Егемендігіміз еңселі болғай!
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы жарияланды.
Осылайша Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі заңнама тұрғысынан рәсімделді. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады. Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуелсіздігін алды.
Тәуелсіздік бұл ата-бабаларымыздың аңсар арманы болған, даналарымыздың үзілмес үміті болған, Алаш ардақтыларының осы жолда жаны пида болған қастерлі де қасиетті ұғым! Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен жауапкершілік. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде шынайы тыныштық орната алады. Мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Бұл қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі. Ал біз үшін Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан алынған төмендегі үзіндіге назар аударсақ. Онда: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», -деп жазылған. Егер біз Президентіміз айтқандай жан-жақты дамыған мінсіз қоғамда өмір сүруді қаласақ, ең бірінші кезекте «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген көзқарастан айырылып, «Біз тәуелсіздікке не бердік?» деген сұрақ төңірегінде және сол бағытта еңбек етуге дағдылануымыз керек.
Қазір халық арасында көтеріліп жатқан мәселелерге, кейбір тұлға немесе топтардың талапқалауларына қарап та, еліміздің отыз жылда қаншалықты деңгейде дамығанын аңғаруға болады. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жыл-дарында, негізінен, күнделікті тұрмысқа қатысты, жұмыс орындарын сақтап қалу немесе қысқартуларға жол бермеу, айлық-жалақылар мен басқа да төлемдердің уақтылы берілмеуі, кейбір өнімдердің тапшылығы туралы мәселелер көтерілген болса,соңғы жылдарда мемлекет қауіпсіздігін сақтау, адам құқықтарын қорғау, халыққа қызмет көрсетуорындарының сапасын көтеру, жалақы, зейнетақы, шәкіртақыларды көбейту, демография, экология, сөз бостандығы, саламатты өмір салтын қалыптастыру және сол сияқты көптеген маңыздылығы орасан мәселенің өзектілігі артуда. Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ мәселесіне назар аударып, елімізде жастардың оқып, білім алуына, еңбек етуіне кең мүмкіндіктер жасалуда. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар санының, шәкіртақылар көлемінің өсіп жатқаны, жастардың тиісті қызмет етуіне, спортпен шұғылдануына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған әртүрлі бағдарламалардың қабылдануы содан дерек береді.
Соңғы екі жылда бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індеттің кесірінен көптеген саланың даму қарқыны бұрынғы жылдармен салыстырғанда белгілі деңгейде баяулап қалды. Мұндай ахуал тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінің барлық мемлекетінде байқалуда. Сондықтан, уақытша туындап жатқан проблемаларға түсіністікпен қарап, оларды ынтымақтастықта шешудің жолдарын іздестіргеніміз ақылға қонымды. Сөйткенде ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз.
Қазір біздің қолымызда ізгі арман жолында жүруімізге жігерлендіретін, медет болатын, күш-қуат беретін ең асыл құндылық бар. Ол – Тәуелсіздік! Осы күнге дейін біз сол тәуелсіздіктің қадірін біліп, оған залал келтіретін кез келген қауіп-қатерге достығымызбен, бірлігімізбен тойтарыс беріп келдік. Бұдан кейін де солай болатынына сенімдіміз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, егемендігіміз еңселі болсын!
Гүлхан Алпысова,
Оқушылар үйінің ұстазы