Алаяқтық – ұрлық жасаудың бір түрі

Алаяқтық бұл – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену. Қылмыстың бұл түріне баруға бел шешкен тұлға алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Алдау және сенімге кіру жолымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін. 
Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет.
Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын анықтап алу қажет. Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Кейде 1 тәуліктің өзінде 10 адам, кейде одан да көп адам алаяқтардың құрбаны болады. Алаяқтыққа әйелдермен қатар, ер адамдар да жол беріп, соңынан опынып қалатыны, заң алдында жауапталатыны да жасырын емес. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарына зейнеткерлер, қала берді нәзік жандылар құрайды. Олардың көбісі әлеуметтік жағдайларды түзеп беруге, атап айтқанда, жалақысымолдау жұмысқа орналастырудан бастап, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға көмектесуге уәде етеді. «Жеңілдетілген несие алып беремін» деп сазға отырғызып кететін «қамқор» алаяқтардың айлакерлігі өз алдына бір төбе. Қазақстанда алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Алаяқтықтың негізгі принципі – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу. Бұл «еріктілік» алаяқтықты басқа да ашкөздік қылмыстардың ішінде ерекше етеді. Біріншіден, алданған адамдар өзінің алданғанын білсе де құқық қорғау органдарына өтініш бермейді. Екіншіден, оңай алданып қалғанына арланады және арыз түсіргеніммен ештеңе өнбейді деп есептейді. Үшіншіден, мұндай қылмысты дәлелдеу өте қиын, себебі алдау фактілері объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді. Алаяқтық адам психологиясын және оның әдеттегі әрекетін жақсы білуге негізделген. Бұл арада адамгершілік ұғымы туралы әңгіме болмайды. Олар өз әрекетін алдын ала тізбектелген жоспар арқылы іске асырады. 
Оның тәсілдері мүлде қарапайым болуы да мүмкін. Кейде олар, топ болып әрекет етіп, өз құрбандарын алдын ала жоспарға сәйкес үгіттеп, алдайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін ескеріп, соны пайдаланып кетеді. Алаяқтар сонымен қатар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олар негізінен әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым адамдар болып келеді. Адамдарды «Тез шешім қабылда, әйтпесе үлгермейсің» деп асықтырады, ойлануға уақыт қалдырмайды. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан, зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр болады. Жапа шеккен адамдар әдетте «Не болғанын түсінбей қалдым», «Гипноз жасады ғой деймін», «Ол сондай сенімді сөйлегендіктен нанып қалдым» дегенді жиі айтады. Алайда адамдар алданбаймын деп тұрса да ондай жылпостардың айтқанын қалай істеп, жетегінде кеткенін білмей сезбей де қалады. Сот практикасы көрсеткендей, алаяқтар әртүрлі сылтау мен зәбір көрушілердің мүлкін толық немесе жартылай алып, өз уәдесін қысқа мерзімде орындауға сөз береді. Алаяқтық – ұрлық жасаудың бір түрі. Алдау-арбау, сенімге кіру арқылы кейбір қылмыскерлер бөтен адамның мүлкін, ақшасын алып пайдаланып кетеді. Осындай «бойы бұлғаң, сөзі-жылмаң» адамдардан аса сақ болған жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *