Арбауға түсіп, сан соғып қалмаңыз!

Ел ішінде қаржылық алаяқтардың қармауына түсіп, барлық жиған-тергенінен айырылып, сан соғып қалып жатқандар көп.
Оған дәлел әлеуметтік желілерде алаяқтарға алданған азаматтардың жан-айқайына жиі көзіміз шалынатын болды. Тіпті жақын ағайын-туыстарымыздың, «Мен» деген сауатты азаматтардың да қаскөйлердің қақпанына түсіп қалғанын көзімізбен көріп жүрміз. «Байлықтың жолын көрсетеміз, тек ынтаңыз бен ниетіңіз болса жеткілікті. Хабарласыңыз!», «Ақша сал да еселеп қайтар», «Берешектен құтылуға көмектесеміз» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Жарнама арқылы хабарласа қалсаңыз хал-жағдайыңызды біліп, қыруар ақша уәде етіп, сізбен дос болуға әлек болады. Бәрінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине олардың жұмысы да сол, адам шақыру арқылы пайдасын арттырады. Себебі бүгінде көбінесе адамдар тез әрі жеңіл жолмен табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді армандайды. Бірақ қайдан, “тегін ірімшік тек қақпанда екені” белгілі емес пе? Қаржылық алаяқтық дегеніміз – алдау, сенімге қиянат жасау және заңсыз баю мақсатында түрлі айла-амалдар арқылы ақша айналымы саласында заңсыз әрекеттер жасау. Қаржылық алаяқтықтың арасында кең тарағаны банк карталарын пайдалану арқылы алаяқтық, интернет желісіндегі алаяқтық, ұялы телефондарды пайдалану арқылы алаяқтық және қаржы пирамидаларымен жасалатын алаяқтық.
Соңғы уақытта кең етек жайған алаяқтықтың бірі – үй немесе көлікке ақша жинауға көмектесеміз деген арамза пиғылмен адамдардың ақшасын иемдену әдісі. Әдетте мұндай қаржы ұйымдары жинақ бағдарламасына аздаған жарна енгізуді сұрайды. Бағдарлама аяқталған уақытта клиент мол табысқа кенелетініне уәде береді.
Мәселен, қатысушы бастапқыда 500 мың теңге салса, жарты жыл сайын 1,2 млн. теңге сыйақы алады. Бұл ретте сыйақы мөлшеріне клиент шақырған адамдар саны мен олар салған ақша сомасы әсер етуі мүмкін. Осылайша белгілі бір қаржы жиналғанда алаяқ компания банкроттық жариялап, нарықтан ғайып болады.
«Адамнан қулық аспайды» демекші, әккі алаяқтар өзінің арам пиғылын іске асыру үшін кез келген ақпаратты ұтымды пайдалана біледі. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желідегі жаңалықтардан үнемі хабардар болады. Елдегі қаржы саласындағы барлық өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалармен танысып, тиімді талдайды. Сондықтан қаржылық сауаты төмен азамат мұндай алаяқтардың оңай олжасына айналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды құзырлы орындарға күшейтуді тапсырған болатын. Мәселенің өзектілігі аталған қылмыс түрлерін тіркеудің тұрақты өсуіне және жәбірленушілердің көптігіне байланысты екені сөзсіз. Әрине қаскүнемдерді түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай тұр. Дегенмен әр адамның бойында қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік деген түсініктерге салмақты көзқарас қалыптастыру, өзінің қаржысына өзі ғана иелік ететін сенімділік беру, түрлі алаяқтыққа ұрынып қалу тәуекелін азайту секілді азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар тиісті органдар тарапынан үздіксіз жүргізілуде.
Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылуда. Бүгінде нарық пен жарнамалауды мықты меңгеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Қазір қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрі – интернет арқылы алдау. Интернеттегі қаржылық алаяқтықтың түрі де саналуан. Өйткені алаяқ өзінің олжасымен тікелей байланысқа түспей, арамза ойын монитор артында отырып-ақ жүзеге асыра береді.
Қаржы пирамидаларын құру мен қаржылық алаяқтық ойын жүзеге асыру үшін миллиондаған қаржылық сауаты төмен азаматтар болса жеткілікті. Алаяқтар қаржыдан қысылып, қиналып жүрген адамдарды алыстан танып, өтірік аяушылық танытып, өз қақпанына тез түсіреді. Расымен алаяқтардың ашкөздігі мен кей адамдардың сенгіштігі бұл мәселенің өзектілігін әлі де жоймай келеді. Сондықтан оңай жерде алтын жат-пайтыны бәрімізге белгілі жайт. Ал табыс табу үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажетақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бақыттан бас айналдырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау секілденбей, қандай да бір іске ақша құймас бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара-жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс болады.

Аяулым ЖАППАСҚЫЗЫ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
журналистика факультетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *