Еңбек даңқы — ел даңқы
2025 жыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама елдегі еңбек адамының мәртебесін көтеріп, техникалық және кәсіптік білімнің маңызын арттыруды көздейді. Жаңа ғасырдың еңбек нарығы жоғары білімнен гөрі нақты дағды мен тәжірибеге ие мамандарға сұранысты күшейтіп отырған тұста, жұмысшы кәсібін дәріптеу – уақыт талабы. Бүгінде ел экономикасының әр саласында жұмысшы мамандық иелерінің атқаратын рөлі орасан. Құрылысшы, электрик, дәнекерлеуші, механик, технолог, аспаз, жүргізуші сынды мамандықтар – күнделікті өміріміздің тірегі. Алайда, бұл мамандықтардың қоғамдағы беделі мен танымалдығы әлі де арттыруды қажет етеді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» осы бағыттағы нақты қадам болмақ. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер мен оқу орындарында жаңа заманға сай кадрлар даярланып жатыр. Заманауи технологияларды меңгерген, нақты өндірісте тәжірибеден өткен түлектер шетелдік мамандарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан оқу орындарын материалдық-техникалық жағынан жабдықтау, дуальды оқыту жүйесін енгізу сияқты қолдау шаралары қолға алынуда. Еңбек – елдің болашағы, ал сол еңбекті адал атқарып жүрген мамандар – нағыз батырлар.
Игілік Мағжан, Ақтау а/о тұрғыны