Тазалық тәртіптің айнасы. Тәні саудың-жаны сау.

Әр қоғамда қозғаушы күш ретінде ел мен жер данқын көтеруші халық болып табылады. Тәртіп пен талапты алға қойған әрбір саланын сары алтындай санаулы мамандары тер төгіп еңбек етуде. Ел басына қандайда қиындық түскенде қорғаушыларымыз қасық қаны қалғанша қорғаса, ақ халатты абзал жандар адам өмірі үшін күреседі. 2020 жыл еліміз үшін аса ауқымды дерттің алдын-алу мен күресу шараларын қолданумен өтті. Сол жылдары санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жұмыстары айрықша көзге түсті. Ауданымызда күні-түні белгісіз аурудың алдын алу үшін дәрігер мамандар бар күшін жұмсады. Тазалық пен тәртіпті ауру мен дерттің алдын алушы «Жаңаарқа ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» Республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушысы Айдана Бейбітқызы Оманай мен сұқбаттасқан болатынбыз.

Сәлеметсіз бе! Осы салада жұмыс атқарып жатқаныңызға қанша жыл болды?
-Осы санэпид бақылау саласында қызмет етіп келе жатқаныма 5 жыл болды. 1993 жылы Ұлытау облысы, Сәтпаев
қаласында дүниеге келдім. 2000-2011 жылдары Сәтпаев қаласы Абай атындағы мектеп-лицейін тамамдадым. 2011-2015 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің бакалавры бойынша білім алдым. 2016-2018 жылдары Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің магистрі атандым.
2012-2015 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің кіші лаборант қызметін атқардым. 2015-2017 жылдары Жезқазған и н д у с т р и а л дық – г ума н и т а р и я лық колледжінің химия, биология пәнінің ұстазы болдым. 2017-2018 жылдары – Астана қаласы бойынша «Сот сараптама институтында» эксперт қызметін атқардым. 2019 жылдан бері Жаңаарқа ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жетекші маман болып қызметімді бастадым. Қазіргі таңда Басқарманың бөлім басшысы қызметін атқарамын.
-Сала қызметі жайлы айта кетсеңіз?
-Санитариялық-эпидемииологиялық бақылау басқармасы өз құзіреті шегінде халық мүддесіне тікелей қызмет ететін орган. Халыққа қызмет көрсететін объектілерді санитариялық – эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін қадағалауды жүзеге асырады. Атап айтсақ, тамақтан уланудың алдын алу мақсатында санитариялық талаптарға сәйкес тамақ өнімдерін өндіруге, тасымалдауға және өткізуге, балалар мекемелерінің, мектептер мен орта оқу орындарының санитариялық-эпидемиологиялық жай – күйін бақылап отырады. Халық денсаулығына зиянын тигізетін объектілердің жұмысын тоқтату, олардың қызмет саласына кәсіпорындар мен Жаңаарқа ауданындағы барлық ұйымдарда белгіленген санитарлық нормалар мен ережелердің орындалуын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау кіреді.
Сондай-ақ, инфекциялық, паразиттік аурулардың, кәсіптік аурулардың пайда болуы мен таралуы, объектілерге карантин енгізу, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер де халықты иммундау мәселелерін шешеді. Халыққа салауатты өмір салтын насихаттауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, ауданымыздың қоршаған ортаға санитарлық-эпидемиялық қадағалауды жүзеге асырады: атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластануын алдын алуға, сумен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Санитариялық талаптарының және нормаларының сақталмауы кезінде заң бұзушылық орын алған жағдайда әкімшілік жаза қолданылады.

— Мекемеде қанша қызметкер жұмыс жасайды?
-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің жұмыстарының негізгі принциптері адалдық, кәсібилік, құзыреттілік, ашықтық болуы керегін және мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты азаматтардың әл-ауқатын жақсарту болып табылатынын атап көрсетті. Осы қасиеттерге ие Жаңаарқа ауданының санитариялық- эпидемиологиялық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған санэпид бақылау Басқармасының штатында 12 жұмыскер қызмет етеді. Әр саланың өз маңызы, міндеті бар. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды. Мемлекеттік қызметші өзгелерге өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы керек екенін естен шығармаймыз.
-Қызылшасы ауруы туралы не айтасыз?

Қазіргі таңда қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал өршуде. Қызылша — вирустық сипаттағы ауа арқылы тез таралатын жұқпалы аурудың бірі. Инфекцияның негізгі көзі — қызылша вирусымен ауырған науқас адам. Ол ауа тамшылары арқылы түшкіру, жөтелу кезінде шырышпен сыртқы ортаға көп мөлшерде бөлініп, жұқтырады. Жоғарғы тыныс жолдары арқылы ену кезінде қанмен тасымалданып, тері жасушаларын, көз бен ауыздың шырышты қабығын, тыныс алу жолын зақымдайды. Сондықтан екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды. Қызылшаның басты белгісі — бастапқы 2-4 күнде мұрынның шырышты секрецияларынан су ағу, құрғақ жөтел, дауыстың қарлығуы, ісіну, конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), тәбеттің болмауы, әлсіздік, ұйқысыздық, дене қызуы жоғарылап, бас ауруы болады. 3-4 күннің ішінде қызыл дақты бөртпелер шығып, бірінші -құлақ артында, бет жақта, кейін барлық денеде таралады. Сонымен қатар ауыз қуысының шырышты қабығында ақ –сұр түсті дақтар (Филатова — Коплик дақтары) пайда болады. Аурудың диагностикасы — дәрігер ауруды диагноздың клиникалық көріністеріне және шағымдарына сәйкес қояды. Қосымша — жалпы қан мен зәр анализі, серологиялық зерттеу секілді анализдер алынады. Қызылшаның сенімді алдын-алу әдісі – екпемен белсенді иммундау. Қазақстан Республикасының міндетті бекітілген вакцинация күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы егілу 1 және 6 жастағы балаларда, сондай-ақ қызылшамен ауырмаған 30 жасқа дейінгі ересектерге екпе алу қажет. Сонымен қатар, 2023 жылдың 6 қарашадан
бастап қосымша иммундау басталды. Сондықтан қызылша ауруының алдын алудың бір жолы осы ауруға қарсы екпе алу болып табылады.

-Мараторий жайлы айта кетсеңіз?
-Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығы шықты. Яғни, бұл Жарлықта Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтату туралы айтылады. Дегенмен адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіруге алып келетін жағдайлар болса жоспардан тыс тексеріледі.
Әрқашан тазалық пен тұрақтылықты көздейтін тәртіпке жауапкершілігі жоғары аудандық СЭС мекемесі. Қызметкерлер мен мекеме басшыларына жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Қуаныш Төлеутай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *