Абайлаңыз, қызылша!

Қызылша — вирустық сипаттағы ауа арқылы тез таралатын жұқпалы аурудың бірі. Инфекцияның негізгі көзі — қызылша вирусымен ауырған науқас адам. Ол ауа тамшылары арқылы түшкіру, жөтелу кезінде шырышпен сыртқы ортаға көп мөлшерде бөлініп, жұқтырады. Жоғарғы тыныс жолдары арқылы ену кезінде қанмен тасымалданып, тері жасушаларын, көз бен ауыздың шырышты қабығын, тыныс алу жолын зақымдайды. Сондықтан екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Қызылшаның басты белгісі — бастапқы 2-4 күнде катаральді түрде мұрынның шырышты секрецияларынан су ағу, құрғақ жөтел, дауыстың қарлығуы, ісіну, конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), тәбеттің болмауы, әлсіздік, ұйқысыздық, температура жоғарылап, бас ауруы болады. 3- 4 күннің ішінде қызыл дақты бөртпелер шығып, бірінші — құлақ артында, бет жақта, кейін барлық денеде таралады. Сонымен қатар ауыз қуысының шырышты қабығында ақ – сұр түсті дақтар (Филатова — Коплик дақтары) пайда болады.
Аурудың диагностикасы — дәрігер ауруды диагноздың клиникалық көріністеріне және шағымдарына сәйкес қояды. Қосымша — жалпы қан мен зәр анализі, серологиялық зерттеу секілді анализдер алынады.
Қызылшаның сенімді алдын-алу әдісі – екпемен белсенді иммундау. Қазақстан Республикасының міндетті бекітілген вакцинация күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы егілу 1 және 6 жастағы балаларда, сондай-ақ қызылшамен ауырмаған 30 жасқа дейінгі ересектерге екпе алу қажет.
Егер екпеге қарсы болсаңыз, сіз ауруды жұқтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан қызылша ауруының алдын алудың бір жолы осы ауруға қарсы екпе алу болып табылады.

Е.П.Ткаченко

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *