Қызға қырық үйден тыйым

  Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің ішкі істер министрлігі еліміздегі жезөкшелердің санын ресми түрде жариялады. Құқық қорғау мекемелерінің есебіне алынған жеңіл жүрістілердің саны сол кезде төрт мыңды құраған болатын. Сол мәлімдемеден кейін құзырлы органдар бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ. Десе де, бейресми деректер, шет елдерден келетін «гастролерлерді» қоспағанда, Қазақстандағы жезөкшелер санының он мыңнан асатынын айтады. Көлеңке артындағы жағдайлар азғындық өз алдына, ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар санының артуына да ықпал етіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мына бір мәліметінде, өткен жылдың бірінші жартысының өзінде елімізде аталған инфекциямен тіркелгендердің саны 1430-ды құраған. Және мамандар аурудың көбеюіне көп жағдайда көрінгенмен төсек қатынасына түсе кетудің себеп болып отырғанын алға тартуда. Заң дейміз, басқа дейміз, біздіңше қоғамның бүгінде осынша деңгейге дейін құлдырауына сіз бен біздің, яғни, жеке өзіміздің босбелбеулігіміз тікелей кінәлі. «Қызға қырық үйден тыйым», «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген мақалдарымыз әдірем қалған бүгінгі заманда ұл мен қызды үйдегі ата-ана емес, инстаграмм мен «ВКонтакте» тәрбиелейтін жағдайға жеттік. Әуретті жерлерін әр түрлі ракурста суретке бір, видеоға бір түсірумен уақытын өткізіп жүрген Байзақовалар мен Қалиевалар қазір біздің жастарымыз үшін белгілі бір деңгейде идеалға айналып барады. Осылай жалғаса берсе, желідегі ұятсыз видеоларына жинаған лайк санын анасына айтып мақтанатын қыздардың жаңа толқынының қалыптасып шыға келуі де ғажап емес. Ұлдан намыс, қыздан ұят кетіп бара жатқан шақта ұлт болып ойласатын жайттар да аз емес.Мына бір грозныйлық шешеннің әңгімесі әр қазақтың көкейінде жүрсе ғой, шіркін… «Астана – Атырау» бағытындағы пойызда сапарлас болған шешен жігіті қыз тәрбиесі туралы көп айтты. «Шешен басқа ұлттан қыз алады. Бірақ, басқа ұлтқа қызын бермейді. Басқаға қызымызды берсек, қанымыз бұзылады. Басқадан қыз алсақ, шешеннің саны көбейеді. Біздің ұлтымыз ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Ұлдың қылмысын халықтың соты қарайды. Дала заңы қандай үкім кессе де, ешкім қарсы болмайды. Ал, бейәдеп әрекетімен көзге түскен қыз әкесіне иә ағасының қолына беріледі. Шешен ұлтының намысына күйе жаққан қыз өз туғандарының қолымен халық алдында жазаланады» деген еді шешен жолаушы. Біреу қолдар, біреу даттар, бірақ, ар соты деген институт біздің қоғамға бәрібір керек ақ…
Баян Жанұзақова, «Жас қазақ» АА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *