ӨРІСТІ ӨМІРДІҢ ӨШПЕС ІЗІ
Сынаптай сырғыған уақыт!.. Кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген аптал азамат, ұлағатты ұстаз Өмірбек Айтжановтың дәуірін теріс айналдырып, фәни жалғаннан бақиға озғанына да, міне, жыл айналыпты. “Адамның кісілігі – еліне сіңірген еңбегінен, азаматтық тұлғасы – айналасына төккен шуағынан көрінеді” десек, Өмкең сондай биік өлшемдерге лайық, болмысы бөлек жан еді. Қаражалда туып, Жаңаарқада түлеген ол саналы ғұмырын ағарту саласына арнады. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген соң, үлкен еңбек жолын Ортау ауылындағы мектепте мұғалімдіктен бастапты. Кейінде аудан орталығындағы кәсіптік техникалық учлилщеде еңбек еткен. Содан 1993 жылдан өмірінің соңына дейін Бидайық орта мектебінің мұғалімі болып табан аудармай қызмет атқарды. Жоғары санатты ұстаз болды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне есепсіз еңбек сіңірді. Зият білімді, парасат-пайымы мол педагог ретінде шәкірт санасына білім нәрін құйып қана қоймай, олардың бойына адамгершілік асыл қасиеттерді дарыта білді. Жарық дүниені жан-жақты танып-білуге талпыну тек қана оқу-білім арқылы жүзеге асатынын, үздіксіз ізденіспен келетінін тумысынан талапшыл, табанды азамат ерте бастан көңіліне берік орнықтыра білгендей. Сол қасиеттер оны парасаттылыққа, қайырымдылыққа, кеңдікке, адалдыққа етене етіп, бойына ұшқыр ой, мол пайым, таусылмас қажыр-қайратты молынан дарытқан. Соның арқасында Өмірбек ұзақ жылдар сонарында мынау өткінші өмірдің қалың қатпарларын жүрек күшімен жете түсінген, жіті сезінген, мият мақсатты, барша тыныс-тіршілікке жаны алаң, өзіне де, өзгеге де аса талапшыл, жақынға да, жатқа да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетуге талпынып тұратын тағылымды тұлға болып қалыптасты. Жаңарып жатқан өскелең қауымның жасы үлкеніне – іні, жеткіншегіне аға болатындай абыройға ие болды. «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деген ұлағатты сөз бар. Адамның басты қасиеті – қарапайымдылығы, тілектес, ниеттестігі болса керек, сол тұрғыда Өмірбектің зияттылығы, білімділігі, шынайылығы, үлкен-кіші, алыс-жақынның бәріне құшағы ашық, көңілі таза, көпшіл, досшыл дарқан мінезі еріксіз тәнті ететін. Өмкеңмен біздің таныстығымыз, жолдастығымыз сонау қызуы мол, қызығы көп студенттік жылдардан
тамыр тартады. Шіркін, біздің студенттік өмір нағыз ғажайып жылдар еді-ау!.. Айта кеткен жөн, ол жылдары университеттің филология факультетіне қабылданатын бес топтың біреуі ғана қазақ тобы болатын. Сол бағы жанған жиырма бес студенттің бірі атану – бәсі жоғары оқу орындары, мамандықтардан бір де кем емес бұйырған бақ еді. Сөйтіп, алыс ауыл-аудандардан түлеп ұшып, қаздай тізіліп Қарағандыға келіп, арманның биік асуына баспалдақ қойған кезде табысқан, бірге білім алған, студенттік жалынды жылдарды өткерген жастар кейіннен арамыздан қыл өтпестей қимас дос, сыйлас жолдас болып кетіп едік. Біздің студенттік жылдарымыз негізінен жатақханада өтті. Түрлі басқосулар, отырыстарымыз көп болатын. Жаз болса студенттік өмір тіпті қызатын. Футбол, волейбол алаңдарында доп жерге түспейтін. Арманшыл бір топ қыр асып барып, костер жағып отыратын. Ән-жыр бір де үзілмейтін. Басқаны білмейтін, өз басыма қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қатар тұрған төрт жатақхана жастықтың жалыны, қызуымен қозғалып тұрғандай әсер беретін. Бір ғана топ болған ба, біз барынша тату едік. Соның бір дәлелі – топтың үш жігіті үш қызымызға үйленді. Өмірбек те оқып жүріп, Қарқаралының ару қызы Қорланмен көңіл қосып, шаңырақ көтерді. Бір топ болып барып, Сәкен ауылында өткен үйлену тойларына қатысқанымыз күні кешегідей көз алдымызда. Қорлан да – бүгінде жоғары санатты ұстаз. Екеуі өмір бойы бір мектепте, қатар еңбек етті. Білім білігі барынша байыпты Қорланның педагогтік абыройы Өмкеңнен артық болмаса кем түскен жоқ. Бір-біріне деген сенімнен, құрметтен өмір бойы айнымаған жарастықты жұп – Өмірбек-Қорлан келе келе қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге тартқан мәуелі бәйтерекке айналды. Өмір, қызмет жолдары үнемі өрлеу, өсу үстінде болды. Берекелі отбасында қолдың саласындай бес бала – Рахат, Марғұлан, Нұркен, Мағжан, Тоғжан есімді екі қыз, үш ұл өсіп жетілді. Балаларының бәрі бүгінде – жоғары білімді мамандар, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Олардан туған немере-жиендердің өзі өсіп, жетіліп қалған. Міне, осы балаларының бастамасымен, алқалаған ағайын-туыс, жос-жаранның қолдауымен осыдан үш жыл бұрын асқаралы 60 жасын атап өтіп еді Өмкең. Онда да мерейжас тойы әдеттегі кең шалқар дастарқан рәсімімен шектелмей, екі күнге созылды. Бір күн бұрын волейболдан Ө.Айтжанов атындағы аймақтық ашық турнир ұйымдастырылды. Оған аудан көлемі тұрмақ, Қарағанды, Теміртаудан да комадалар келіп қатысты. Жарыс барынша тартысты өтті. Келген қонақтар Айтжановтар әулетінің сый-құрметіне бөленіп, ризашылықпен тарқасты. Екінші күнгі той салтанатына Өмкеңнің туған-туыстары, дос-жолдастары, құда-құдағилары, шәкірттері көптеп жиналды. Көркем кеш барысында мерейжас иесінің атына алғаусыз тілектер армансыз айтылды. Мерейтой қарсаңында шын қадірлейтін, құрмет тұтатын азамат туралы уақыт иінінде түйген ойымызды, жасаған пайымымызды көппен бөлісу мақсатында жергілікті газетке арнайы мақала жариялаған едік. Сол мүбәрак жазбада: «Студенттік жылдардың көкірегімізге жағып кеткен жарастық шырағын ұйтқымалы уақыт желіне сөндіріп алмай, әлі күнге группаластарға ұйытқы болып, байланыс аясында ұстап, бір-біріне дәнекер болып жүрген де осы – Өмірбек! Сол баяғы студенттік максимализмінен күні бүгінге дейін танған жоқ. Қашанда көтеріңкі көңіл күйде, әлденеге асығып, алабұртып жүреді. Қашанда топқа түсетіндей арындап, отқа түсетіндей лапылдап жүреді. Салқын тарту, саябыр табу дегенді білмейді. Алда-жалда кездесе қалғанда ақжарма пейілімен, риясыз болмысымен баурайды. Алды бар, арты жоқ, арсы-күрсі күйімен алқайды. Саңқылдап сөйлейді, жарқылдап күледі. Сөзі өткір, әзіл-қалжыңы ұтқыр» деген жолдар бар екен. Соны бүгінгі қаралы жыл межесінде де қайталап айтқым келіп тұр…
Сөз жоқ, Өмірбек – қатарының серкесі, ауылдастарының еркесі еді. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Қолынан гитарасы түспейтін, аудан, аймақ көлеміндегі түрлі байқауларға үзбей қатысып, бірқатар өнер сайыстарының жеңімпазы, жүлдегері болғаны да бар. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын және де оның бірнеше түрімен қатар шұғылданатын. Жүрген жерінің ұйытқысы еді, кез келген басқосуды, дастарханды жыр-думанға айналдырып жіберетін. Міне, осындай шын мәніндегі өжеттігімен, өршілдігімен өз бақытының ұстасы, отбасының берік темірқазығы бола алған қажымас қайрат, алымды ақыл, жасымас жігер иесі, от-жалын азаматтың шаршысына толып, шалқыған өміріне дауасыз дерт мезгілсіз араласып, ақыры алып тынды. Көрер қызық татар дәм әлі алда, мол еді. Енді не қайран?! Көңілдегі бір жұбаныш– артында қара шаңырағы – құтханасы, оның отын маздатып аяулы жары Қорлан, қара ормандай қалыңдап келе жатқан ұрпағы қалды. Соларға ғұмыр берсін дейміз. Өмкеңнің бұл дүниедегі тірлігі жаңалыққа, жақсылыққа толы болушы еді. Қашанда ойын-той, баталы бастамалардың басы-қасында жүретін. Енді ана дүниеде де артынан жақсы хабарлар көбірек жетіп, орнынан жиі аунап түсіп жататындай аруағы үстем болғай, рухы пейіште шалқығай. Жатқан жерің жарық, топырағың мамық болсын, абзал дос, арыс азамат!
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі