастамады.
1998 жылдың наурыз айында соңғы сапарға аттанды. Жұбайы Әлпия Аққуқызы көп жылдар математика пәнінен дәріс берген ұлағатты ұстаз. Шаңырағының берекесін келтіріп, отағасының жағдайын жасап, балаларына ардақты ана бола білді. Бүгінде немере-жиен ортасында қуанышты күндерін кешіп жатқан бақытты әже. Отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеген. Балаларының барлығы әр салада абыройлы қызмет етіп, жүр, отбасылы, балалы-шағалы.
№1 мектеп-лицейіне келген кеш қонақтарын 7-8 сынып оқушыларынан құралған мектеп оркестрі фоеде күмбірлеген күймен қарсы алды. Шымылдық «Балдаурен» бишілер тобының әсем биімен түрілді. Кешті аудандық мәслихат төрағасы Юржан Асанұлы ізгі тілегімен ашты. Еске алу кешін аудандық мәдениет үйінің шығармашылық бөлімі ұйымдастырды.
Жылы естеліктерге толы кеш әуезді әндермен астасты. Қали Байжанов атындағы филормания әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков, ҚР Мәдениет қайраткері Жалын Сыздықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Балтабай Қызыров, дәстүрлі әнші Қанат Аманжолов, ҚР Мәдениет саласының үздік қызметкері Мақпал Сейтқамалова, мәдениет қызметкері Жарас Ізтөлеуов, әнші Шахизат Әбдіғазымов, әнші әрі бауыры Әсем Хасенова, Ұлттық өнер академиясының студенті, әнші әрі жиені Тәрмәрнаббат Жаңбырбекқызы, әншілер, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері Айгерім Әбікеева, Ербота Ұзақбаев пен Қасиет Мұқатаев, әннен шашу шашты.
-Өнердің арнайы оқуын бітірмесе де, бойына біткен дарыны арқылы халқының ықыласына бөленді. Тіпті көп әншінің мүмкіндігі келмейтін, кең тынысты қажет ететін өлеңдерді де шырқады. Алматыдағы Ауылшаруашылық институтында оқып жүрген шағынла көптеген өнер иелерімен бірге жүреді. Ауылға оралып, экономист болып істеді. Босаға ауылында сол кісінің көз алдында еңбек жолымды бастадым. Ұстазым болды,-деді сөз басында.
Яхаңның жастық шағы, еңбек жолының басталған кезі өзінше бөлек бояуға ие. Ауылда тек бір үйде теледидар немесе он үйге бір радио болушы еді. Қолы босаған адамдар сол үйге жиналып, жаңалық естіп, ән тыңдап, қойылым көріп уақыт өткізетін. Сол кездерде асқақ үнімен ән шырқап, суырып салмалық шешендік өнерімен жұртты тамсандырған осы Яхаңдар еді.
Ол кезде беташар айту оңай емес. Демде әр адамның мінез-құлқына сай өлеңдерді төпелетіп, келісті шумақтарды төге салатын Яхия аға талай көпшілікті разы қылып еді. Отырған жерін думанға бөлеп, өнерімен талайды таңдай қақтырды.
Кеш барысында кеш иесінің өлеңдері жинақталған «Керім күндер» кітабы таныстырылып, қонақтарға сый ретінде табысталды. Жоғарыда Яхия ағаның ақындық өнері барын айтқан болатынбыз. Әр тақырыпта шығарылып, қойын дәптерінде сақталған өлеңдері бір кітап болып оқырманға жол тартты.
Яхия Хасенұлының туысқандары, балалары, әріптестері, замандастары жылы естеліктерімен бөлісті. Ғалым Төтеев, Шах Әбілдин, Балтабай Мүскінов, Сатыбалды Қызыров, Сартпай Төкенов, Амандық Көкеев тағы басқа достары кешті ұйымдастырған отбасына ризашылығын білдірді. Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосынов секілді тұлғалардың қолы тиген қара домбырасы салтанатты түрде ауданымыздың мұражайына тапсырылды. Домбыраны құнды жәдігер ретінде мұражай директоры Ерболат Шубаев қабылдап алды. Әсерлі кештің соңы ақ дастархан басында жалғасты.