Балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа мүмкіндіктер: Жаңаарқа ауданында ойын және спорт алаңдары қолданысқа беріледі
2025 жылдың шілде айының соңына дейін Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ағымдағы айдың соңына дейін 6 балалар ойын алаңы мен 2 шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек.
Бұл нысандар өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада демалып, спортпен шұғылдануына жағдай жасайды. Алаңдар қазіргі заманғы талаптарға сай жобаланып, сапалы әрі экологиялық таза материалдармен жабдықталған. Ойын алаңдарында әткеншектер, сырғанақтар, құмсалғыштар және басқа да құрылғылар орнатылса, футбол алаңдары жасанды жабынмен төселіп, жарықтандыру және қоршау жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
Аталған жобалар – Жаңаарқа ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жергілікті билік тарапынан мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.