ОҢТАЙЛЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызды істің бірегейі әлеуметтік қолдау бағытына назар аударып, аутизм белгілері бар балаларға орталықтар ашу керек деген болатын. Президент тапсырмасы бүгінгі таңда Ұлытау облысында да жүзеге асуда.
Жақында «Ұлытау Мейірім» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен Жезқазған қаласында 18-35 жас аралығында 30 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығы ашылды. Аталған орталықты өңірімізге аса қажет екенін сезінген орталықтың басшысы Гүлжиһан Жұмашқызы ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын дейді.
Аталған орталық көпсалалы мамандар, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогтар мен білікті психологтар, тәлімгерлер, басқа да білікті қызметкерлермен толықтай қамтылған. Сондай-ақ, орталық тірек-қимыл, жүйке жүйесі аппараты мен медициналық, рухани өсу сияқты, әлеуметтік бейімделу, физикалық және педогогикалық қалпына келтірумен жүйелі жұмыс жасайды. Орталыққа жұмысқа орналасқан қызметкерлер осы сала бойынша арнайы білімі бар, конкурс талаптарынан өткен, заманауи медициналық техникаларды жетік меңгергендер. Олар озық үлгідегі оңалту құралдарын қолдану арқылы әр балаға ем-домын жасап, үнемі ізденіс үстінде.
Гүлжиһан Жұмашқызының айтуынша ел игілігіне қол ұшын созып, қолдауын көрсеткен Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқармасына және «Қазақстан халқына» қоры оңалту орталығына біршама қажетті жабдықтармен қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді. 3 қабаттан тұратын жаңа орталық мүгедектігі бар балалар үшін өте қолайлы. Барлық мүмкіндіктер толығымен жасалған. Басшының айтуынша алдағы уақытта облысқа қарасты шалғайдағы Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданында да осындай орталықтың филиалдарын ашу ниетте екенін айтты. Ал, көршілес Сәтбаев қаласы бойынша ата-аналардың келісімімен Жезқазған қаласындағы осы орталыққа қабылдауға қауқары жеткілікті дейді.
Қорыта айтқанда бұл орталықтың облысымыз үшін де, қаламыз үшін де маңызы өте зор. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Ізтөлеу ТҮСІПОВ
ҚР Журналистер Одағының мүшесі