Атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар талқыланды

Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында есептік кездесулер Ақтүбек ауылында жалғасты.

     Басқосуда алдымен Ақтүбек ауылдық округінің әкімі ауыл әкімі Жангелді Бөгенбаев ауылда атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндаса, аудан әкімі Қанат Қожықаев аудан көлеміндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді.

     Жиынға ветстанция басшысы Қанат Мұқанов, ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Талғат Қияшев, жер бөлімінің маманы Данияр Аманжолов, сондай-ақ білім беру және медицина саласының өкілдері, учаскелік инспектор қатысты. 

Баяндамалардан соң, бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды: қыс мезгілінде ішкі жолдарды қардан тазарту жұмыстарына арнайы қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар толық атқарылды.  Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын қоршау бойынша құжаттар рәсімделуде. Осы процесс аяқталған соң қоршау жұмыстары басталады. Тұрғындар сұраған жарықшамдарды орнату және электр сымдарын жаңарту мәселелері де кезең-кезеңімен шешілмек. Балалар ойын алаңын салу туралы өтініш қолдау тауып, алдағы уақытта бой көтеретін болды. Ал жедел жәрдем көлігін бөлу мәселесі қазіргі таңда арнайы бақылауда тұр. Тұрғындар тарапынан жаңа мектеп салу туралы өтініш түскен болатын. Алайда, қазіргі мектептің жағдайы жақсы, апаттық жағдайда емес екендігі ескеріліп, жаңа мектеп салу мәселесі қарастырылмайтыны жеткізілді. Манадырға дейінгі 11 шақырымдық жол мен көпір салу мәселесі экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. Бюджет қаражаты қай бағытта оң динамика бар болса, бірінші кезекте соған бағытталатыны түсіндірілді.

Бұл жолғы кездесу де ашық диалог алаңына айналып, тұрғындар тарапынан бірнеше өзекті мәселе көтерілді: ауыл жұртшылығы жергілікті Төтенше жағдайлар бөлімін Жәйремге көшіреді деген қауіпті алға тартты. Олай болған жағдайда маңызды мекемеден айырылып, жергілікті мамандар жұмыссыз қалатынын айтты. Аудан басшысы жауабында Төтенше жағдайлар бөлімі толық көшірілмейді, ауылда оның филиалы міндетті түрде сақталып қалатынын айтты. Мектептің спорт залының құрылысы тоқтап тұрғаны және кабель бойынша электр желісін жүргізу жұмыстарының созылып кеткені айтылды. Сонымен қатар, тұрғындар кабель тартылып біткен соң, босайтын ескі бағаналарды (столбаларды) алып, Әлмен жазығын қоршауға пайдалануға рұқсат сұрады. Спорт залының құрылысын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қаражат күтілуде, ақша бөліне салысымен жұмыс жанданады. Ал ескі бағаналарды рұқсатсыз алуға болмайды, өйткені олар коммуналдық меншікте. Оларды тек тиісті акт негізінде заңды түрде алуға мүмкіндік бар деген жауап берілді. Тұрғындар Ақтүбектің жол айырығында жол-көлік оқиғалары жиілейтіндіктен, қауіпті аймаққа бейнебақылау камерасын орнату қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, әкімшілік тарапынан жаңа баспана салынатын болса, ескі ауыл жақтағы қираған үйлердің орны тазаланып, сол аумақтан бой көтерсе деген ұсыныс айтылды.

      Жиында ветстанция басшысы Қанат Мұқанов ауыл халқы үшін жағымды жаңалықты жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта ауылда арнайы ветстанция пункті салынады. Алайда бұл нысандар мал қамау үшін емес, тек қана ветеринарлық-профилактикалық шараларды сапалы жүргізу үшін пайдаланылатынын ескертті.

Кездесу соңында аудан және ауыл әкімдігі көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын, заңдылық пен экономикалық тиімділік ескеріле отырып, шешімдер қабылданатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *