Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне мен де дауыс бердім!

Адамзат энергиясыз өмір сүре алмайды. Біз күн сайын – көмір, газ, бензин сияқты органикалық отындарды пайдаланамыз. Бірақ, пайдалы қазбалардың қоры шектеулі екенін ұмытпауымыз керек, ғалымдардың пікірінше, мұнай қорлары шамамен 50 жылдан кейін таусылады. Дәстүрлі энергия көздері сарқылғасын не істейміз? Мұнай мен оған ілесе шығатын газ бен көмірдің үлкен қорына ие болғандықтан, Қазақстан ұзақ жылдар бойы энергия тапшылығын сезінген жоқ. Мұндай жағдай тек 2030 жылдан кейін ғана туындауы мүмкін деп Үкіметтің де біраз уақыт арқаны кеңге салып жүргені белгілі. Бірақ, дамудың тамыршысы болып келген мықты елдер де жаңаға бейімделмесе қатардан қалатынын дәл болжады. Болжап қана қойған жоқ, нақты әрекет етуге, ізденуге кірісіп кетті. Қазақстанға да көштен қалуға болмайды. Бұған климаттың жылынуына байланысты ауаға таралатын көмірқышқыл газын азайту бойынша Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы міндеттемесі де өз ықпалын тигізуде. Уран қоры жағынан ғана емес, оны өндіру көлемі жағынан да әлемдегі көшбасшы саналатын Қазақстанда АЭС салу мәселесі өткен ғасырдың аяғында басталған. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынып, түрлі ұсыныстар әзірленді. Алайда 2000 жылдары Үкімет өз бағытынан айнып, жаңғырмалы қуат көздерінің үлесін көбейту арқылы энергия тапшылығын азайтамыз деген идеяның жетегіне еріп кетті. Бұл бағытқа 20 жыл бойы бюджеттен түрлі бағдарламалар бойынша қомақты қаржы да бөлінді. Алайда жел мен күннен қуат өндіретін техника мен технологиялардың бағасы ғана емес, ондағы қуаттың өзіндік құны да ГЭС мен ЖЭО-да өндірілген энергиядан айтарлықтай қымбат боп шықты. Сондай-ақ, жаңғырмалы қуат көздерінің ешқайсысы тұрақтылығы мен сенімділігі жағынан энергетика тапшылығын азайтуда базалық генерация қалыптастыра алмайтыны мәлім болды. Сондықтан ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі сараптамалық талдау орталықтары қайтадан АЭС мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр болуда.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауында АЭС салу мәселесіне тоқталып, бұл жағдайды нақты шешуді ұсынды. Нәтижесінде АЭС салу мәселесіне қатысты Президент республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа осыдан бір ай бұрын қол қойған болатын. Бұл жоба ұзақ жылдарды қамтиды. Салушы мердігерді анықтап, мамандар даярланады. Мен барлық жерлестерімді референдум сәтті аяқталғанымен құттықтағым келеді, халқымыз бейжай қарамай бір ауыздай ат салысқан үшін алғыс айтамын , Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне мен де дауыс бердім!
Ералина Салтанат Амановна

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *