Алимент толеу -ардың ісі

Өмірге келген сәбидің бүгіні мен ертеңіне жауапты оның ата-анасы болып табылады.Оның бейқам, бақытты балалық шақты басынан кешіру ата –ананың басты міндетті болып табылады.
Өкінішке орай, елімізде жыл сайын ерлі-зайыптылардың ажырасуы белең алып, оның зардабын перзенттері тартады. Себебі уыздай ұйыған алтын ұясы бұзылып, ата- ана махаббаты қаққа айырылып, көңілдері күпті болады.
Сот бұйрығына сәйкес, өз балаларына өндірілген алиментті төлемес үшін немесе соммасын азайту үшін борышкерлер түрлі амалдар қарастырып, қашып жүреді. Бұрын баласын тастап, безе қашқан ер-азаматтарға «көкек әке» деп қарасақ, қазір тар құрсағын жарып шыққан сәбилеріне без бүйректік көрсетіп, оларды әкелеріне, туған-туыстарына тастап, алимент төлемей безініп жүрген аналардың да қатары көбеюде.
Алайда алимент берешегін уақытылы төлемеген жағдайда борышкерлерге тиісті жауапкершілік қарастырылғандығын бірі болмаса, бірі ескере бермейді.
Атап айтқанда әдейі алимент төлеуден жалтарғандар борышкер сот орындаушысының ұсынуы негізінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау, жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқтырады.
Кейін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамай сот шешімін елемей жүре берсе, өндіріп алушы жеке шағымы негізінде борышкерді Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарта алады.
Аталған бап бойынша борышкер, яғни ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша жоғарыда аталған бап бойынша 1 борышкер 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасымен сотталып пробациялық бақылауда болды. Енді 1 борышкерге қатысты қылмыстық іс Жаңааарқа ауданының полиция бөлімімен тергелуде.
Аудан аумағында алимент борышын өтеуден қасақана жалтарып жүрген берешек соммасы 12 429 649 теңгені құрайтын 6 борышкер анықталған. Жеке сот орындаушысы олардың тұрақты мекен-жайын анықтап, оларды жауаптылыққа тартуға шара қолдануда.
Әр бала біздің мемлекетіміздің келешегі. Ұлы Абай: “Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде ақылында өнер білімінде”,- деп айтқан. Бабаларымыз бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, жетімін де, жесірін де жылатпаған. Сол себепті ата –ананың ажырасып кеткені, балаларына салмақ болып тимеу керек, олардың болашағы жарқын болушы үшін екі жақта қамқорлықтарына бөлеп, жақсылық пен тәртіптілікке баулып өсіруі қажет.
Аудан прокуратурасы ата-аналарға балаларына алименті уақытылы төлеп, олардың тәртібі мен тәрбиесіне жиі көңіл бөлуге шақырады.

Д.Е.АЛИПБАЕВА,
Жаңаарқа ауданының прокуратурасының прокуроры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *