Алғыс айту – асыл қасиет.

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен лімізде тыныштық пен үндестіктің орнығуына, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орын алуына негіз болған күн. Бұл – тағдыр тәлкегімен  Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты  қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңде олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатын

астың өнегелі өлшеміне айналды. Мерекенің мәні мен маңызы жөнінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Амантай Нығатайұлымен әңгімелескен едік.

-Амантай аға, Алғыс айту күні мерекесінің басты құндылығы неде?
-Мереке алғаш енгізілгенде әркімнің түрлі күй кешкенін байқағанымыз бар. Зұлмат жылдардың зардабын шеккен көнекөз қарияның жүзі жадырай елең ете қалып, іле ауыр күрсініп, тұңғиық ойға батқанын көрдік. «Жөн екен» деді бар болғаны. Ашылып ештеңе айта қоймады, бәлкім мәжбүр болды. Үшіншіден осы өліара шақта өнеркәсіп нысандарының құрылысына  сол жылдардан бойына сіңген әдеті болар.
Аға ұрпақтың ол заман туралы сараң әңгімесіне құлақ түре жүріп, кеңес дәуірінің оқулықтарындағы ел тарихы туралы ақпаратты өз ізденістерімен толықтырып өскен азаматтардың көңіл түкпірінде жүрген бір арманы орындалғандай, көздерінде жігер оты ойнап, айналасына еңсесін тіктей қараған бейнелері де көз алдымызда. Ойлы, саналы азамат үшін бұл қажеттігі ешқандай дәлелдеуді талап етпейтін, барша қазақстандықтарға түсінікті мереке ғой.
Елімізді мекендеген этнос өкілдері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес біліп, етек жапқан жаста келгендер, бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жатты. Шындап келгенде бұл бірліктің, ынтымақтың мерекесі. Аталы сөзбен пайым еткенде “Жақсы сыйласқанның құлы”, “Сыйға – сый, сыраға – бал”, “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”, “Сыйласқанның суын іш” дейтін даналықтың тереңдетілген мәні. Баба дәстүр арқылы «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады» ырым-тыйымдарын басшылыққа ала отырып ұрпақ тәрбиесін ұрпаққа аманаттап, ізгілік мұнарасын қалыптастырып отырған қазақы ұғымда сыйластық пен құрметті маңызды санап келді. Енді осындай телегей танымға ие елімізде көп этносты халық мекендейтінін ескерсек сыйластықты мұрат еткен мерекенің болуы заңды еді. Содан да бұл жолда түсінік пен таным өзгеше қалыптасты десек болады. Осы тұрғыда Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін ерекше күні болып табылмақ.
-Енді осы мерекенің өзі еліміздегі этностардың алғыс айтуы деп санар болсақ, не үшін алғыс айтуы керек сұрағының туындауы заңды.
— Осыған орай кері шегініс жасауға тура келеді. Яғни, ХХ ғасырда Қазақстанда көп этностың қалыптасуы көрініс тапты. Ондағы басты себеп біріншіден Столыпин реформасы тұсында шаруаларды қоныстандыру бастамасы деуге толық негіз бар. Осы кездері қазақтың кең байтақ даласына Украйна, Ресей, Беларус елдерінен 1 миллион 150 адам ағылып келді. Екіншіден 1930 жылдары жүргізілген ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа қоныс аударуға 1,2 миллион адам жұмылдырылды. Төртіншіден Сталин режимі кезінде тұтастай бір халық, айталық неміс (800 мыңға жуық), поляк (100 мыңнан астам), Солтүстік Кавказ халықтарының (500 мыңнан асады) өкілдері, корейліктер (15 мыңнан астам) жер аударылды. Осының бәрі көпэтностың қалыптасуының бастау көзі болды десек болады. Сол қиын қыстау, өтпелі шақта жат жұртқа қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына басып, жерін беріп, тіпті бір тілім нанына дейін бөлісіп жеген жергілікті қазақтар еді. Содан бері жоғарыда аталған ұлт өкілдері бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ пәни дүниенің күллі қиындықтарын, жоқшылығын, қуаныштарын бірге бөлісіп, бірге көріп келе жатқан жайы бар. Сол бір қиын заманда да қолдан келген көмегін көрсетіп, жомарттығын, қонағуарлығын танытқан иісі қазақ ұлты бүгінде сол этнос өкілдерін мәпелемесе кемсітіп отырған жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атып, егеменді ел атанған, жаһандық көшке ілескен баяшатты ғұмыр кешіп жатқан осы бір бейбіт заманда кешегіні еске алып, құлан таза тіршілік үшін Алғыс айту күнін тойлау әсте жарасымды.
Бұл күні еліміздегі барлық этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас ұлттық бояуы қанық сан алуан мәдениетін көрсетіп, оның елдік өркениет жолымен қанат жайып, дамып жатқанын, бірлігі бекем біртұтас ел құрудың заманауи келбетін қалыптастырып жатқан Қазақстанды әлемге таныта беретін күн.
-Алғыс айту күнінің басты мақсаты қандай?
-Ғалымдар «Алғыс айту» күнін тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара деп, ал ұстаздар қауымы жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю, еліңнің ізгі қасиеттерін біліп, бағалау қасиеттерін сіңіретін мереке екенін айтады. Қош, қалай болмасын мерекенің басты мақсатының бірі –тәрбие мен білімді қатар ұштастыра отырып, замана жастарының, өскелең ұрпақтың бір-біріне деген құрметін, сыйластығын, бірлік танымын оятып, діңі берік, тамыры терең отансүйгіштікке тәрбиелеу, сонымен қатар Қазақстандағы барлық этностардың бірлігі мен келісімін нығайта түсу болып табылады.

janaarkagazeti-akparat

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *