Алаяқтардан сақ болайық!

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде алаяқтық фактілері көбеюде. Көбіне өз пайдасын асыра ойлау адамдардың алаяқтардың арбауына оңай түсіп қалуына итермелейді. Кейбір азаматтар біреудің сөзіне сеніп, ғаламтордағы күдік тудыратын, ресми тіркелмеген бағдарламаларды ұялы байланыс құралына жазып алу арқылы өзінің жеке деректемелерін енгізіп, өзінің атына несие ашылғандығын немесе қаражатының жоқтығын байқап жатады.
Алаяқтар онлайн режимде «тұзақтар» құрып, банктер мен өзге де қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері ретінде өздерін таныстыра отырып, азаматтарға қоңырау шалып жеке деректерін сұрайды. Ғаламторда, әсіресе танымал әлеуметтік желілерде басқа да қаржылық алаяқтықтар самсап тұр. Мысалы, алаяқтар жалған боттарды (сілтеме), соның ішінде белгілі банктердің атынан боттар жасайды, олар әртүрлі қаржылық қызметтерді алу жөнінде кеңес беруді немесе жеңілдетілген кредит, әлеуметтік төлемдер, зейнетақы қаражатын алуға және тағы да басқа қызметтерді ұсынады. Мұндай жалған қызметкер ретінде хабарласатын алаяқтар аңғал азаматтардың шотындағы барлық ақшаны қағып алады. Қылмыскерлер ұялы телефонмен қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, есеп-шотындағы қаражатқа алаяқтық әрекет жасалып жатыр деп сендіріп, соны тоқтату үшін, банк картасының деректемелерін, пин-кодын және картаның келесі бетіндегі соңғы үш номерін хабарлауды ұсынады немесе осы тәсілмен арнайы қосымшаны ұялы телефонға жүктетіп, рұқсат ала отырып, онлайн несие ресімдеу арқылы, қаражатты өзге есеп-шотқа аударып иемденеді.
Көп жағдайда алаяқтар адамның жеке нөміріне смс хаттар жіберіп, белгілі бір ұтыс ойынынан сыйлық ұтып алғанын, сол сыйлыққа қол жеткізу үшін қаражат аудару немесе жеке құжат мәліметін сұратады. Ойында ешқандай күмәні жоқ, сыйлық ұтып алғанына қуанған адамдар алаяқтың арбауына тез түседі .Немесе мүгедектердің, зейнеткерлердің үйлеріне барып өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып оларды сөзбен алдау арқылы қаражаттарын жымқырып кетеді.
Сонымен қатар,алаяқтар ауыл-ауылдарды аралап ауыл тұрғындарына төмен бағамен таза су орнатуға көндіріп, жалған келісім шартқа қол қойдыртып, олардың ұялы телефондарындағы банк қосымшалары арқылы өздері ұсынған төмен бағадан екі есе көп мөлшерде онлайн несие рәсімдеп алатын жағдайларда кездеседі,өкінішке орай бұл туралы тұрғындар біршама уақыт өткеннен кейін біліп жатады.
Тағы алаяқтықтың бір түрі — әлеуметтік желі арқылы онлайн жиһаздарға тұрмыстық заттарға тапсырыс қабылдау, бұл жағдайда алаяқтар басқа дүкендерге қарағанда төмен бағаны көрсетіп Қазақстанның кез-келген аймағына тегін жеткізіп береміз деп және сатып алынған товардың жарты бағасын товар қолға алғанда төлейсіз деп әр-түрлі қызуғышылықты танытатын жарнамалар.
Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену болып табылады. Алаяқтық жасағандарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша, қылмыстың ауырлық дәрежесіне байланысты он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сөз соңында «Сақтықта қорлық жоқ» — демекші алаяқтардың құрбанына айналмас үшін ешқашан алдын-ала төлем жасамаңыз. Картаңыздың, жеке счетыңыздың мәліметтерін ешкімге бермеңіз. CV код пен құпия сөзді жасырын ұстаңыз. Белгісіз нөмірлерден хабарласатын адамдарға сенбеңіз. Тауарды көзбен көрмей, оны алу, ал банк картасына немесе электрондық әмиянға аударылған ақшаны қайтару тіптен мүмкін емес екендігін есте сақтаңыз! Күмәнді сілтемеге өтпеңіз. Алаяқтардың арбауынан сақ болайық!

Назарбек Сәндібекұлы КҮЗЕНБАЕВ,
жаңаарқа аудандық соты төрағасының м.а

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *