Ұлытау облысында бүгін 30 отбасы қоныс тойын тойлады

Халықаралық отбасы күніне орай Сәтбаев қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтарға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Жалпы ауданы 2000 шаршы метрге жуық болатын бес қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне берілді.
Қоныс иелерін құттықтаған Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірде халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысына жергілікті бюджетпен қатар инвестициялық мүмкіндіктер де кеңінен тартылып жатқанын жеткізді.
«Облысымыз құрылған уақыттан бері 365 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 100 мың шаршы метрге жуық баспананың құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл тағы 800-ден астам отбасының жаңа қонысқа ие болуына мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңіріміз биылғы қаңтар-наурыз айларындағы республикалық көрсеткіш бойынша құрылыс көлемінің өсімі жөнінен көшбасшылар қатарынан көрінді», – деді өңір басшысы.
Жаңа баспаналы болған отбасылар қуаныштарын бөлісіп, көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.