Еңбегін ел бағалаған азамат.

 

Қыдыр қонып, бақ дарыған, қасиетті мекен, Арқаның асылы, жазиралы Жаңаарқамыздың іргесі қаланғанына ғасырға жуық уақыт өтті. Туған өлкеміздің абырой тұғырында асқақтауына өз үлесін қосқан тұлғалар есімін біз мақтанып та, марқайып та атаймыз. Кезінде жігері жалындаған жігіттер бүгінгі таңда сақал-мұрты бурыл тартқан қазыналы қарияларға арналды. 
Ауданымыздың өткенін зерделер болсақ, тарихи кітаптарға бас қоямыз, не болмаса аймағымызбен бірге есейген, көпті көрген, айтары мол үлкендердің әңгімесіне құлақ түреміз. Ол кісілердің еңбек жолы, біз үшін туған жеріміздің тарихы іспеттес.
Бүгінгі кейіпкеріміз ретінде Қайролла Әбеуовты алуымыз да тегін емес. Ол кісі кезінде ең күрделі де қиын сала — коммуналдық шаруашылық саласын жандандыруға ат салысқан кісі.
Ауданымыздан небәрі он жасқа ғана кіші ақсақал Алла қаласа жаздың соңғы айында сексен бес жасты бағындырмақ. Ол кісі 1939 жылы Ақтау ауылында өмірге келіп, балалық шағының біразын сол мекенде өткізеді. 1953 жылы отбасы аудан басына қоныс аударады. 1957 жылы аудан орталығындағы В.И.Ленин (қазіргі О.Жұмабеков) атындағы орта мектепті тәмамдайды. Жас түлек Петропавлск қаласындағы механический техникумға оқуға түсіп, құрылысшы мамандығы бойынша дипломды болады.
Жалпы Қайролла ақсақал техник-құрылысшы, бас инженер, прораб, мекеме басшысы болып, жүрген жерінде нәтижелі еңбек үлгісін көрсете білген адам. Өз кезеңінің алып құрылысы «ЕртісКаналҚұрылыс» мекемесінің бас кеңсесінде орынбасар болып тағайындалуы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қай жерде жүрсе де жемісті еңбегінің арқасында жауапкершілігін, ынтасын, еңбекқорлығын дәлелдеп келді. Ал, ішіндегі шоқтығы биік қызметі – коммуналдық мекемелер комбинатын (комбинат коммунальных предприятий) басқарған кезеңі.
Ол уақытта аталмыш мекеменің жағдайы мәз болмады. Төлем қабілеті мүлдем төмен, қарызын жабу үшін тек бюджет қаражатына қарап отырды. 1985 жылдың күзінде мекемені басқаруға келген Қайролла ақсақал жағдайды сараптап алып, бірден жұмысқа кірісті. Осындай күйреу алдында тұрған мекемені білікті басшы екі жыл ішінде миллионер етіп шығарды. Қызмет көрсету 100 пайызға жетті.
Ол кезде бұл мекеменің жұмысы қазіргідей жеке-жеке емес. Әсілінде құрамына бірнеше қызмет түрін кіріктірген ұйымды табысты басқару жұмыстың жеңілінен емес. Қайрекең жұмыстың орайын тауып, орамды тұсын дөп басқан басшы ретінде діттеген мақсатына жете білді. Мәселен, халықты жылумен, сумен қамту жүйесіне кіретін 13 жылу қазандығы, су және жылу құбырларының жұмысын үздіксіз қамтасыз ету, одан бөлек монша, кір жуу, қонақ үй, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, көшені жарықтандыру қызметі осы коммуналдық мекеме комбинатының міндетіне кірді.
Аз уақыт ішінде үлкен табысқа жеткен ұжымның сыры неде дейсіз ғой? Бұл жерде ешқандай сыйқырлы таяқтың күші жоқ. Зор білім, қажыр-қайрат, жауапкершілік, еңбексүйгіштік үйлесім тапқан кезде осындай таңдай қақтырып, көңіл сүйсінтер нәтиже болады. Қайролла ақсақал қыс-жаз демей, күндіз-түнге қарамай қазандықтарды жаяу аралап, жұмыскерлердің басы-қасында жүруі, үнемі бақылауда ұстауы еңбек өнімділігін арттырды.
Қайролла ақсақалдың қолданған ең бір ұтымды тәсілі – жылу қазандығынан шығатын күлді пайдаланып, кірпіш жасағаны болды. Көл-көсір күлді босқа рәсуа етпей, қажетті құрылыс материалын жасап, оны сатып пайда тапса, бір жағынан үй де тұрғызып жатты.
Комбинаттың пайдасынан түскен қаражат есебінен қызметкерлер үшін 30 екі қабатты үй салынып, 60 адам баспаналы болған еді. Болашақ үй иесінің құрылыс аяқталғанша өзі қадағалауы баспананың сапалы болуына үлесін тигізді. Бұл да Қайрекеңнің қолданған бірпайдалы әдістерінің бірі болды.
Жаз мезгілінде саны 300-400-ге дейін жететін жұмыскерлердің жалақысы да өте жоғары болды. Нәтижелі еңбек ырғағын үйлестіре білген басшы темірдей тәртіп те орнатты.
Ұжым ішінде келіспеушілік немесе жеке мәселелер туындап жатса барлығын басшы ретінде өзі шешті. Қызметкерлердің сотқа жүгініп, шектен шығатындай әрекеттерге баруы мүлдем болған жоқ.
Қайролла ақсақал мекеменің негізгі жұмысын ширатумен қатар, қызметкерлерінің мәдени-рухани қырынан дамуын көздеді. Комбинат еңбеккерлерінен құралған «Жазира» ансамблінде ән-күйдің балын тамызатын өнерпаздар жиналса, «Сарыарқа» аула клубында спортқа әуес жігіттер бас қосты.
-Ол кезде ансамбльге, спорт клубына қажетті аспаптар, құрал-жабдықтар Қарағанды қаласын да табылмады. Алыстығына да, бағасына да қарамастан сонау Мәскеу қаласынан алдырған едім. Мекеме өнерпаздарының, спортшыларының жетістігі керемет болды. 1987 жылы Қаражал қаласындағы түрмеден арнайы мүсіндерді тапсырыспен алдырып, Ұлыстың Ұлы күні Наурызды ерекше атап өтіп едік. Бұл уақытта ұлттық нақыштарымыз ептеп қайта оралып жатқандықтан төл мерекемізге қазақы реңк беру маңызды болды. 
Спортшыларымыз Бақтыбай Бозов, Бейсен Окумов, Серік Асанов, Бейбіт Әбеуов, Жарқын Әбеуов тағы басқалары Сәтбаев, Қарағанды, Теміртаудың аула клубтарымен кездесулер өткізіп тұратын,-дейді өз сөзінде Қайролла ақсақал өткенге оймен оралып.
1991 жылы Қайролла ақсақал жұмысынан өз еркімен шығып, өзі жеке кооператив ашады. 2013 жылы көңілге түйгені мен көргені мол еңбек ардагері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бұл орында да ол кісі кеңсе тауып, оны құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін көп еңбек сіңіреді.
«Қолынан ештеме келмеген адам ғана өмірге өкпелі болады»,-деп есептейтін ақсақалдың әлі де алға қойған жоспарлары, жетем деген мақсаттары баршылық. Ол кісінің ауданымызға сіңірген еңбегі, жасаған жұмыстары бір мақалаға арқау бола қоймас.
Сондықтан, ауданымыздың торқалы тойымен қатар келетін Қайролла ақсақалдың мерейтойына орай, алдағы уақытта да құнды мақалалар жариялайтын боламыз.

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *