Көктемгі су тасқыны: аймақтағы ахуал
Қыс мезгілі аяғына жетіп, көктемнің жылымық күндері басталар уақытына аз қалды. Тіршілікке жан бітіп, Жер-Ана ұйқысынан оянар шақ барлығымызға жағымды екеніні шындық. Бірақ бұл кезеңге ықтиятты дайындалмаса, адамдарды дүрбелеңге салар тұсы тағы бар. Ауа райының лезде жылығанына байланысты қар мен мұз еріп, жерге сіңіп үлгермей су басу қаупі туындайды. Яғни, бұл кезең төтенше жағдай бөлімі қызметкерлерінің жұмысына аса жауаптылықты қажет етеді.
Осы орайда, аудандық мәжіліс залында Жаңаарқа аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен жиналыс өткізілді. Жиналысты жүргізген аудан әкімінің орынбасары Елеусізов Айқын Қылышұлы Ұлытау облысының ТЖД жедел құтқару қызметінің бастығы Қапизов Қайрат Базарбайұлын, Ұлытау облысының ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Кажкенов Дидар Сәкенұлын таныстырды. Жиынға осы салаға жауапты мекеме басшылары да қатысты.
Жаңаарқа аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Қазбеков Арман Қазбекұлы жасаған баяндамасында су қаупін алдын алуға байланысты атқарылған іс шаралар, оқу жаттығу жұмыстары, хабардар ету жүйесі, тұрмыстық өрттің алдын алу жөнінде айтылды.
Келесі кезекте сөз алған Дидар Сәкенұлы белгіленген жоспарларға тоқталып, алдағы уақытта облыс бойынша екі штаб құрылса, оның бірі Жезқазған қаласында болса, енді бірі Жаңаарқа ауданының әкімшілігінде құралатынын жеткізді. Штаб құрамында құзіретті органдар болуы тиіс.
Жиынды түйіндеген Айқын Қылышұлы су басу қаупінің алдын алу үшін әзірлікті нығайтып, қандай жағдайға да сақадай сай болу керектігін тапсырды.
Өз тілшімізден.