Интернет-алаяқтық өршіп тұр

Бүгінде интернеттің заманы болғандықтан, қоғамда оны барлығы дерлік пайдаланады. Түрлі әлеуметтік желілерден бастап, бір затқа тапсырыс беру, құжаттар рәсімдеу, ақша аудару сияқты көптеген жұмыс та осы интернет арқылы жүзеге асады.
Дегенмен қарапайым халық үшін мұның пайдасымен қатар, зияны да бар. Қазіргі кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан немесе әлеуметтік желілерден интернет алаяқтықтың құрбаны болғандар туралы жиі байқайтын болдық.
Олардың жариялаған шағымдары да жұрт назарын өзіне аударуда. Шынында да, қазір оңай олжаға кенелгісі келетін, қиналмай-ақ қаражат табуды мақсат еткен алаяқтардың қаптап кеткені рас. Ал олардың құрған қақпанына түсіп қалып, артынан аһ ұрып жатқан қарапайым халық та аз емес. Бұл ретте полиция қызметкерлері алаяқтардың құрбаны болмас үшін тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды жиі айтады. Көбінесе мұндай деректер банк карталары мен есепшоттардан қаражат ұрлаумен, азаматтардың жеке деректерін алаяқтық жолмен пайдаланумен, тауарларды сату немесе тиісті қызметтерді көрсету туралы хабарландырулар берумен, сондай-ақ ақшаны пайдалы бизнеске салу туралы жарнамалармен байланысты да орын алады екен. Десе де, полиция қызметкерлері
қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында профилактикалық бейнероликтерді көрсету арқылы алаяқтардың айла-амалдарынан қорғануға қатысты алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Нәтижесінде, біраз қылмыскер ұсталды. Сонымен қатар қазіргі таңда өңірде екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен кибералаяқтықтың алдын алу бойынша да бірлескен жұмыс атқарылуда.
Негізінен алаяқтардың барлық веб-ресурстарды қолдана алатыны және жалған парақшалар жүргізетіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, интернеттің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ал талай жыл маңдай терімен тапқан табысын оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қолына ұстата салуды ешкім де құптамайды. Қазіргі замандағы озық технологияның бірі делінетін интернеттің шарапаты уақытты үнемдеу, қажетті мүмкіндіктің бәріне қол жеткізу болса, залалы осы алаяқтардың қаптап, олардың құрбандарының саны көбейгенінде болып отыр.

Сәнім ЖАМбЕК,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика факультеті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *