5 қазан – Мұғалімдер күні. Балабақша — бақыттың ең бірінші баспалдағы.

Мұғалімдер күні –білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді. Қазақстанда Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Алайда 2023 жылы наурызда үкімет кәсіби мерекенің нақты датасын бекітті. Ұстаздар мейрамы әлемнің 100-ден астам елі тойлайтын Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Яғни Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда тойланады.
Әдетте осы бір мерейлі күні ұстаздарды тілге тиек еткенде тек мектепте білім беретін мамандармен шектеліп қалатынымыз жасырын емес. Педагогика саласында жемісті еңбек етіп, ұстаз атауын абыроймен алып жүрген білікті мамандар балабақшада да көптеп кездеседі. 
Балабақша — баланың өмірге аттаған, алғашқы қадамы. Басқан алғашқы қадамынан, баланың болашағы қаланады. Балабақшада берілген тәрбие–барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан-жақты тәрбие мен дамыту негізін қалайтын орын. Балабақша – білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Бұл мамандықтың қыры да, сыры да сол– күн сайын көз алдында өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Өмірге келген әр бір нәресте отбасында ата-анасынан бастап, барлық туғантуыстардың махаббаты, мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Әр отбасында тәлім–тәрбие алып, ата-аналар жүректерінің бір-бөлшегін сеніп, толықтай бір күнге балабақшаға әкеліп тапсырады. Сол орайда ананың орнына ана бола білетін ол – балабақша тәрбиешісі.
Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру саласында көп жылдар еңбек етіп, өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген білікті маманның бірі – Гүлнәр Абайқызы Әбенова. Гүлнәр ханым еңбек жолын тәрбиеші ретінде бастаса, бүгінде «Ертөстік» бөбекжайының тізгінін ұстап отырған басшы. Білім саласында ІІ-санатты басшы, педагогзерттеуші. Гүлнәр Абайқызы 1969 жылы Жаңаарқа кентінде дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды педагогикалық университетінде «Мектепке дейінгі педагогика және психология мұғалімі» мамандығын иеленеді. 1991-1992 жылдары «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші, 1992-2010 жылдары «Ертөстік» бөбекжайында тәрбиеші болып, осы жылы әдіскер қызметіне ауыстырылады. Осы аралықта Гүлнәр ханым мол тәжірибе жинақтап, бала тәрбиелеу жолындағы әдісті жақсы меңгереді. Тәрбие мен оқытуда жаңа технологияны тиімді пайдалануда тәрбиешілерге әсіресе жас мамандарға үнемі нұсқау беріп отырды. Шығармашылық топқа басшылық жасай отырып, әр маманның шығармашылық ізденісіне жол аша біледі. Құжаттардың стандартқа сай болуына әдістемелік нұсқаулармен толықтырып отырады. Бала тәрбиесінде ата-анамен, ұжымымен бірлесе жұмыс жасайды. Тәрбиешілер мен дөңгелек үстел, семинар, байқаулар өткізіп тұрады.
Тәрбиешінің байқауға қатысуына, үлгілі сабақтар өткізуіне бәсекеге қабілетті болу жолын шыңдайды. Гүлнәр ханым кәсіби маман ретінде өз білімін жетілдіруге көп көңіл бөледі. Аудандық «Үздік тәрбиеші 2009» байқауында І орын алып, 2010 жылғы аудандық тамыз кеңесінде аудандық педагогика орталығының сертификатын иеленеді. Сондықтан болар 2013 жылы жаңадан бой көтерген «Ақерке» балабақшасына басшылық ету Гүлнәр Абайқызына тапсырылады. Бұл жерде Гүлнәр ханым «Ертөстік» бөбекжайында қызмет еткен жылдары жинаған тәжірибесін, әріптестерімен алмасқан білімін іс жүзінде қолданады. Балабақша директорының жұмысы сан салалы. Бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беру бір бөлек, ал әкімшілік жұмыс бір төбе болып саналады. Шыңдалған білім, мол тәжірибе нақ осы жерде пайдасын көрсетеді. Әрі соңғы үлгі бойынша жасақталған судай жаңа балабақшаның жұмысын бір жүйеге қойып, оны ақсатпай, ата аналардың алғысына бөлену жұмыстың оңайынан емес. Жаңа нысанның жұмысына барлық аудан жұртшылығы көз тігетінін даусыз. Көпшіліктің күмәнін сейілткен «Ақерке» осы күнге дейін алдыңғы қатарлы балабақшалардың қатарынан орын алуда.
Өзінің жаңашылдығымен ізденімпаздығының, ұйымдастырушылығының арқасында бөбекжай ұжымын басқарып ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. МДҰ тәрбиешілерімен педагогтарына арналған «Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру» әдістемелік көмекші құралдың авторы, «Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа математика» республикалық байқауында «Математикалық АКТ» номинация иегері.

Гүлнәр Абайқызы жайында сөз қозғайтын болсақ, әңгімеауанын «Ертөстік» балабақшасына да бұрмасқа болмайды.
Әрі бұл балалық мекенінің құрылғанына 55 жыл толатынын ескерсек, бұл тамаша сәйкестікке көңіл бөлмеуге болмас. Ауданымыздағы балабақшалар ішіндегі орны ерек, тарихы тереңде жатқан білім орны жайында айтылар әңгіме мол.
Еңбек жолы басталған тоқсаныншы жылдары балабақшаға араға жылдар салып басшылыққа келуі кездейсоқтық емес деп білеміз. Себебі бұл орын Гүлнәр ұстазға ыстық, жанына жақын. «Ертөстік» бөбекжайы 1969 жылы орыс тілінде тәрбиеленетін Қарағанды теміржол бөлімшесіне қарасты. болып №24 «Колокольчик» мемлекеттік балалар комбинаты деген атаумен ашылған екен. 1998 жылға дейін Алматы теміржолына қараған. Бөбекжай 2001 жылдан бастап Жаңаарқа ауданының білім бөліміне қарайды. 2005 жылы «Колокольчик» атауы «Ертөстік» болып өзгертілді.
Балабақша жұмысын бастаған кезден бастап Дмитреева Раиса Кузминична, Агина Ирина Викторовна, Меньшикова
Елена Васильевна басқарса, 2006 жылдан 2022 жылға дейін Каукен Зекенқызы Кадина басқарады. 2022 жылы ротация бойынша Гүлнәр ханым директор болып ауысады.
Жарты ғасырдан астам уақытта әрине балабақшаның жеткен жетістіктері жетерлік. Біз сондықтан соңғы екі жылға
ғана тоқталуды жөн көрдік. Мерейтойға орай, балабақша ұжымы 20 қараша күні облыстық семинар өткізуді жоспарлап отыр. Бұл күні облыстан лауазымды қонақтар келіп, ауқымды тәжірибе алмасу болмақ.
Келесі күні аудан әкімшілігінің қатысуымен іс-шара өткізіледі. Өнерлі бүлдіршіндер концерттік бағдарлама ұсынып, марапаттаулар болады. Балабақша ұжымы мұғалімдер күніне орай жыл сайын ардагерлерін шақырып, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. 55 жылдыққа орай ардагерлерді де 21 қараша күні қонақ ету ойластыруда. Облыстық семинарда «Жасыл балабақша» құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өткізіледі. Жалпы балабақшаның негізгі бағыты -экологиялық тәрбие беру.
Қазіргі таңда адамзат ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғат ананы қорғап, аялау барша жұртқа тіршілік қамы, табиғи қажеттілік. Сондыктанда бүлдіршіндерді айналадағы табиғи ортамен үнемі қарым-қатынаста болуға үйрету, олардың ұғымдарын қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлыққа тәрбиелеу қазіргі балабақшадағы тәрбие ісінің өзекті тармақтарының бірі болып табылады. Балабақшадағы тәрбиенің мақсаты – экологиялық тәрбие бере отырып, табиғатты аялап, оны қамқорлыққа алып күту, тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде қарапайым ұғымдар қалыптастыру.
Балабақшадағы гидропоника және метеосанция үйірмесі де осы мақсатта ашылған. Метеостанция үйірмесінде балалар ауа райын болжауды, жыл мезгілдерін айыруды үйренеді. Жас ерекшеліктеріне қарай ауа райын болжаудың ғылыми және халқымыздың ежелден келе жатқан наным түсінігі бойынша жұмыс жүргізеді.
Гүлнәр Абайқызы өз сөзінде ертеңгі күні бұлдіршіндерді ауданымыздағы метестанцияға саяхаттауға апаратындықтарын айтты. Сондай-ақ  бұл жұмыстардың тек теория емес, практика жүзінде қолдану үшін қажетті құралдарға тапсырыс беріп қойған екен. Осы күз аяғына дейін барлығын орнатып алса, балақайлар ауа райы құбылыстарын бақылап, қызықты танымды сабақтар өткізеді. 
Бұдан бөлек балалар үшін «Өнерлі екен он саусақ», «Тапқыштар» атты үйірмелер жұмыс жасайды. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Балабақша ұжымы ата-аналарымен тығыз байланыста. Мәселен, балабақша алдына жылыжай салынды, оған тамшылатып суару түрі қолданылады.
Жаз бойы қызанақ, қияр өсірсе, енді аскөк, ақжелкен егіпті. Атааналар көмегімен скважина орнатылып, жер жыртылған. Ата-ана Сағындық Акишевтің көмегімен субұрқақ жасалды. Балабақшаға демеушілік етіп, үнемі қажетті тас, құм жеткізіп беретін «Арқа Құрылыс — 2009» ЖШС төрағасы С.М.Базарбековке ұжым рахметін айтады. Осы жолы балабақша директоры тұрақты демеуші С.Базарбековке алаңды асфальттау жөнінде сұраныс берген екен.
Балабақша тәрбиешілері көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. 2023 жылы облыстық «Креативті тәрбиеші» сайысында Арайлым Ғабдуллақызы Әбжанова бас жүлдені жеңіп алады. Сондай-ақ Арайлым «Балапан» республикалық арнасының шақыртуымен балаларымен «Айбарыс» зияткерлік жобасына қатысып келеді. Тәрбиеші Панар Исатаева аудандық «Үздік тәрбиеші»
байқауында жүлделі ІІ орынды иеленеді. 2023 жылы тіл саясатын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Қазақшаң қалай, балақай?» атты облыстық байқауда Мөлдір Қалиасқарқызы Аманбаева бағын сынап, 70 мың теңгелік сертификатқа иелік етіп, алғыс хат табысталады. «Балаларға базарлық» атты сайысқа қатысқан Венера Мейрамқызы Шаленоваға облыстық деңгейде ІІІ дәрежелі диплом табысталады.

Музыкалық жетекшіБағлан Кеңесқызы Түсіпова  өзі режиссер, өзі әнші.Шәкірттері «Ханзада мен ханшайым» жобасында гран-приді жеңіп алғанын мақтанышпен айтуға болады. Ақындық өнері бар балапандардың тырнақ алды туындылары облыстық «Сарыарқа» газетінде жарық көріпті. Балабақша әдіскері Ардақ Үмбетбайқызы  Жаппарованың педагогикалық еңбек өтілі 33 жыл, сарапшы. Екінші сарапшы Орынтай Бауыржанқызы Көпбаеваның балабақшада еңбек еткеніне 15 жыл толады. Жалпы балабақшада 11 модератор, 2 сарапшы қызмет етеді. Бөбекжайда 6 топқа 12 тәрбиеші тәрбие береді, одан бөлек педагог-психолог, қазақ тілі маманы, музыкалық жетекші, дефектолог, әдіскер еңбек етеді. Балабақшаның мерейтойы жайында естіген түлектері де арнайы келіп, құттықтауда. Балабақшаның алғашқы басшыларының бірі Ирина Агина бүгінде Германияда тұрады.

Сол кісінің қызы Виктория Агина және балабақша түлектері Лейбгам Наташа мен Ильясова Виктория сонау  Германиядан келді. Түлектер балабақшаны аралап, балалық шақтарына саяхат жасап, ас үйден дәм татып, естеліктерін айтып, көздеріне жас алды. Сый ретінде әрқайсы 50 евродан, 150 евро қаржылай тарту жасады. Осы бөбекжайдың көзге корінбейтін, бірақ тыңғылықты жұмыс жасап отырған мамандарын да атап өтпеске болмайды.

Бухгалтер Айгүл  Қайруллақызы Бакиева, мемлекеттік сатып алу маманы Аманжан Кенбайқызы Ахметова өз қызметтеріне жауапты, кәсіби білікті мамандар. Балалардаң ас мәзірі мен бөбекжайдың тазалығын бақылайтын медбике Гүлнар Ердембайқызы
Мұқашева, аспазшылар Алмагүл Мейрамқызы Жетпіспаева, Маржан Төлеутайқызы Сұлтанбекова, Айнагүл Өмірбайқызы Байбосынова, көмекшілері Жансая Әбдікәрімқызы Әбдікәрімова, бөбекжайдың шаруашылық меңгерушісі Салтанат Елубайқызы Көпбаева өз істеріне жауапты мамандар. Осы мамандардың ұйымдаса атқарған жұмыстары арқылы мекеме жұмысы алға басуда.
«Ағаш түзу өсу үшін, оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың»,-деп бекер айтылма ған.
Сондықтан, әрбір бүлдіршінге  балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беру, ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу өте маңызды. Себебі, балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы.

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *