Заң мен тәртіп. ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС — ОРТАҚ МІНДЕТ
Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет болып жарияланғанына отыз жылдан асты. Осы жылдардың ішінде еліміз әлем саханасы төрінде беделді орынға ие болып, көптеген жетістіктерге қол жеткізгені мәлім. Бұл жетістіктердің бірі — адам құқығы мен бостандықтарын бірінші орынға қойып, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алуға қатысты. Оған дәлел, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заңымыздың 1 бабында: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” делінген. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда даму, өркендеу процесі берік орын алды. Елімізде жылма-жыл алға өрлеушілік, дүниежүзілік деңгейге көтерілуге қадам басқандық айқын көрініс беруде. Мемлекетіміздің құқықтық негізі берік орын алды. Осы аз уақыт ішінде Қазақстан Республикасында көптеген кодекстер – қылмыстық, қылмыстық-атқару, азаматтық, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік және т.б. қабылданды. Осындай заңдылық нормалардың қабылдануы құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмыстық құбылыстармен пәрменді күрес жүргізуге құқықтық негіз жасап берді. Мемлекетімізде орын алып жатқан оңды жетістіктерімізбен бірге қоғамның одан әрі серпінді дамуына кедергі келтіріп жатқан теріс құбылыстар да бар. Сондай қоғамға жат құбылыстардың бірі – қылмыстылық.
Құқықтық мемлекет құру барысында заң режимін құру, қылмыстылықты болдырмау, алдын алу негізгі мәселе болып табылады. Қылмыстылықты зерттеу қылмыстық құқықтық саясатты жүзеге асыру үшін керек. Криминалогиялық зерттеу бойынша жасалып жатқан қылмыстармен, статистикалық санақ жүргізетін органдардағы мәлеметтер арасында үлкен айырмашылықтар бар. Жасырын қылмыстылық біздің өмірде шын орын алып отырған қылмыстар, оның құрылымы динамикасы, жекелеген қылмыс түрлерінің даму тенденциясы, келтірілген шығынның мөлшері туралы қате мәлімет береді. Жасырын қылмыстылық қылмыстың алдын алуға байланысты таңдалған стратегиялар мен қойылған тактикаларға кері әсерін тигізеді және ресустардың дұрыс қолданылмауына алып келеді. Жасырын қылмыстылық жай қылмыстылық сияқты мемлекеттің экономикасының дамуына сыртқы экономикалық қатынастардың дамуына және шетел инвестициясының келуіне кері әсерін тигізеді. Қоғам өміріндегі ең маңызды мәселердің бірі экономикалық даму кезіндегі қауіптің көзі қылмыстылық болып отыр, себебі қылмыстың тұрақты түрде өсуі, ауыр және аса ауыр қылмыстардың көбеюі, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықтың өсуі көрініс тауып отыр. Мұндай жағдай құқық қорғау органдары тарапынан қылмысқы бағытталған іс-әрекеттің қадағалауын қамтамасыз етуіне әкеліп соқтырып отыр.
Сондықтан, жергілікті мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасында құқықтық тәртіпті сақтай отырып, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қылмыспен тиімді күресу және халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда құқық тәртібі мен қауіпсіздік мәселелері ерекше назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша полиция азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған қызметтің сервистік үлгісіне көшуде.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, өңірлерде жоспарлы түрде бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік саласына жаңа цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізіліп жатыр.
janaarkagazeti@akparat