Қазақстандықтар күткен өзгерістер
Сөзімді еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бірнеше негізгі бағыттарды қамтитын, елімізде саяси жаңғыру жалғасып жатқаныдығы туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде өткен кеңейтілген отырыста айтқан сөзімен бастағым келеді.
Өткен жылы сайлаушылардың 77 % референдумда ҚР Конституциясына енгізілген түзетулерге дауыс берді, сол арқылы ұсынылған өзгерістерді қолдады. Биылғы жылы Президент атап өткендей, саяси жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, саяси жүйені толық қайта іске қосу жүзеге асырылды.
Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықтырылды. «Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас өте маңызды. Қажет болса олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады» деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, саяси реформалардың басталғанының мысалы ретінде алғаш рет Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынғанын айта кету керек. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» концепциясы нақты жұмыс істей бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, Қазақстан геосаяси кеңістіктегі терең реформалар жүргізетін және дамудың жаңа трендін құратын санаулы елдердің бірі екенін атап өтті. Біздің еліміздегі саяси жаңғыру одан әрі жалғасады. 2023 жылы алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Нәтижесінде барлық билік институттары жаңа тәсілдермен жұмыс істейтін болады.
Осы өзгерістердің барлығы қазақстандықтардың тілектерін ескере отырып жасалды және Жаңа саяси реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту екені анық.
Азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты нарықтық экономикаға көшудің маңыздылығы артып отыр.
Мемлекет ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білетін «тың күштер» қажет. Әлеуметтік лифт деген ұғым бар. Бұл – кез келген бастамашыл және еңбекқор адам мансап сатысында және қоғамдық иерархияда сенімді түрде алға жылжи алатын жүйе. Осыған сәйкес біз кәсіпкерлер үшін тиімді жұмыс істейтін «экономикалық лифт» салуымыз керек. Сондықтан жүйелік іс-шаралардан басқа, аймақтық ауқымдағы ең табысты және адал кәсіпкерлерді көтеру маңызды. Олар жаңа, әділ экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы керек.
Зәмзагүл ОСПАНОВА,
қалалық мәслихат төрағасы.