Қызметтің маңызы — халықтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтау

   халықтың денсаулығы көбінесе қоршаған орта факторларының әсерінен қалыптасады, ал олардың әсер ету күші соңғы жылдары өсіп келеді.

Ғылымның дамуы, технологиялық прогресс және қоғамдық игіліктерден басқа ғылыми-техникалық әзірлемелер мен өндірісті енгізу адамзатқа белгілі бір қауіп төндіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың пайда болу қаупінің ең маңызды факторының ішінде халықтың едәуір бөлігі орналасқан қауіпті су мен қанағаттанарлықсыз санитарлық-гигиеналық жағдайларды анықтады.

Сондықтан салауатты өмір сүру, еңбек, демалыс жағдайларын қамтамасыз етуде және қоршаған орта факторларының халық денсаулығына кері әсерін болдырмауда санитарлық-эпидемиологиялық қызметке маңызды рөл берілген.

  Басқарма жұмысының негізгі бағыттары қатарында санитарлық заңнама талаптарының сақталуына санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, санэпиджағдайды талдау, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама, зертханалық және аспаптық зерттеулер мен сынақтар жүргізу, сәйкестік (сәйкессіздік) туралы қорытындылар беру, ауаға, суға, топыраққа, өнімге зертханалық зерттеулер мен сынақтар жүргізу, инфекциялық аурулардың, кәсіби сырқаттанушылықтың мемлекеттік есебін жүргізу, сондай-ақ халықтың профилактикалық егулермен қамтылу деңгейіне бақылау жасау болып қала береді.

    Жаңаарқа аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы болып Айгүл Жеңісқызы Қуатова тағайындалды. Айгүл ханым аталмыш салада көп жылдар еңбек сіңірген білікті маман. Осыған орай Айгүл Жеңісқызына бірқатар сұрақтар қойып, мекеме жұмысымен кеңінен таныстық.

  -Айгүл Жеңісқызы, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мәні мен маңызы қандай?

-Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет-санитариялықпрофилактикалық және эпидемиологияға қарсы шараларды жасайтын және орындайтын, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер жүйесі. Санитариялық-эпидемиологияның мәні – әртүрлі жұқпалы, паразитарлы және жұқпалы емес аурулардың, карантиндік инфекциялардың елге кіруінің алдын алу және індетке қарсы іс-шараларды жүргізу, әртүрлі өнеркәсіп орындарының және нысандардың санитария нормалары мен ережелерін сақтауда бақылау.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маңызы — халықтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтау, еліміздің санитариялық және эпидемиологиялық жағдайын жақсарту.

-Қазір жүріп жатқан тұмау індетінің алдын алуға сіздердің қандай да бір ықпалдарыңыз бар ма?

-Алдымен ауданымыздағы жедел респираторлық вирустық инфекциясының ахуалына тоқталғым келеді. Ауданда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Аудан бойынша эпидемиялық маусым басталғаннан 23 қаңтарына дейін барлығы 525 жағдай тіркелді, оның ішінде 1 жасқа дейін – 40, 0-4 жас аралығында – 168, 5-14 жас аралығында – 143, 15-29 жас аралығында – 93, 30-64 жас аралығында – 103, 65 жастан жоғары – 18.

  Тұмау ауруы тіркелген жоқ. Әрине, тұмау инфекцияларынан қорғаудың ең тиімді тәсілі – вакцинация екенін айтамыз. Осыған байланысты, ЖРВИ-ның алдын алу бойынша аудандық газеттерге мақалалар жарияланды. Эпидемиялық маусым басталғаннан барлығы 3 тікелей эфир өткізілді. Жүкті әйелдер мен жас аналарға дәрістер оқытылды. Білім беру мекемелерінде оқушылар арасында диктанттар жазылды. Орталық аурухана қызметкерлерімен 1 семинар өткізілді. Санитарлық бюллетендер шығарылып, таратылды және басқарманың әлеуметтік желісі парақшасында 16 материал жарияланды.

Тұмау ауруы адамнан сау адамға тез тарап, жылдың кез-келген маусымында ересектерге де, балаға да жұғады. Әсіресе, балалар арасында аурудың жұғу қаупі өте жоғары болады, жалпы ауырғандардың 40-50% құрайды. Вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылған алдағы эпидемиялық маусымда күтіліп отырған тұмау вирустарының штамдары бар тұмауға қарсы тиімді вакциналармен жүзеге асырылады. Бұл ауру жұқтырып алу қаупін төмендетеді, ауырып қалған жағдайда оның жеңіл өтуіне және асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға өз септігін тигізеді.

  Бұдан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі қарапайым гигиеналық ережелерді орындау қажеттігін ұсынады: 1) оқу және демалу режимін сақтау, таза ауада жеткілікті уақыт жүру, жеткілікті уақыт ұйықтау және дұрыс тамақтану; 2) таңғы жаттығумен, дене шынықтырумен айналысу; 3) туыстарыңыздың ішінен біреу сырқаттанған жағдайда, мүмкіндігінше жеке бөлмеге оқшаулау; 4) тамақ ішер алдында, көшеден оралғаннан кейін, сондай-ақ, егер отбасыңызда сырқаттанған адам болған жағдайда ортақ заттармен пайдаланғаннан кейін мұқият қолды жуу қажет (микробтардың басты бөлігі ортақ пайдалану заттары, есік тұтқалары, көліктегі сүйеніштер, ақша банкноттары арқылы беріледі); 5) бөлмелерді жиі желдетіп тұру және ылғалды жинау жұмыстарын жүргізу қажет; 6) адамдар көп шоғырланатын жерлерге баруды шектеу (театр, кино, супермаркеттер), мұндай жерлерде вирустар өте жылдам таралады;
эпидемиялық маусым кезінде күніне 2 реттен кем емес  түрде мұрынды және тамақты шаюға кеңес беріледі. Мұрын қуысына “Оксолин” майын жағыңыз — ол вирустың таралуына
тосқауыл болады. Оны науқас та, сырқаттанбаған адам да пайдалануға болады.

Вакцинацияға келетін болсақ: аудан бойынша 4240 адам тұмауға қарсы екпе алуға жоспарланған, оның ішінде 2-3 триместріндегі жүкті әйелдер – 185, медициналық қызметкер – 310, диспансерлік есепте тұрған балалар – 950 және диспансерлік есепте тұрған ересек адамдар – 2795. Оның барлығы (4240 адам) екпе алды, 100% құрады.

  —Ауданымызда қандай да бір санитарлық-эпидемиялық мәселе бар ма?

-Ауданда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

Аса қауіпті, карантинді инфекциялары, сальмонеллез, тамақтан улану жағдайлары тіркелген жоқ.

-Мекемеде мамандар жетіспеушілігі барма?

-Басқармада маман жетіспеушілігі жоқ. Басқарма бойынша штат саны барлығы 13 адам. Оның ішінде 7 мемлекеттік қызметкерлер және 6 штаттан тыс қызметкер. Қазіргі таңда 7 мемлекеттік қызметкерлердің 4-і жұмыс жасап жатыр, 3-і декреттік демалысында. 7 мемлекеттік қызметкердің ішінде 1-і жоғары медициналық білімі бар, қалған 6-ы орта кәсіптік білімді қызметкерлер. Барлығы тәжірибелі, білімді, өз жұмысына ұқыпты мамандар. 7 мемлекеттік қызметкерлердің ішінде: 1 басшы, 1 бөлім басшысы, 5 бас маман қызмет атқаруда.

-Санитарлық дәрігер мен әдеттегі дәрігердің айырмашылығын айтып өтсеңіз.

-Санитарлық дәрігер – бұл халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және бақылау мәселелерімен айналысатын маман. Санитарлық дәрігердің негізгі міндеті – жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау, қоғамдық, өндірістік және тұрғын үй жайларда санитарлық және гигиеналық нормалардың сақталуын бақылау, сондай ақ халықтың денсаулығын сақтау және нығайту үшін алдын алу шараларын жүргізу.

Әдеттегі дәрігерлер бұл адамдарды әр түрлі аурулардан емдейтін медициналық маман. Ол диагноз қоюмен айналысады, емдеу стратегияларын әзірлейді, медициналық процедураларды жүзеге асырады. Оның кәсіби міндеті ол адамның денсаулығын, өмірлік функцияларын сақтау және қалпына келтіру.

-Тіршілік етіп отырған ортамыздың халық денсаулығына кері әсері жөнінде қандай жұмыстар атқарылды?

-Адамның қоршаған жағдайына қатысуы, өз денсаулығын сақталуы және қоршау үшін экологиялық тәрбиені қалыптастыру – қоғамның маңызды міндеттері.

Атмосфералық ауаны ластау — бұл әр түрлі газдардың, қатты және сұйық заттардың немесе табиғи булар мен қалдықтардың ұсақ түйіршіктерінің ауаға қосылуы.  Атмосфералық ауа қоршаған ортаның өмірлік маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Атмосфералық ауаның ластануының алдын алу үшін өнеркәсіп орындарын және көлік магистралдарын тұрғын алабынан алшақ орналастыру, жанармайдың барлық түрлерін таза энергия көздеріне ауыстыру, өнеркәсіп орындарының құрылғыларына сүзгілер орнату қажет.

Сондай-ақ, жасыл өсімдіктер ауылды ауаны шаңнан тазартуда маңызды рөл атқарады. Жасыл аймақтардың болуы зиянды заттардың концентрациясын үш есе азайтуға мүмкіндік береді. Санитарлық-қорғау және кварталішілік аймақтарды көгалдандыру үшін газға төзімді ағаш-бұта түрлері қолданылады.
Ауданымыздың ауасының ластануына жол бермеу үшін өнеркәсіп орындарын санитариялық талаптарға сәйкес жұмыс жүргізуге шақырамыз. Қолайлы қоршаған орта дегеніміз объектілерінің жай күйі экологиялық қауіпсіздікті және халықтың денсаулығын сақтауды, ластануға жол бермеуді, экологиялық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін орта.

Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы жақсарылуда. Әрине ортаның да атқарар рөлі зор. Сондықтан қоршаған ортаның ластануы және де тағы басқа да факторларға мониторинг үнемі жүргізіледі. Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлерімен бірлесіп зертханалық зерттеулер жүргізілді. 2024 жылдың мемлекеттік тапсырысы негізінде 72 сынама алынып, атмосфералық ауаны өлшеу жүргізілді, оң нәтиже анықталған жоқ. Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданының аумағында қоршаған ортаға зиянды шығарындылары бар өнеркәсіптік кәсіпорындардың 5 объектісі бар. Осы 5 объектісі аумағынан 840 сынама алынды. Оң нәтижелер анықталған жоқ. Және де Жаңаарқа кенті бақылау нүктелерінен, яғни қазандықтардан 81 сынама алынды, оң нәтиже анықталған жоқ.

    —Өткен жылы атқарылған жұмыстар және алға қойған міндеттер жөнінде баяндап өтсеңіз.

-2024жылға арналған негізгі ұйымдастыру және медиа жоспарларына сәйкес жұмыстар жүргізілді.

Сонымен қатар, 2024 жылға арналған тексеру кестесіне сәйкес 1 объект тексерілді.

Сонымен қатар, шағымдар бойынша 3 нысан жоспардан тыс тексеріспен қамтылды.

Тексеріс қорытындылары бойынша 2024 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425 бабының 1 бөлігі бойынша барлығы 36 хаттама толтырылып, сомасы 19 млн 696 мың 820 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде жеке тұлғаға 8 айыппұл (2289040 теңге), лауазымды тұлғаға 16 айыппұл (7217860 теңге), заңды тұлғаға 12 айыппұл (10189920 теңге).

Санитарлық ағарту жұмыстары:

Басқарма мамандарымен 66 тікелей эфир өткізілді, «Жаңаарқа» қоғамдық саяси газет бетіне 15 мақала жарияланды. Аудандағы мекеме қызметкерлері және кәсіпкерлер арасында үнемі семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізуде, Басқармада Ашық есік күні өткізеді, 153 санитарлық бюллетендер мен дәрістер оқытылды, 231 әңгімелер өткізілді, 90 диктанттар мен сауалнамалар әзірленді. Қатысушыларға брошюралар мен парақшалар таратылды. Әр түрлі сайттарда 16 материал орналастырылды.

Алға  қойылған міндеттер:

  • Президент Жолдауындағы басымдықтардың бірі – Таза Қазақстан. Табиғи ресурстар монополиясымен бірлесіп жұмыстар атқару. Осыған байланысты, біздің алдымызда қоқысты заңдастырылған орындарға, атап айтқанда лицензиясы бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына, содан кейін оларды әрбір елді мекенде абаттандыруға қол жеткізу міндеті тұр.
  • Халықтың санитариялық эпидемиологиялық жағдайын жақсарту;
  • Инфекциялық аурулардың алдын алу;
  • «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кәсіпкерлер арасында тамақтан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • Халық арасында инфекциялық және инфекциялық емес аурулар туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту және тамақтан улануды болдырмау;
  • Денсаулық сақтау басқармасымен, білім беру бөлімімен халықтың санитариялық эпидемиологиялық салауаттылығын арттыруда бірлесіп жұмыстар атқару.
  • Мектептерде тамақтан улану жағдайларының жиіленуіне байланысты, оқушылардың тамақтану сапасын бақылау.

-Әңгімеңізге рахмет, Айгүл Жеңісқызы! Алдағы қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *