Ғасыр дертіне айналған індет

Соңғы жылдары өрши түскен криминогендік жағдай елдегі қылмыстылықтың күрт өсуіне және оның әлеуметтік қауіптілігінің жоғарлауына себепші болып отыр. Қылмыстың көбейе түсуінің бір ұштығы жезөкшелікте жатыр.
Ежелгі қазақ қоғамында жезөкшелік құбылысы болған емес, қазақтың ескі әдет-ғұрып заңдары жезөкшелікке жол бермеген. Бүгінгі таңда бұл құбылыс елімізде кең етек алып жатыр және үлкен бизнес құралына айналған.
Жезөкшелік – қоғамның дертіне айналғалы қашан. Өкінішке қарай құқық қорғау органдары тарапынан бұған қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп жатса да, жаман кәсіпті нәсіпке айналдырғандар айылын жияр емес. Жұмыссыздықты, заманның қиындығын желеу еткен шөпжелкелер көшені жаулап алды. Ар, абыройды аяққа таптап, намыс нан бола ма деуді арланбай айтатындар да солар. Қоғамның жазылмас жарасына айналған бұл дерт жыл өткен сайын жайлап барады. Шошытатыны осы. Дабыл қағамыз. Даурығамыз. Бірақ, нәтиже жоқ. Қазір Қазақстанда тәнін сатып «күн көріп» жүрген төменетектілердің саны қанша, олардың арасындағы қаракөздердің үлесі қандай? Бұл сауалға  жауап беретін жан жоқ. Белгілісі, әйтеуір олар көп. Бір анықталғаны, жезөкшелік жолға түсіп кеткен қыздардың біразы тәрбиелі отбасында дүниеге келген. Олар бұндай теріс іске қалай тап болғандарын өздері де аңғармай қалған көрінеді. Кейбіреуі жарнамалық басылымдағы хабарландыруға алданып, жұмыс іздеу мақсатымен әлдеқандай мекемеге барып, қолға түскен.
Ал енді біреулерін зорлық жолмен ұстап алған. Жеңгетайдың қарамағындағы қыздар көбіне күніне орташа есеппен алғанда 10-15 мың теңге табыс тауып отырыпты. Алайда ол ақшаның көбісін иелері иемденген. Келген клиентке жөндеп қызмет көрсетпегендерді еңгетайлар ұрып-соғып, жәбір көрсеткен жайлардың арнаулы тергеу орындарында тіркелгені туралы деректерді де кездестіруге болады. Әлі де ашылмаған қылмыстық топ қаншама десеңізші! Қор болып, тағдырлары тәлкекке ұшыраған қыздар қаншама?! Міне, осындай келеңсіздіктер елімізде кеңінен етек алуда. Әлемдегі жезөкшелікпен күреске назар аударсақ, көп елдерде бұған әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген. Қытайда жезөкшелікпен күресу туралы арнайы Заң бар. Көптеген дамыған, дамушы елдер осы бағытта Заң актілеріне тиісті өзгерістер енгізген.
Қорытындылай келе, жезөкшелікпен күрес бүкілхалықтық, әрі мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан бұл бағытта кешенді бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы мөлшері бөліну керек-ақ. Жезөкшелікке қарсы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар жезөкшеліктен пайда болатын түрлі аурулардың алдын алу тәрізді медициналық шаралар да ұйымдасқан түрде жүргізілуі тиіс. «Қызға қырық үйден тыйым салу» тәрізді халық педагогикасын қайта жандандырудың қажеттілігі байқалады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *