Тағдырластардың табысуы

Осы жылдың 3-4 қыркүйек күндерінде Жамбыл облысының Сарысу ауданынан құрамында жиырма бес адамы бар делегация Түгіскен ауылына қонақ болып келді. Тарихтан белгілі Сарысу ауданы 1928 жылы Сырдария өлкесіне қарап құрылған көшпелі және жартылай көшпелі Созақ, Сарысу, Шу, Қызылқұм төрт ауданның бірі. Бұл аудандарды құру туралы жарлыққа қол қойған Қазақ АССР –інің сол кездегі төрағасы Нығмет Нұрмақов болған. Бастапқы құрылғанда халқының саны 18 мың адам, жер көлемі 1 млн. 600 000 гектар. Сарысу ауданы көшпелі негізде ұйымдастырылуына байланысты жазғы және қысқы болып екі орталығы болған. Жаздағы орталығы қазіргі Түгіскен жерінде Ақкеңсе болса, қыстағы орталығы қазіргі Сарысу ауданының Шығанақ ауылына таяу Өксікбай байдың ағаш үйінде (Кеңтарылда) болған.


Аудан халқы жеті болыстан құрылған. Олар: Қарақыз, Шу, Мұңлы, Шонай-Шот, Сарыкөл, Қосағалы, Қойтас-Сораң болыстары. Болыстықты басқарғандар Қарақызды-Әліп, Алшын балалары Отыншы Бекұлы. Шу болысын -Жағалбайлы Арғынбай балалары Өксікбай, Қақу. Мұңлы болысын- Исатай, Сарыбас, Жантөре. Шонай болысын- Шажа, Кеңкөз баласы Ақберген. Қосағалы болысын- Бапақ балалары Ібжан, Мақажан, Көзей Сүйіндіктің Әлісі басқарды. Қойтас-Сораң болысын-Тарақты Кеншім, Мәдібек Қанапия басқарды.
Арқа мен Шу аралығында белгілі “Жібек жолы” көш жолы болған. Бірінші Қарақыздан Шуға дейінгі жол “Уанас жолы” аталып, Телікөл, Қопа, Шу Сырдарияға құлады. Екінші “Жөгі жолы”, “Қазықты жолы” Мұңлыдан Шу өзені Кентаралыға жетті. Үшінші “Шұбыртпалы-Тарақты жолы“ Шу бойындағы Ұланбелге, Шу станциясы орналасқан жерге барды.
Аудан құрылған алғашқы жылы елдің ірі байларының мал-мүлкі тәркіленді. Олар Арғынбай балалары Өксікбай, Қақу, Қожатай балалары Әуесбек, Иманбек, Ноғайлы Түсіп, Шажа Кенкөздің Ақбергені, атақты қобызшы Ықылыстың Түсіпбегі, Жабал Жәнбектің Төленбегі еді.
Егін егуді білмейтін, сауда жасап көрмеген ел күйзелді. Күз түсіп, суық ауада елді қинады. Ашаршылық белгі берді. Бұрын Оңтүстікті қыстап үйренген ел жылы жақ деп Шуға қарай шұбырды. Шұбыруға мәжбүр болып, шұбырыншылық басталды. Жаяу жалпы жұрт Бетпақтың жолында аштықтан аурудан қырыла бастады. Аштық пен аурудан қырылғындардың көптігінен Шу мен Сарысу арасындағы Бетпақта Көзей қырылған, Молдас қырылған, Төлептер моласы деген орындар пайда болды, бұл сол қырғынның ескерткіштері. Бұл туралы деректерді Рақымжан Отарбаевтың, Дүкенбай Досжановтың еңбектерінен, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тама көшкен» поэмасынан оқуға болады. Аштықтан аман қалған Сарысу ауданының халқының саны Түгіскенде тірі қалғандарын қосып есептегенде 1934 жылғы санақта үш жарым -төрт мындай адам екен.
1940 жылдары Ақмола, Қарағанды, Жезқазған жерлерінде әйгілі “Алжир”, “Карлаг”, “Степлаг”- дейтін абақтылар пайда болып, ондағы тұтқындар шахталарда істеді. Лагерьде қой сиыр бақты. Соғыс кезіндегі азық пен мал басына жем шөптің тапшылығынан адам да мал да қырыла бастады. Лагерьдің көреген бір басшысы (атын ұмыттым) Бетпақ далаға малды өз аяғымен бағуды әңгіме етеді. Тұтқында отырған Темешәлі Барболов пен сөйлеседі. Бетпақ далының табиғатын түсінген басшы ақыры Темешәліге осы жағдай туралы И.В.Сталинге Бетпақ даланың тиімділігін айтып хат жаздырады. Нәтижесінде ауылшаруашылық министрлігімен ішкі істер министрлігінен бригада шығып, хатта көрсетеліген жерлердің тиімділігіне көздері жетеді. Бетпақ дала жайылымын пайдаланған лагерь малы 1943-1945 жылы мемлекетке көп пайда береді.
Бұл жағдайдан Сарысулық ағайындар хабардар болады. Бетпақдала арқылы Арқа төсіндегі жасыл жайлауға малымызды жайсақ деп армандайтын тілектерін кімге айтарын білмей дағдаратын. 1947 жылы Сарысу ауданына Қазақ ССР министр кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов арнайы сапармен келеді. Мақсаты аудан шаруашылығымен танысу, халықтың тұрмысын көру, әлеуметтік жағдайын білу болатын. Жергілікті адамдардың, аудан, облыс басшыларының сөзін тыңдап, Нұртас Ондасынов тағы кімнің әңгімесі-тілегі бар деп сұрайды. Аудан басшысы Шәбдан Байбатшаев:- ауданымыздың халқы 1928 -1932 жылдары Арқадан Шуға аш-жалаңаш шұбырып жеткен. Ашаршылық пен азаптың неше атасын көрген. Зиялылары 1937 жылы халық жауы болып жазаланған. Жаңа жетіліп бойын тіктей бастағандарын 1941-1945 жылғы соғысқа алған. Өлгендері өліп, тірі қалғандары жараланып, мүгедек болып оралаған. Қазіргі жастарымыз солардың ұрпағы. Елімізде сауатты адамдар жоқ десекте болады. Талапты жастарымызды Алматының жоғарғы оқу орындарына, Шымкенттегі мамандық беретін мектептерге оқуға мүмкіндік етсеңіз деп тілек білдіреді. Сол кездегі аудандық ауылшаруашылығын басқарған Болатбек Кәреев ауданда мал басының өсіп келе жатқанын айтып, келешекте мал жайылымының таршылық ететінін тілге тиек етеді. Өзінің Арқада туған азамат екенін айтып, Арқа жерінің ой шұңқырын білетін, жайлау мәселесіне Қарағанды облысының басшыларынан мүмкіндік жасаттыруды айтады. Нұртас Оңдасынов Кәреевтың ұсынысын дұрыс деген басшы жайлау мәселесін шешуді өз мойнына алады.

 


Көші қон мәселесі шешілетін сыңай танытқан соң Арқаның жерін көруге өздерінің бұрыңғы мекендеріне Болатбек Кәртаев бастаған топ сапарға шығады. Құрамында ДосжанКенжебаев, (Маябас) Оспан Қабанбаев, Жамбылбек түсіпбеков, Дастан Спатаев, Тәжей Жанасов, Арқадан Досжан Тәжібаев, Ақмолда Дәуренбеков, ақын Бұралқы Құдайбергенов, Омарәлі Қалжанов қосылып Арқаның Қызылша, Қараша, Мұңлы-Қулы, Бестау, Айнабұлақ, Бейсен қара суы, тұма бұлақтарының жарамдылықтарын анықтайды. Ата баба қорымдары Күзек, Бөгөл, Болат, Құдабай, Ерубай зираттарына тағзым етіп, құран бағыштап, сапарлары сәтті аяқталады.
1947 жылдан кейін Сарысу аудандарының совхоздары Арқа жеріне келіп, жаз жайлады. Жайлаукөл, Ұланбел шаруашылықтары Арқада көктемгі- күзгі қырқын пунктерін, сауда орталықтары салды. Бұрыннан ағайын ел ен даладан шөп шауып, Шу жағасындағы қыстақатарына үйіп алып жатты. Төскейде малы қосылған ел төсекте бастары қосылып, құда-жекжатта болғандары да баршылық. Шу мен Сарысу арасындағы байланыс 1990 жылдарға дейін жалғасқан еді. Жекешелендіру саясаты ма бұл күнде көш-керуен тоқталған. Облыстың ауылшаруашылығын басқарған Сейфулла Қожақанов, «Коммунар» савхозының директоры Иген Нұрмақановтың тұсында көші-қон мәселесіне көп көмек бөлінгені мен керуен тоқатады. Қыркүйектің басында Қайрат Аманов бастап Түгіскенге келген делегация қуаныш отын жаққандай болды.
Сарысудан келген делегецияны Түгіскен ауылының әкімі Саят Сәлкебаев, Сарысу ауданынан келген қонақты қарсы алуға көрнекті көмек көрсеткен Омарәлі Қалжанов, Шора Сейіловтың ұрпақтары Жанболат Өмірәлин, Сөкең Балдаев делегацияны тік тұрып қарсы алды. Келген қонақтар ауыл мешітіне тоқтады. Жуынып-шайынып болған соң, өздерімен әкелген ас- ауқаттарынан дастархан жайып, ата-бабаларына арнап құран оқытты. Делагация құрамы кілең жастар екен. Жергілікті жастармен шұрқырасып табысып жатты. Келесі күні қауышудың мәні мен мазмұны тіпті ерекше болды. Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаев Сарысу ауданынан төркіндеп келген Қайрат Асановты құшағына алып, бетінен сүйіп қарсы алды. Бұл көрініске куә болған жастардың көздеріне жас алғандары да болды. Түстен кейін қонақтарды ежелгі -қоныс қорымдарын аралатып, жастарға таныстырды. Кешкілік Көпбайдың Қайраты тай сойып, аста-төк қонақ асын берді. Қонақтар құрметке тойып, қанағаттанды. Сөз соңында Қайрат Аманов алда өтетін Сарысу ауданының 95 жылдық мерейтойына жаңаарқалықтарды құрметті қонақ болып келіңіздер- деп шақырды. Жастармен кездескен тағдырластардың табысуы, танысуы өзінің мәресіне жетіп, көпшілік қоштасып тарасты.
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов мырзаның өзі келгенде әңгіме басқаша өрбіген болар еді. Мүмкін қызмет–жұмыс жағдайының қисыны келмеген болар, кінә тағу бізде жоқ. Сарысу аудандық газетінің редакторымен де мазмұнды сөйлесе алмауымыз өкіндіргені рас.


Етек–жеңі кең ұлы жүздіктердің аз ғана кіші жүз халқына қамқорлықпен қарағанына айтар алғысымыз мол. Елге үлкен рахмет. Осы кездесу күні белгіленгендей бұл жүздесуге үлкен жәрдем берген Сарысулық қарт Алтын Досжановаға да айтар алғысымызда шексіз. Тарихты жаңғыртып, табысып жатқан көпшіліктің көкейіндегі қуаныш сейілмесе екен деймін.
Міне, алда Сарысу ауданының мерейтойы. Жаңаарқалықтарға сәтті сапар болсын деген ниеттемін.

Жақсыбай Сүлейменұлы,
қарт ұстаз, этнограф, Түгіскен ауылының тұрғыны,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *