80 жыл сарғайған қара қағаз сыры…

Бала кезімізден бастап 9 мамыр Ұлы Отан соғысының жеңіс күні бір ерекше мейрам деп, көше бойы қызыл жалау, құрметті ардагерлер кеудесінде орден мен медальдары жарқырап, алғы шепте, ең артында біздер оқушылар қолымызға қызыл шоқ гүлдер мен жалау ұстап «парад» үлкен шерумен жүріп, мәз болған кездеріміз есімізде, біздерде 60 жасты алқымдап қалдық. Сол қан майданда, шаңырағы шайқалмаған отбасы жоқ шығар…
Міне, тағы бір еске алу Жеңіс күні өтті. Кімдер бар? Қанша? Біздің әулетте де мақтан тұтатын атамыз, Алпамыс Аманжановтың қан майданда қаза тапқанына 81 жыл болды.
Әжеміз, Ахметжан қажы қызы Балкенде, тылдағы ауыр жұмыста талмай, артта қалған балаларымен ел қатары өмір сүріп жатты. Кіші баласы Сайлау әскери қызметте жүргенде мұрағаттардан іздеу салды, өте ашық, ақкөңіл, жарқын жан еді, анасына: «Шешей, шалыңыз тірі екен, неміс әйелі 6 баласы бар екен»- деп қалжыңдаса, әжеміз: » Е, аман болса болады» деген екен, қолына қара қағаз алса да, күрсініп.

Сол қайғылы қара қағаз, бүгінгі күні сарғайып Сатыбалды ұлының қара шаңырағындағы сандықта сарғайып жатса да, бүгінгі күні ұрпақ жалғасын тауып, сыр шертіп, өрбуде…
Ұлы Отан соғысында қайтыс болған жауынгерлердің көмілген жерлері жеке болса, қазып еліне алып кетуге болатыны, ал егер ортақ бауырластық жерде көмілсе, ескерткіш қоюға рұқсат етілген, Ресей заңы шығарылған болатын.
Сол, Алпамыс атамыз 1943 жылдың 22 қаңтарында осы Буденёнов ауданы, Засосное селосында қаза тапқан. Енді мына оқиғаның өрбуін қараңыздар, әр жағдай өз уақытына куә.
Жаңаарқа ауданы, Бидайық ауылымыздан жұмыс бабымен кеткен, шешесі мен бауырлары әлі осында тұрады. Неміс ұлтының да тарыдай шашылған өмірлері бәрімізге мәлім. Осы, Виталий Миллер жерлесіміз, өзі тұратын жерден шамамен 200 шақырымдай жер болуы керек, уақыт тауып Беловодск қаласына бірнеше рет барып мұрағаттан іздеп тауып, басына естелік тақтайтасын орнатқанын үшін, Виталий Миллерге, Сатыбалды Алпамысұлы немересі Айдос Алпамыс және үлен ұлы Жәдігер мен қызы Нағима ұрпақтары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
Биыл, сол әке жолын қуған әскери қызметте Сайлау Аманжанов сол Германияда 25 жыл қызмет етіп, бұл өмірден озып, ата жолын қуған Қуаныш Сайлауұлы да ұлын Алдиярды ертіп, әжесінің тәрбиесінде болғандықтан құлағына сұрапыл соғыс тарихи шежіресімен өскен, сол бабасы Алпамыстың басына барып құран оқып, бір уыс топырағын әжесінің басына жеткізіп, көңілінде жүрген, жүрекке түйген бір аманатын атқарған сезімге бөленіп, әулеттің ұрпақтарымен жиналып құран бағышталды.
Бабаларымыз тегін айтпаған да шығар » Өлі риза болмай тірі байымас»деп, осындай рухани азық кімге болса да, қажет! Жатқан жерлері жайлы болсын, иманы жолдас болсын! Жаратушымыз, қандай шебер? Ал тағдырларымызды байланыстырған уақыт еншісіне не дерсің! Ешкім ешқашан ұмытылмайды! Бабаларымыздың жатқан жерлері жайлы болсын! Бәріміз Біргеміз және Бірдейміз! Елімізде береке, Әлемде бейбітшілік болсын!

Манат ЖӘДІГЕРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *