Екпенің маңыздылығы

Вакцинациялау- бұл балалар мен бүкіл халықты полиомиелит, қызылша, көкжөтел, туберкулез ауыр түрлерінен және т.б. бірқатар инфекциялардан қорғаудың ең сенімді әдісі. Екпе жасау арқылы ауруға шалдығу және өлім-жітім санын азайтуға болады, ал кейбіреуін мүлдем жоюға болады.
Әрбір адамның айналасында көптеген алуан түрлі ауру тудырғыш микробтар болады. Бірақ адам ағзасы қорғана алады. Егер микроб ағзаға түсіп кеткен болса, ішкі қорғаныс күштері, яғни микробқа қарсы антиденелерді бөлетін иммундық жүйе іске кіреседі.
Вакцина — бұл белгілі бір инфекциялық аурудың қоздырғышы болып табылатын микроорганизмдерден немесе осы микробтардың тіршілік өнімдерінен жасалатын препараттар. Вакцинаны қауіпсіздендіру үшін инфекция қоздырғышы өлтіріледі немесе ауру тудыра алмайтындай, бірақ иммунитет тудыра алатын күйге дейін әлсіздендіріледі. Ағза үшін бөгде зат болып табылатындықтан, кез келген вакцина жергілікті, сондай-ақ жалпы реакция тудыруы мүмкін. Екпенің тудыратын реакцияларының көбі жеңіл және тез өтіп кетеді. Бұл реакциялар медицина қызметкерлерінің бақылауында болады.
Вакцина егуге уақытша қарсы көрсетілім болып табылатын күйді, яғни жіті ауру немесе созылмалы процестің асқынуы, сондай-ақ тұрақты қарсы көрсетілім себебі болып табылатын процесстерді жіберіп алмау үшін екпе жасау алдында дәрігер /немесе фельдшер/ баланы қарап шығады, дене қызуын өлшейді, бар болса анасының шағымдарын тыңдайды, баланың алдыңғы екпені қалай көтергені жайында сұрастырады. Егер баланың бойында қарсы көрсетілімдер болса, онда екпе уақытша басқа мерзімге ауыстырылады, бұл туралы анасына түсіндіріледі. Егер ешқандай проблема жоқ болса, дәрігер баланың карточкасына баланың дені сау және оған екпе жасалуына рұқсат етілетіндігі жайында өз қорытындысын жазады. Вакцина егілген бала иммунитет қалыптасқанға дейін белсенді медициналық бақылауға алынады.
Вакцина егудің арқасында 1978 жылы жер бетінде нағыз шешек жойылды, ол бүкіл ауылдар мен қалаларды түгелімен қырып, ал аман қалғандар өмір бақиға бет әлпетінің ажарынан айрылатын. 2002 ж әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстан Республикасында полиомиелит жойылды, ал 2015 жылға  қарсы қызылша мен қызамақты жою жоспарланып отыр. Сіріспе, дифтерия, көкжөтел ауруларына шалдығу бірлі- жарым оқиғалар деңгейіне дейін төмендетілді. Содан да болар, біз осы инфекциялардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытып барамыз. Ал жас ата- аналар бұл инфекцияларды естіп, көрген жоқ. Соңғы жылдары әр түрлі елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында вакцинациялаудың қауіпсіздігіне күмән келтіретін басылымдар көбейді. Мұндай жалған айыптаулар адамдардың негізсіз үрейін тудырады, ал бұл бірқатар елдерде халықты екпемен қамтуды төмендетіп жібереді.
Қазіргі уақытта инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің жалғыз әдісі вакцина егу екені баршаға аян.
Құрметті аудан тұрғындары, осы мақаланы оқып, жұқпалы аурулардың қаншалықты қауіпті екенін және олардың алдын алуға болатынын түсінген боларсыздар деп үміттенеміз. Балаңыздың денсаулығы — Сіздің қолыңызда. Балаңызға екпені уақытында алуға және елінің дені сау азаматы болып өсуіне көмектесіңіз.


Айгүл ҚУАТОВА,
Жаңаарқа бөлімшелік көліктегі аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *