2025 — Жұмысшы мамандықтар жылы
Биылғы 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл — адал еңбектің, күн сайын маңдай терімен тіршілік етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға деген терең құрметтің айқын белгісі. Ел экономикасының берік іргетасын қалап, даму жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың мәртебесін көтеру — бүгінгі қоғамның басты мақсаттарының бірі.
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде білім, ғылым және технология салаларына ерекше көңіл бөлініп келсе, енді бұл үрдіс кәсіби-техникалық білім мен жұмысшы мамандықтарының жаңа деңгейге көтерілуімен жалғасуда. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын жаңғыртып, заманауи талаптарға сай кадрлар даярлауға баса мән беріп отыр. Бұл — болашақта елге қажетті, білікті де тәжірибелі мамандар санын арттырудың нақты кепілі.
Адал еңбек — әрдайым құрметке лайық. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, оларды қоғамда лайықты орынға қою — барша азаматтың ортақ парызы. Бұл жыл еңбек адамының елеулі еңбегін бағалаудың, олардың қоғамдағы орнын айқындаудың, жас ұрпақты кәсіби мамандықтарға баулудың ерекше мүмкіндігі болмақ.
Жаннұр Мусипова, Қызылжар кентінің тұрғыны