Аудан өмірінің тынысы – әкім есебінде
Бүгін аудандық мәдени-сауық орталығында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Шубайұлы ҚОЖЫҚАЕВ аудан халқымен кездесу өткізді. Бұл басқосудың мақсаты – халықпен кездесу, ұсыныс-пікірлерді тыңдау, сұрақтарға жауап беру болды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Шубайұлы жиналғандарды ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсаттары жөнінде баяндап, оны слайд арқылы таныстырды.
Өткен 2022 жылы аудан тұрғындарымен 96 кездесу өткізіліп, кездесулерде барлығы 370 сұрақ көтеріліп, оның 221-і шешімін тауып, қалған сұрақ бақылауға алынған.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында 961 шаруа және фермерлік қожалықтары, 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив және 7 ауыл шаруашылық кооперативі жұмыс жасайды.
Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында аудан көлемінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Техникалар алу бойынша берілген тапсырма 45 бірлік, орындалысы 100,0 пайызды құрады. Жерлерді электрондық картаға енгізу жұмыстары жалғасуда.
2022 жылдың жер балансы бойынша Жаңаарқа ауданы жерлерінің жалпы ауданы: 6,234,781 га, оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 2,462,514 га, елді мекеннің жерлері – 313,368 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлер – 20,053 га,орман қорының жерлері – 21,643 га және су қорының жерлері – 7,155 га құрайды.
Құрылыс саласына келер болсақ, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айына құрылыс жұмыстары 21 млрд 331,7 мың теңгені құрады, 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,5% орындалды. Жалпы ауданда 20,400 ш.м. тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 110,2% немесе жоспарға 88,6% орындалды. Өткен жылы Жаңаарқа кентіндегі жаттығу залы бар жабық бассейннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудан орталығында 464 орынды жаңа мектеп-лицей қолданысқа берілді.
Аудан бойынша 2022 жылы 3 локалдық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңаарқа кентіндегі «Жаңа Нұр» қазандығын ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 31 347,04 мың теңге бөлінді. Жаңаарқа кентіндегі №1 қазандығын ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 15 347,04 мың теңге бөлді. Аудан бойынша барлық жылу желілері 16,30 шақырымды құрайды, оның ішінде былтырғы жылы жөндеу жұмыстары жасалғаны 481 метр. Аудан бойынша барлық су құбыр желілері 346,2 шақырымды құрайды. Былтырғы жылы оның 2,02 шақырымына 15 904,0 мың теңге қаражат бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы аудан бойынша 9 КТП орнатылды. Жаңаарқа кентіне-5, Түгіскен ауылына -2, С.Сейфуллин ауылына -1, Ақтау ауылына -1.
Бүгінгі күнге дейін аудандағы 63 кондоминимум нысандардың 13-не жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 10 үйі модернизациядан өтсе, 3 үй аудандық бюджет есебінен жөнделген. Айта кетсек, аудандық бюджет есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры жасалады. Бүгінгі күні «Біздің үй біздің жауапкершілігіміз» атты жобаға тұрғындар тарапынан қызығушылық бар. Сондай-ақ, А.Сейдімбек көшесіндегі 30 үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстары да жасалды. Аудан басында 95 көпқабатты үйлер бар.Солардың 95-і де орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды.
2022 жылы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қолдау шараларына барлық бағдарламалар бойынша 383 млн. 338 мың теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 86 млн. 834 мың теңге бөлініп, толық игерілді . Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес Жаңаарқа ауданының аз қамтылған отбасыларына 2022 жылға атаулы әлеуметтік көмек төлеміне республикалық бюджеттен 40 млн. теңге, жергілікті бюджетен-13 млн. 588 мың теңге, барлығы 54 млн. 303 мың 009 теңге бөлініп, 131 отбасына, оның ішінде 684 адамға, тағайындалып, толығымен төленді.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы бойынша, М.Жұмажанов атындағы ауылдық округте орналасқан «Қужал» кен орнының базасында бағалы металдар мен полиметаллдарды байыту өндірістік кешенін салу» жобасы қолға алынуда. Қазіргі кезде өндіріске лицензия алу үшін барлық қажетті сараптамалар өткізіліп, жобалық құжаттары дайындалуда. Өндірістік кешеннің құрылысын 2024 жылы бастау жоспарлануда. 2022 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субьектілері 3269 нысанды құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,6 пайызға өскен. 2022 жылғы 12 айда мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы – 1, 157,8 млн.теңгеге 145 жоба қолдау тапты. Әлеуметтік маңызы бар экономика салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерінің бизнес жобаларын жүзеге асыру мақсатында Ұлытау облысы әкімінің грантына ауданымыздың 121 жас кәсіпкер өтініш білдіріп, 15-сі жалпы құны 23 млн. теңгенің грантын ұтып алды. Сонымен қоса аудан әкімінің грантына 57 жас үміткерлер құжаттарын тапсырып, 12-сі жалпы құны 6,0 млн. теңге, әр жобаға 500 мың теңгеден грант ұтты.
Медицина саласы бойынша аудан тұрғындарына 1 орталық аудандық аурухана, 1 консультаттық диагностикалық бөлім, 3 селолық дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11-медициналық пункт қызметтер көрсетуде. Денсаулық сақтау саласында 345 медициналық қызметкерлер бар, оның ішінде: 45 дәрігер, 195 орташа медициналық қызметкерлер, 49 кіші медициналық қызметкерлер және техникалық қызметкерлер саны–56. Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасы былтырғы жылы «Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» болып өзгертілді. 2022 жылы хирург дәрігер, акушер-гинеколог дәрігер, ана мен бала денсаулығын сақтау саласының маманы, 4 жалпы тәжірибелі дәрігер келді. Сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Байдалы би және Бидайық ауылдық округтеріндегі фельдшерлік-акушерлік пунктерді жаңадан тұрғызылуда. Ал Ақтау, Қараағаш, Орынбай, Айнабұлақ ауылдық округтеріндегі медициналық нысандарды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп басқармаға ұсынылды.
Аудан бойынша 39 білім беру нысаны бар, оның ішінде 4-і бастауыш, 6-ы негізгі, 17-сі орта білім беру мектептері, №1 мектеп-лицейі, 8 балабақша, 1 оқушылар үйі, 1 музыкалық мектеп, 1 коррекциялық кабинет және Ғ.Жарылгапов атындағы аграрлық колледж жұмыс істеп тұр.
Оқушылардың бер мезгіл ыстық тамақ ішуі, алыс жерде тұратын оқушылардың тасымалы, олардың оқулықпен қамтылуы шешілген.
Спорт саласында да ауыз толтырып айтар істер көп. Өткен жыл ішінде аудандық, облыстық және республикалық 82 іс-шараға спортшылар қатысып, барлығы 8700 спортшыны қамтыды. Аудан құрамасы осы аталған жарыстарда 20 алтын, 32 күміс және 48 қола медалға ие болды. Кент орталығында 2 аула клубы жұмыс атқарады. Онда барлығы 50 қатысушы бар. Стол теннисі, қол күресі, гир көтеру, шахмат, дойбы, спорттық дайындық бағытында жаттығу жүреді.
Мәдениет саласына қарасты 39 мәдени нысан бар. Аудан орталығындағы 1 мәдени-сауық орталығы, 14 ауылдық клуб үйі, 1 “Зерде” бейнемобилі, О.Баубеков атындағы балалар саябағы, Тәуелсіздік саябағы, “Модуль” спорт кешені, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, жасөспірімдер кітапханасы, балалар кітапханасы және 17 ауылдық кітапхана қызмет атқарады. Осы жылы ауылдың мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда.
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес көзделген идикаторларға қол жеткізіліп, бағдарлама жүзеге асырылуда.
Баяндама соңында Қанат Шубайұлы алда тұрған ауқымды жұмыстар тізбесімен таныстырып өтті. Мәселен, Жаңаарқа кентінде төрт 48 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің және 36 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын бастау, аудан орталығындағы «Жаңа Нұр» ықшам ауданына кент басында орналасқан подстанциядан электр желісін тарту, ауданымызға қарасты елді мекендердің электр желілерін жаңарту, Ақтүбек және Орынбай ауылдарының су желісін қайта жабдықтау, Жаңаарқа кентінде темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір орнату, аудандағы тиісті жұмыстарды жүргізуге арнайы техникалар алу, аудан орталығына 3 ойын алаңын салу, сондай-ақ, Түгіскен, Талдыбұлақ, Ақтау ауылдық округтеріндегі және Жаңаарқа кентінің ішкі жолдарын орташа жөндеу, Қызылжар кентіндегі төрт пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жасау, аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына және медициналық қызметкерлерге қаражат бөлуді көздеп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, 2023 жылға «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ынтымақ, Ералиев, Ынталы, Атасу ауылдары мен Ақтайлақ елді мекенінің ішкі жолдарын орташа жөндеуден өтетін болады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Қожықаев Қанат тұрғындар тарапынан қандай да бір ұсыныс-пікірлер, сұрақтар болса тыңдауға дайын екенін және жеке қабылдау жүргізілетінін ескертті. Себебі, әр адамның өтініш-тілегі бойынша жұмыс жоспары түзіліп, алда жасалар шаруалар нақтыланады.
Өз тілшімізден.