5 қазан — Ұстаздар күні. Дене тәрбиесі мен спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі


Еліміздің болашағы, өркениетті елдердің қатарында тізе тірестіре тұруы мен бәсекеге қабілетті болуы бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуден басталады. Сол ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалаушы қауымның бірі –мұғалімдер. Әлемдік озық тәжірибелерге негізделген оқытудың жаңа түрін дамыту, әр оқушының табиғи қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдайлар жасау қазіргі таңдағы мұғалімге беріліп отырған тапсырма іспеттес. Білім мазмұны жаңартылуда, жаңа перспективалар, оқытудың жаңа технологиялары пайда болуда. Қарқынды даму үдерісін бастан кешіріп жатқан мұғалімдер мен оқушылар үшін басты ұстаным –неғұрлым көбірек дағдыларды игеру. Осындай жаңашылық пен жаңалықтар барысында ақыл-оймен қатар дене мүмкіндіктерінің дамуы маңызды екендігін естен шығармаған жөн. Яғни, денсаулығы зор, дене мүмкіндіктері жоғары нәтиже көрсететін адам ғана кез-келген қиындықтарды өткеретіндігі хақ. Осы орайда мектептегі басқа да білім беру пәндерімен қатар дене шынықтыру пәнінің де алар орыны бар.
«Денсаулық болса, бәрі болады, бұл – бірінші байлық», дейміз. Бірақ баласының дені сау болғанда ғана кез келген қиын пәнді игеріп кете алатынын біле тұра денесін шынықтыратын негіз¬¬гі пәнге немқұрайлы қарай¬тын ата-ана көп. Оған қоса өзінің пікі¬рі¬мен, ұстанымымен баланың да пәнге деген теріс көзқарасын қалып¬тас¬тыруға ықпал ететіндер де бар. Ал дене¬шынықтыру пәніне атүсті қарау – баланыңденсаулығына, түптеп келгенде өміріне немқұрайды қарау деген сөз ғой…
Жалпы дене шынықтыру пәнінің мәні мен маңызы, басқа пәндерден өзгешелігі жайында Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асылан Серікұлы Қасымнан сұрап білдік.
Асылан Серікұлы 1996 жылы Қаражал қаласында өмірге келген. Орта мектепті 2013 жылы осы аудан басындағы С.Сейфуллин атындағы мектептен бітіреді. Осы жылы Қарағандыдағы Е.А.Бөкетов атындағы университетке оқуға түсіп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білімін жалғастырады. 2018 жылдан бастап өзі білім алған С.Сейфуллин атындағы мектепке мұғалім болып еңбек жолын бастайды.
Асылан мырза, сізді біріншіден алда келе жатқан Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Әңгімемізді дене шынықтыру пәнінің мәні мен маңызынан бастасақ.
-Дене тәрбиесінің басты мақсаты – күш-қуаты мықты, жан-тәні сау, елімізді қорғауға әзір, шығармашылық жұмыстарға құштар, жан-жақты дене шынықтыру дайындығынан өткен азаматтарды тәрбиелеу. Бұл мақсат келесі міндеттерге негізделеді: білім беру міндеттері – қимылдың ептілігі мен дағдысын меңгеру және дене шынықтыру көлемінде арнайы білім беру; сауықтыру міндеттері – дене тәрбиесі жаттығулары көмегімен денсаулықты күшейту; тәрбиелік міндеттер – адамгершілік, жігерлілік қасиеттерді қалыптастыру, өнегелік көркемдік танымдарды үйрету.
Дене шынықтыру тәрбиесі дегеніміз — адам денсаулығын сақтау мен нығайту және дененің дұрыс дамып қалыптасуына жеткізу. Дене шынықтыру тәрбиесінін мақсаты — салауатты өмір сүру негіздерін білу және ұстану, өз еркімен дене шынықтыру және спортпен шұғылдану дағдыларын қалыптастыру.
Дене тәрбиесі мен спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Дене шынықтыру – адамның денсаулығын нығайтуға және дене қабілеттерін дамытуға бағытталған іс-әрекеті. Ол денені үйлесімді дамытады және көптеген жылдар бойы тамаша физикалық жағдайды сақтайды. Дене тәрбиесі – адамның жалпы мәдениетінің бөлігі, сонымен бірге қоғам мәдениетінің бөлігі және адамның дене және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту үшін қоғам қолданатын құндылықтардың, білімдердің және нормалардың жиынтығы.
-Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға дене шынықтыру пәнінің өзгешелігі бар ма?
-Емдік дене шынықтыру (ЕДШ) — бұл емдеу денсаулығын неғұрлым жылдам және толық қалпына келтіру мен аурудың асқынуын алдын алу мақсатында пайдаланылатын дене шынықтыру құралдарының әдісі. ЕДШ әдетте регламенттелген тәртіп аясында басқа да терапевтикалық құралдарымен бір үйлестікте пайдаланылады. ЕДШ емдік дене шынықтырудың қолданыстағы факторы тітіркендіргіш тұрақтандыру ретінде қолданылатын науқасты оңалту және емдеу мақсатында арнайы ұйымдастырылған физикалық жаттығулар яғни қозғалыс болып табылады.
Біздің мектептегі ЕДШ қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған. Әр баланың ерекшелігіне қарай, сабақ жоспары жасалады. Сондай-ақ, белсенді дене шынықтыру пәні де жүргізіледі.
-Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қандай болу керек?
-Педагог баланың психофизиологиялық даму ерекшеліктерін ескере отырып, оның мүмкіндіктеріне сүйене отырып, қимыл әрекеттерді үйрету барысында оның алдына біртіндеп жаңа қимыл тапсырмалар қояды.
Жаңаны меңгеру балалардан белгілі бір физикалық және психикалық күш-жігерді, қиындықты жеңе білуді, жинақылықты, мұқияттылықты, ой нақтылығы мен белсенділігін, зейінді дамытуды талап етеді: эмоционалдық, егер оқыту үрдісі қызығушылық туғызса және балалардың көңіл күйіне оң әсер беретін болса; бейнелі – қимыл-қозғалыстың көрнекі үлгісін қабылдау және жаттығу орындау кезінде; сөз-логикалық – тапсырманы ұғыну және жаттығудың барлық элементтерінің орындалу ретін, қимыл ойында мазмұны мен әрекетті есте сақтау және оларды өздігінен орындау кезінде; қимыл-қозғалыс – жаттығуды балалардың өзінің практикалық орындауына байланысты; ерікті, онсыз жаттығуды түйсіне, өздігінен орындау мүмкін емес. Физикалық әлеуетті дамыту әлеуметтік құзыреттіліктің дамуымен, баланың адамгершілік сана-сезімінің қалыптасуымен, оның толеранттылық, кеңпейілділік және өзара көмек көрсету, мақсатқа ұмтылу, адалдық секілді адамгершілік қасиеттерінің дамуымен тығыз байланысты.
Мұғалімнің өзін-өзі дамытуы сәттіліктің кепілі. Бүгінде болып жатқан ақылы-ақысыз курстар, кәсіби іс-шаралар, вебинарлардың берері көп.
Дене шынықтырудағы белсенділік оқушыға рахат әкелу керек. Қорыта келе, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жан-жақты, білімі терең, рухани және физикалық тұрғыда толық қалыптасқан тұлға болуы керек деп есептеймін.

-Өз пәніңіз бойынша жетістікке жеткен, есімін мақтанышпен айтатын шәкірттеріңіз бар ма?
-Әрине! Тікелей «Самұрық Қазына» қоры қолдайтын Ұлытау облысы бойынша “Тең мүмкіндіктер әлемі” жобасы аясында жалғыз Бочча үйірмесі біздің мектепте жұмыс жасайды. Республикалық жарыстарда жүлделі орындар алып жүрген үйірменің қатысушылары Жауқазын Нұрбекқызы, Серік Рамазан, Мадина Сағындық, Ақпейіл Қаппарова, Жұмкен Әрсен, Серік Арлан, Төлеш Ербол, Мақсұт Мақсат, Құрманәлі Нұрдәулет, Әмірхан Нұрланұлы, Ермекбай Фатима секілді балаларды мақтанышпен айта аламын.
-Өз пәніңізге оқушыларыңызды қызықтыратын әдістеріңіз бар ма?

— Кез келген пәнге оң көз¬қарас¬ты қалыптастыру – сол пән¬нен сабақ беретін мұғалімнің қолын¬да. Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, кере¬мет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады. Ең қиын пән денешынықтыру саба¬ғы дер едім. Себебі бұл жерде ба¬ланың өмірі, денсаулығы бірін¬ші орында тұр. Шебер педагог кез келген жағдайда білім бере алады.
Менің пәнімде оқушы бос отырмайды. Футбол ойнағысы келмесе, дойбы-шахмат беремін. Оған қызықпаса, түрлі жаттығулар жасатамын. Алдыма келген бала ойы үшін де, бойы үшін де пайдалы дүние алса, ол менің мақсатыма жеткенім.

P.S. Газет беттеліп жатқанда Республикалық “Жұлдызай” спартакиадасында Бочча ойынынан Асылан мұғалімнің оқушылары Серік Рамазан мен Аружан Шерімбекова І орын, Мақсұт Мақсат ІІ орын алғаны жөнінде сүйінші хабар жетті. Біз де қуанышқа ортақтасып, жеңіс құтты болсын дейміз!

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *