Адам саудасына жол жоқ

Қай заманда болмасын адамды қанау, зорлық-зомбылық жасау ең сорақы көрініс және үрей тудыратын құбылыс. Адам саудасы дегенде, әрбір кісінің жеке заңды құқығын ескерместен оларға зорлық-зомбылық жасау, азапты жұмыстарға жегу, адами еркін аяққа таптау арқылы белгілі бір топтардың, яғни оңай олжаға кенеліп, пайда табудың көзіне айналдыру секілді теріс сипатында көз алдымызда келеді. Адам саудасы – күшпен қорқыту, алаяқтық, билігін асыра пайдалану немесе жағдайдың осалдығын пайдалану жолымен, немесе басқа тұлғаны бақылайтын тұлғаның келісімін алу мақсатында жалдау, тасымалдау, беру, жасырушылық немесе адамды иемденуді білдіреді.
Әр жыл сайын дүние жүзі бойынша 4 миллионға жуық адам құлдыққа сатылады. Алдап-арбау жолымен өз Отандарынан сырт мемлекеттерге әкетіліп, тегін жұмыс күші ретінде немесе жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу жағдайларын қазіргі заманның құлдығы дегеннен басқаша атауға мүмкін емес.
Бірақ адамдар мұндай жағдайға еркінен тыс қана емес, өз келісімімен де тап болады. Көбіне күмәнді және күдікті еңбек жағдайларына келіседі. Тәртіп бұзуға өздері барады, полиция қаншалықты тиімді жұмыс істесе де, мәселе сол күйінде. Мұндай жағдайға бірінші рет түспегендері де бар. Бұл қылмыстар ұзаққа созылады. Сондықтан алдын алу, талдау және басқа да мемлекеттік органдардың жұмыстары маңызды. Адам саудасы дүниежүзі бойынша кірісі жағынан үшінші орында тұр және ол барлық елде етек жайған. Әсіресе, адам саудасы құрбандарының жасарып бара жатқаны әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. Адам саудалау, жеңгетайлық, жезөкшелікпен айналысуға тарту, адамдарды ұрлау фактілері күн өткен сайын жиілеп келеді. Адам саудасы криминогендік бизнестің алуан түрлілігі сияқты адамзаттың күрделі проблемаларының бірі болып табылады. Ол әлдеқашан жекелеген мемлекеттерден тысқары шығып, әлемдік ауқымға ие болды.
Елімізде өзінің экономикалық және географиялық орналасу жағдайына байланысты, өкінішке қарай, адам саудасы құрбандары азаймай отыр. Әрбір жанашыр тұлға, қоғам мен мемлекет болып осы бағытта күш біріктірген жөн. Сондықтан да жиырма бірінші ғасырдың кеселіне айналып отырған осы өзекті мәселе күн тәртібінен түспеуге тиісті деп есептеймін.

Салтанат МҮСКІНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *