7 Мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай. Бүгінгі қиналыс — ертеңгі жеңіс
Қазақ халқы тәрбиеге аса қатты мән берген. Ұл баланы «Азамат» , «Елдің қорғаны» деп бағалап, ардақтаған. Жігіттерге артқан сенімі ерекше болған. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қасіретті, қиын шақтарда ел намысын, Отанын, жерін, елін жігіттер қорғаған. Олар сондықтан жастай шынығып, ширап, ширығып өскен. Қазақтың батыр жігіттерінің бойынан ақыл, айла, төзім, жігер, батырлық өте көп кездескен. Өнер, білім тек қатерлі күндерде ғана емес, бейбіт күнде де, жақсылықтарда да қажет екені белгілі. Әр қазақ өз перзентін түрлі өнерге баулыған. Олар шетінен әнші, ақын, палуан, етікші, аңшы, мерген болған. Көршілес қай елге, қай жерге барса да қазақ жігітерінің мерейі үстем, беделі асқақтай түскен. Десек те ХХІ ғасырдың серісі қандай болу керек дейтін сұрақ туындайды.Бұл сауалға жауап ретінде ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шыңғыс Фазылұлы Қайыржановты айтуға әбден болады.ІІМ-нің “Сұңқар” арнайы жасағының жауынгерлері Дубайда өткен THE UAE SWAT Challenge турнирінде бес күн бойы бақ сынасты. Барлық қазақстандық тақымын қысып, жанкүйер болғанын жақсы білеміз. ІІМ арнайы жасағы аталмыш турнирге осымен екінші рет қатысты. Биыл жауынгерлер әлемнің 41 елінен қатысқан 74 команданың ішінен 6-орынды қанжығаға байлады. Жарыстың барлық кезеңі тартысты өтті. Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады. Атап айтсақ, тактикалық дағдыларды, интеллектуалды шоғырлануды және физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған шабуыл және құтқару операцияларын жүргізді. Арнайы жасақ алғашқы үш кезеңнен сәтті өтіп, жүлделі 1 және 3-орындарды иеленген болатын. Бірақ төртінші деңгей олар үшін оңай болмады. Жауынгерлердің бірі тапсырманы орындап жатқанда аяғынан жарақат алды. Алайда ол бұған қарамастан жарысты тоқтатпады. Оны әріптестері жарты жолда қалдырмай, межелі жерге дейін сүйеп алып келді. Сонымен, команда барлық кезеңді бірге өтіп, толық құрамда мәреге жетті. Соңғы кезеңде команда мүшесі ауыстырылды. Айта кетейік, THE UAE SWAT Challenge – күш құрылымдарының арнайы күштері арасында өткізілетін бейресми әлем чемпионаты. Оны “Арнайы жасақтар олимпиадасы” деп те атайды. Бұл жарыстың басты міндеті – арнайы мақсаттағы отрядтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру. Сонымен қатар шетелдік әріптестермен байланысуда аудармашы ретінде ІІМ Интерпол қызметкерлері көмектесті.
Осы жарысқа қатысқан құрамның ішінде Шыңғыс Фазылұлы да белсенді өнер көрсетті. Ол аз ғана уақыттың ішінде әлемнің бірнеше тілін меңгеріп, алпауыт елдің атақты университетінде білім алған ол бес жасындағы арманын мектеп қабырғасында жүргенде алдына мақсат ете білген жан. Жалпы бүгінгі мақаланың бас кейіпкері ретінде Шыңғысты алуымыз тегін емес. Себебі, Шыңғыстың ата-анасы өзіміздің Жаңаарқаның адамдары. Яғни, Шыңғысты өзіміздің жерлес деп айтсақ, қателеспейпіз.
Шыңғыс бес жаста болғанда туыс әпке-жездесі үйлеріне қонаққа келеді. Сол кезде жездесінің үстіндегі полиция формасына қатты қызығып, фуражкасын киіп, фотоға түседі. Осы кезден-ақ бала полиция болуды армандайды. 9-сынып оқып жүргенде сол әпкесінің туған інісі Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына оқуға түседі. Ағасының ант қабылдауына барғанында академияның аурасын қатты ұнатады. Арманын осылайша бекітіп,
дайындықты 10-11 сыныпта жүргенде бастайды. «Ата-анам да таңдауына талас тудырған жоқ. Керісінше, қазір жеткен жетістіктерім олардың кез келген мақсатыма қолдау көрсетіп, батасын бергені көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Әйткенмен өмірімді құқық қорғау саласына арнағым келетініне таңданыс білдіргені бар. Өйкені мен жалғыз ұлмын әрі екі қарындасымның алдындағы үйдің үлкенімін»,-дейді сөз арасында Шыңғыс.
Сыныптасының туған ағасы Интерполда істейтінін білген Шыңғыс, Интерпол қызметі туралы түрлі деректі фильмдерді қарап, қызықты газет-журналдарды, кітап беттерін ақтарып оқи береді. Оның қызметіне не кіретінін өз бетінше зерттейді. Ағылшын тілін тереңдетіп оқуға кіріседі. Мектептен тыс курстарға қатысады. 2011 жылы ҰБТ тапсырып, академияға оқуға түседі. Алғашқы кездері әрине қиындықтар болды. Бірақ қайсар жігіт ешқашан өз мақсатынан айнып, райынан қайтқан емес. Себебі курсант атану — арманының артында алдағы мақсатқа мүлтікпей, мүдірмей жетудің жолы жатқанын жан-дүниесімен түсінеді.
Курсант кезінде ату дайындығы және ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқиды. Қару атудан акедемияның үш дүркін чемпионы атанғаны да бар. Академияны бітіріп келгеннен кейін Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет етеді. Міндетіне ауыр қылмыстарды іздестіру кіретін. Жаңа келген жас маманға ауыр қылмыстарды іздестіру соншалықты ауырлық туғыза қоймайды.
Өйткені оқуда 4 жыл қылмыспен күресу, қылмыстың алдын алу және оны іздестірудің әдіс-тәсілін оқытқан еді. Жас маман білім алу кезінде қылмыс орнында өзіңді қалай ұстау керектігі, психологиялық тұрғыда төтеп берудің қырсырына қанық болады. Себебі бұл саланы саналы түрде таңдаған еді.
Шыңғыс Қарағанды академиясының 4-курсында оқып жүргенде «Болашақпен» оқуға түсем деген жоспар қояды. Таңдауы — Ұлыбританияға түседі. Сәтін салып 2018 жылы оқуға түседі. Сол жылы әкесі қатты науқастанып қайтыс болды.
Шыңғыс «оқуға барамын ба, бармаймын ба» деген екіұшты ойда қалады. Бірақ әкесі көзі тірісінде анасына: «ұлдың жолын байлама, оқуға жібер» деп тапсырған екен. Үш айлық ағылшын тілі курсынан өтіп, ары қарай Англияның Лилс университетіне магистратураға оқуға кетеді. Жедел уәкілде уақыт болмайды. Уақыттың көбін қылмыскерлерді құрықтауға, қылмысты ашуға арнайды. Ағылшын курсынан берген өте көп үй жұмысына да үлгеру керек. Сол үшін түскі аста курсқа қатысып, үй жұмысын ұйықтар алдында орындайтын Шыңғыс әр жетістіктің артында төгілген тер жатқанын жақсы біледі. Бүгінгі қиналыс — ертеңгі жеңіс.
«Интерпол» деген бізге кинодан көргендей қылмыскердің ізінен түсіп, қылмысты ашатын адам секілді елестейді. Сіздің міндетіңізге не кіреді?» деген сұраққа Шыңғыс: – Бұл жерде қызмет істеу өте қызық. Қылмыстық іздестіру қызметі шығармашылық жұмыс секілді. Қылмысты ашу алдында адамдармен тіл табысу, стратегиялық жоспар жасау, шараларды қолдану кезінде өзіңнің қарым-қабілетің маңызды рөл атқарады. Мұнда қосымша дипломатиялық қарым-қатынас жасау да маңызды. Біз дипломаттық погондағы қызметкерміз. Біздің қызметіміздің 90 пайызы қағазбен жұмыс. Оның 80-85 пайызы ағылшын тілінде. Интерполдағы 195 елдің ортақ почтасы арқылы ақпарат алмасып жұмыс істейміз. Күніне 20-30 шақты сұрау келеді. Біздің міндетімізге шекара асып қашқан қылмыскерлерді және шетелден біздің елде бой тасалап жүрген қылмыскерлерді іздестіру кіреді,- деп жауап берді.
Шыңғыстың полиглот екенін әлгінде айтып өттік. Нақтыласақ, орыс тілі, ағылшын, түрік және италиян тілін меңгерген. Түрік тіліне мектепте оқып жүргенде қызығады.
Сөйтіп, өз бетінше оқып үйренеді. Ал италиян тіліне шетелде оқып жүргенде қызығушылық басталады. Бұл тілді қазір де оқып жүр. Тағы да сол жұмысына кедергі келтірмеу үшін түскі астың уақытын «ұрлайды». Бір тілді үйрену кезінде басқа тілді ұмытуға мүмкіндік жоқ. Қызмет барысында күнделікті бірнеше тілді қолдану керек. Сол секілді қазақ тіліне де қызығушылық танытатын шетелдік группаластары болыпты. Олардың ойынша, қазақ тілі құлаққа жағымды естіледі екен.
Тәртіп сақшылары үшін халық сеніміне ие болу маңызды. Шыңғыс ол үшін ең бірінші кезекте ашық болу керек деп есептейді. Бұл тәжірибені біздің елде де қолданып жатыр. Маманның сөзіне сүйенсек, шетелден үйренетін дүние көп. Мысалы, БАӘ-дегі полицейлер форма кимейді. Оларды формамен жүргенін әуежайда ғана көруің мүмкін. Оның өзінде аз. Көбінесе ұлттық киімдерімен жүреді. Бұл алдыңа келген арызданушыға психологиялық қысым жасауға себеп болмайды.
Азаматтық киіммен келсең, ашылып сөйлеседі. Ал форма алдыңдағы адамның қорқу сезімін тудырады. Шыңғыс жақында болған шетелдік сапарында аудармашының қызметін атқарды.
Интерпол ол басшыларының кездесуінде және Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақ қызметкерлері халықаралық жарысқа қатысты. Сол жарыста әріптестеріне аудармашы болады. Ал келешекте IT саласында білім алғысы келеді.
Бұрын киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінде жұмыс істегенінде IT саласына қатысты курстарға қатысып, сертификат алып қойған екен. Алда Интерполдың инновациялық орталығында білімін шыңдауды жоспарлайды. Сарыарқаның сайын даласында дүниеге келген баланың Эверест шыңын бағындырып, Қазақстан жалауын көтерсем деген арманы да бар. Бүгіннің өзінде Эверестің 5400 биіктігін бағындыра алғаны – үлкен жетістік.
Бұдан бөлек Шыңғыс кәсіби түрде фото және видеоға түсірумен машықтанып жүр. 2006 жылдан бері ақша бірліктері мен монета жинайтын сүйікті ісі де бар. Оның коллекциясында 800-ге жуық тиын бар. Ең көнесі – Ежелгі Римге тиесілі екен(!).
«Жетістікке жету үшін оқу, өзіңді дамытуды қолға алып, бір орында тұрып қалмау керек. Жиған білімім мен тәжірибемді қылмыстың алдын алу мен қылмыскерді құрықтауға арнап, осы арқылы халықтың алаңсыз ұйқысына азаматты қүлесімді қосқым кел еді»,-дейді Шыңғыс Фазылұлы .
Жалпы Шыңғыстың басты арманы – генерал болу. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген тәмсілді жақсы білеміз. Генерал болуды армандаудың өзі жауынгердің өз өмірін Отан қорғау ісіне түбегейлі арнағанын білдірсе керек. Ал, қарапайым сарбаздан генералға дейінгі аралықта қаншама қажыр-қайрат, күш-қуат жатыр десеңізші. Осы жолда көп еңбек етіп, кәнілер жазасын тарту үшін барын салу негізгі міндетім деп есептейді жігерлі жігіт.
Дайындаған Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ