« Медиация мақсаты-бітімгершілік»

Қазақ халқы үшін бітімгершілік-билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі.Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес.   

Қазіргі таңда дауласқан тараптардың арасында сот залынан бір-біріне ренішті қабақпен емес,татуласып шығатын жағдайлар көбеюде. Бұл ымырашыл халықтың өзіндік сара жолын дамытуда сот жүйесінің де алар орны ерекше екендігін аңғартады. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 174-бабы бойынша сот (судья) тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға процестің барлық сатысында жәрдемдеседі. Сотта тараптардың татуласу келісімін жасауға, медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге келуге және дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеуге мүмкіндігі бар. Татуласу келісімі-сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалады. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Татуласу келісімін сот бекітеді.Дауды медиация тәртібімен реттеу-дауды (жанжалды) судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы мәлімделген өтінішхат негізінде жүзеге асырылады. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» заңына сәкес және осы кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді. Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз Қазақстан Республикасы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес екі тарап адвокаттарының не заң кеңесі палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі. Аталған татуласу рәсімдері барлық сатыдағы соттарда жүргізіледі. Татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда судьяның нақты міндеттері де заңнамамен нақтыланған. Дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді азаматтық сот ісін жүргізудің бірден бір міндеті ретінде бекіте отырып,судьяға талап қою қабылдаған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып,істі қараудың барлық сатыларында талапты түсіндіру жүктелген.

Сотта татуласу бойынша татуластырушы судья ұғымы енгізіліп,онда талап қою келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде татуластырушы судья тараптарды бітімге шақырып,келісімге келген жағдайда талапты өндіріске алмай-ақ қысқартуға мүмкіндік туды. Осы реформа оң нәтиже беріп, 2021 жылы Азаматтық процесстік кодексіне өзгерістер еніп,татуластыру мерзімі он күннен он бес күнге ұзарды. «Сотқа дейінгі хаттама» институты қолға алынып,нәтижесінде дауласқан тарап хаттамаға өздерінің дәлелдері мен ұсынысын көрсете отырып бір бітімге келе бастады.

Сотта татуласудың бірнеше тиімді тұстарын атап өткен дұрыс. Алдымен дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу сот шешіміне қарағанда тараптардың бітімге келуіне ыңғайлы. Яғни,жеңілген тарап болмайды. Татуласу келісімін жасау арқылы соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Мемлекеттік баж алымы тараптарға қайтарылады. Татуласудың қандай түрі болса да,тараптар арасында ерікті түрде жасалатындықтан, онда көрсетілген талаптарды орындау міндетті. Ал ерікті түрде орындалмаған келісім бойынша өтінішхат негізінде атқару парағы жасалынады. Бұл жағдайда келісімді бекіткен ұйғарымның сот шешіміне қарағанда заңды күшіне енетінін ескерген жөн. Әрине, соттар мен өзге уәкілетті органдар дауды шешудің осы бір тиімді тәсілдерін насихаттау жұмыстарын жүргізгенімен, тараптарды бітімге шақырғанымен, таңдау тараптың өз еркінде.

Қорыта айтқанда, медиация заңы қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар жолымен келген. Дәстүрлі әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі,тиімділігі мен болашағы зор деп есептеймін.

          Жаңаарқа аудандық сотының төрағасы Каримова Бота Каримовна

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *