Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Мәңгілік ерлік, өшпес даңқ
2025 жылы адамзат тарихындағы ең ауыр соғыстардың бірі — Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл — халқымыздың жаужүрек ерлігі мен қажырлы еңбегінің, бірліктің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нәтижесі болған Ұлы Жеңіс! 1941–1945 жылдар аралығында кеңестік кеңістікте өрбіген бұл соғыста миллиондаған жауынгер майдан даласында жан алып, жан берді. Олардың қатарында 1 миллионнан астам қазақстандық болғанын ұмытпауымыз керек. Ер жүрек аталарымыз жаумен аянбай шайқасты, ал тылда қалған аналар мен балалар күндіз-түні еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Қазақ халқы үшін бұл жеңіс – тек әскери қуаттың емес, рухани беріктіктің де дәлелі. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты батырларымыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи дата ғана емес, бұл – бейбіт өмірдің бағасын білуге, бабалар аманатына адал болуға шақыратын маңызды белес. Ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпай, оларды құрметтеу – біздің парызымыз.
Мархаба Атембекова, кітапханашы