Ұлтымызда болмаған қатерлі ұғым
«Жезөкше» деген ұғым қазаққа қайдан келді және оған не үшін қазақ қыздары үйір болды, амал жоқтан ба, әлде біреу мәжбүрлегеннен бе?
Жезөкше қыздардан жәй сұрап қарасаң, ажыраскан, жетім ақшаға мұқтаж болып келеді, ал оған қоғам кінәлi ме, әлде өздері ме? Оңай жолмен ақша тауып, мәңгілік тозақ отында күюге қорықпай ма? Қалай ойлайсыздар?«Әйел көктен түскен жоқ, ол – еркектің баласы, еркек жерден шыққан жоқ, әйел – оның анасы» демекші, ер мен әйел жұп болып өмір сүруі табиғи заңдылық. Атақты жырау Майлықожа бабамыз: «Жақсы әйел жігіттің жақсы қылар жаманын, ұшқыр қылар шабанын, жаман әйел жігіттің тар қылады заманын, тайдырады табанын» деген екен. Сол сияқты атам қазақ: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» деп бекер айтпаған. Әйелі ерін сыйлап, бағына білсе ғана ұрыс-керіссіз бақытты отбасының келбеті қалыптасады. Бұрынғы бабаларымыз «әйелді жары емес, ары қорғайды» деген екен. Демек, әйелдің ары – өзінің ғана емес күллі әулеттің, тіпті ұлыстың қорғаны. Қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан оғаш оқиғалар баршылық. Соның бірі «Қазіргі қазақ әйелдерінің ар-ұяты қай деңгейде?» деген сұраққа келіп тіреледі. Нәзік жандылардың арақ-шарап ішіп, ашық-шашық киім киюіне өкінішке орай көзіміз үйреніп кетті. Ал, енді ақша табу жолында арын сатып жүрген қаракөздерімізді көру тіпті жүректі ауыртады. Таңданарлығы – жасы бар, жасымысы бар, бәрі бұл істі арам деп қарамай, кәсіп қылып алған. Ежелгі қазақ қоғамында жезөкшелік құбылысы болған емес, қазақтың ескі әдет-ғұрып заңдары жезөкшелікке жол бермеген. Бүгінгі таңда бұл құбылыс елімізде кең етек алып жатыр және үлкен бизнес құралына айналған.Жезөкшеліктің салдарына келетін болсақ, жезөкшелер дін мен ұлттық салт-дәстүрді аяққа таптап, халықтың ұлттық намысын, туыстарының ар-намысын қорлап, беделін түсіреді. Венерологиялық, одан да басқа жұқпалы аурулардың таратушысы да жезөкшелер екені тәжірибе көрсетіп отыр. СПИД орталығында аурудың вирусын жұқтырған 400-ден аса науқас тіркеуде тұр. Бұлардың 95 пайызы кәнігі нашақорлар және де мерез (сифилис), соз (гонорея), хламидиоз тәрізді т.б. жыныс жолдары арқылы жұғатын ауруларға ұшырағандар жиі кездеседі. Медициналық тексеру барысында 10-12 жастағы жасөспірімдерден соз, мерез және басқа да жұқпалы жыныс ауруымен сырқаттанғандар анықталған. Жезөкшеліктің тағы бір қоғамға қауіптілігі сол-олардың басым көпшілігі жасанды түсік тастайды, заңсыз аборт жасайды, әкесіз, некесіз туған жас нәрестелерін қараусыз тастап кетеді, ал қыз балаларын өз кәсібіне баулитын жезөкшелер де пайда бола бастаған. Жезөкшеліктің осындай теріс әрекеттері бүкіл жұртшылықты, қоғамды алаңдатуда. Бірақ қазіргі Қылмыстық Кодексте жезөкшенің іс-әрекетіне байланысты оны жауапқа тартуға байланысты бап қарастырылмаған. Қылмыстық Кодексте жезөкшелікпен айналысуға тарту (270 бап), притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны және жеңгетайлық жасағаны үшін (271 бап) қылмыстық жауаптылық қана көрсетілген. Ал жезөкшелердің тікелей өзі теріс әрекеттері үшін тек қана әкімшілік жауапқа тартылады да, қылмыстық жауаптылықтан тысқары қалады. Әкімшілік айыппұлдың да мөлшері төмен болып отыр, айыппұлдың мөлшерін көтеру қажет. Қорытындылай келе, жезөкшелікпен күрес бүкілхалықтық, әрі мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан бұл бағытта кешенді бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы мөлшері бөліну керек-ақ. Жезөкшелікке қарсы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар жезөкшеліктен пайда болатын түрлі аурулардың алдын алу тәрізді медициналық шаралар да ұйымдасқан түрде жүргізілуі тиіс. «Қызға қырық үйден тыйым салу» тәрізді халық педагогикасын қайта жандандырудың қажеттілігі байқалады.