Қазақстан Республикасының Конституциялық Реформасы
Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциялық реформаларына арналған маңызды өзгерістер мен жаңалықтар жөнінде пікірімді айтып өткім келеді. Бұл реформалар еліміздің саяси және әлеуметтік өміріне түбегейлі әсер етуге және халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында жарияланған бір палаталы Парламент құру бастамасына негізделгендігі баршаңызға мәлім. Осы бастаманың аясында конституциялық реформа жұмыстары басталып, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 21 қаңтардағы №1157 жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға шамамен 130 адам кірді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер болды.
Қазақстанның барлық азаматтары мен қоғамдық ұйымдары тарапынан ұсыныстар қабылданып, талқылаулар жүргізілді. Қоғамдық пікірлердің нәтижесінде жаңа Ата Заңының жобасы қалыптасты.
Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекет негізіне және қоғамдық келісімге тікелей қатысты мәселе болғандықтан, ашық әрі жария форматта өтіп, ресми сайттарда, әлеуметтік желі парақшаларында комиссия отырысының қызметі туралы ақпарат барлық қалаған азаматқа қолжетімді болды.
Конституциялық реформа – мақсаттары мен мазмұнына тоқтала кетсем, Президенттің айтуынша, конституциялық реформаның басты мақсаты — Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғырту. Бұл реформа елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру үшін маңызды. 2025 жылы құрылған жұмыс тобының құрамына құқықтанушылар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіріп, олар азаматтардан түскен ұсыныстарды мұқият саралап, жүйеледі.
Жұмыс барысында Комиссия мүшелері Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу бойынша шешім қабылдаған болатын.
Конституциялық реформалардың басты идеясы – мемлекет пен қоғамның өзекті құндылықтарын айқындау, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыру.
Жаңа Конституцияның тұжырымдамалық өзгерістері, ол Конституцияның жаңа мәтінінде адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бұл маңызды өзгеріс, себебі адам құқығын қорғау Қазақстанның заң шығару жүйесінде бірінші орынға қойылды.
Конституцияның жаңа мәтінінде әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет жоғары заңдық деңгейде бекітілді.
Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді. Бұл өзгерістер еліміздің халықаралық аренадағы дербестігін нығайта түседі.
Атап өтерлік тағы бір маңызды жаңалық – азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы жаңа норма енгізілді. Бұл заңның заман талабына сай болуын және цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беруін қамтамасыз етеді.
Жаңа конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.
Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Парламент және саяси жүйедегі өзгерістерге келер болсақ, Бір палаталы Парламент құру. Жаңа Конституцияда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент құру көзделген. Бұл реформа Қазақстандағы саяси институттардың тиімділігін арттырып, азаматтардың Парламентке қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар, пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын жетілдіруге және олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Жаңа конституциямызда жаңа жалпыұлттық диалог платформасы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесі құрылып, ол заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады. Бұл Кеңес ел халқының мүддесін білдіретін маңызды институтқа айналады.
Конституцияда алғаш рет вице-президент институты енгізілді. Ол Президенттің атынан Қазақстан мен шетелдермен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін болады.
Жаңадан енгізілген маңызды баптардың бірі — Адвокаттар мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап, бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың сапасын арттырады деген сенімдеміз.
Сонымен қатар, Конституцияда зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі қарастырылып, еліміздегі инновациялық даму мен ғылыми жетістіктердің құқықтық қорғалуы қамтамасыз етілді.
Азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған тағы бір маңызды жаңалық — миранда ережесінің енгізілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау деңгейін арттырады.
Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Кіріспеде, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қоғамдағы өзекті мәселелер мен заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі, елдің тұрақтылығын және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттің болашағына, оның халықаралық беделін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған ауқымды қадам болып табылады. Бұл реформалар еліміздің заң шығару жүйесін жаңартып, саяси және әлеуметтік өмірді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Соңғы шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы,
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі
Б.Қ. Шыңғысов