Диагноз тірегі – зертхана тынысы

        Адам баласы үшін ең басты байлық та, бақыт та – денсаулық. Ал сол денсаулықтың сақшысы болып, түн ұйқысын төрт бөліп, адам өміріне араша түсетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі ешқандай өлшемге келмейді. Дәрігердің қойған әрбір шипалы диагнозының, науқастың аяқтан тұрып кетуінің артында көзге көрінбейтін, бірақ маңызы орасан зор үлкен бір сала тұр. Ол – медициналық зертхана. Дәрігер емді нәтижелі жүргізу үшін ең алдымен зертхананың нақты да дәл талдауларына сүйенеді. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында біз өз ісіне 44 жыл ғұмырын арнаған, зертхана саласының ардагері – Айгүл Орынбайқызы Искакованың ғибратты еңбек жолы мен ол басқаратын ұйымшыл ұжым туралы әңгімелекпіз.

   Айгүл Орынбайқызы медициналық училищені бітіргеннен кейін, 1982 жылдың сәуір айында осы аурухананың зертханасына лаборант болып жұмысқа қабылданады. Содан бері, міне, 2026 жылға дейін тапжылмай, бір орында, бір ұжымда адал қызмет етіп келеді.

«Біздің басты міндетіміз – науқастардың анализін уақытылы, нақты және сапалы жасап беру. Қазір заман өзгерді, технология дамыды. Біз жұмыс бастаған жылдармен салыстырғанда қазіргі аппараттардың мүмкіндігі өте жоғары», — дейді кейіпкеріміз мақтанышпен.

Бүгінде зертхана заманауи биохимиялық, коагулограммалық, гематологиялық анализаторлармен (мысалы, Mindray, BS-240 т.б.) жабдықталған. Мұнда биохимия бойынша 15 түрлі, коагулограммада 6 түрлі, ал гематологияда 24 параметр бойынша күрделі талдаулар жасалады. Тіпті, соңғы уақытта қалқанша безінің гормондарын анықтайтын жаңа қондырғылар да іске қосылған. Тәулігіне зертханадан 200-ден астам талдау өтіп, реанимация мен өзге бөлімшелердегі ауыр науқастардың тағдырын шешуге көмектесуде.

Айгүл Искакова ұзақ жылдар бойы аға лаборант болып, зертхананың жұмысын дөңгелетті. Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, соңынан ерген талай жасқа бағыт-бағдар берген қамқор ұстаз. Бүгінде оның қатарында иық тіресе қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі әріптестері – Қалдыгүл Төлеубаева, Төлеутай Омарова, Қазия Тажибаева, Даметжан Күлмановалар зертхананың алтын діңгегі іспетті.

Сонымен қатар, зертханада аға буынның ізін басқан жаңа толқын, жас мамандар өсіп келеді. Өз қызметін абыроймен атқарып жүрген Дания Ғалысейіт, Зульфия Енгелова мен Гүлназия Тоғанбайлар зертхананың болашағы. Жастар өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, үлкен буынның бай тәжірибесін бойларына сіңіріп келеді.

     Бүгінгі таңда барлық салада сәт сайын жаңашылдықтар, өзгерістер болып отырады. Бұл зертхана жұмысына да байланысты. Сондықтан зертханашылар бес жылда біліктілікті арттыру курсынан өтеді.

     Зертхана Mindray фирмасының аппараттарымен жабдықталған. Айгүл ханымның айтуынша фирма өзі келіп, құралдарды құрып береді, егер бір ақау шықса дереу жөндеп  беруге дайын. Адамның денсаулығына қатысты шаруада жауапкершілік әрі жылдамдық маңызды.

      Тәжірибелі зертханашы көп адам ескере бермейтін әрекеттерді де алға тартты. Анализ тапсырмас бұрын майлы, ащы тамақ жемеу, газды тәтті сусын ішпеу секілді шарттарды ұстану қажет. Егер глюкозаға тапсырсаңыз, тіпті тісті  жумай келу керек екен.  

      Айгүл ханымнан талдау нәтижесі үнемі ойдағыдай шығу үшін қандай ақыл-кеңес бересіз деп сұрағанымызда, салауатты өмір салтын ұстанудың ең тиімді жолы — дұрыс тамақтану, уақытымен демалу деп жауап берді.  

     Айгүл Орынбайқызы тек жұмыста ғана сыйлы емес, отбасында да үлгілі ана, аяулы жар. Жиырма алты жасында жұбайы Марат Китошұлы Жұматаев екеуі шаңырақ көтеріп, тоғыз жыл перзент күткен екен. Бүгінде Жаратқанның берген сыйы – аяулы 4 перзентті өсіріп, олардан 3 немере сүйіп отырған бақытты әулет.

Үлкен екі перзенті политехникалық салада жоғары білім алып, тұрмысқа шығып, өз алдарына отау тіккен. Ал кенжелерінің алды Ділназ Маратқызы медицина институтының фармацевтика факультетінде оқыса, ұлы Айтуар Маратұлы өрт сөндіру училищесінде білім алуда. Әулеттің тірегі болған отағасы Марат Китошұлы ұзақ жылдар бойы әскерилендірілген күзет қызметінде басшылық лауазымдар атқарып, бүгінде құрметті демалыста.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Айгүл Орынбайқызы өзінің барша әріптестерін, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтады:

«Ең бастысы – әрбір шаңырақта амандық, денде саулық болсын. Деніміз сау болса, еңбек етіп, халқымызға қызмет ете береміз. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын! Барша әріптестеріме қажымас қайрат, отбасылық бақыт тілеймін!»

Халық саулығы жолындағы ерен еңбектеріңіз жемісті болсын, ақ халатты абзал жандар! Мерекелеріңізбен!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *