Заң мен тәртіп
Конституциялық тәртіп пен заңдардың әділеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеті. Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңдардың нақты орындалу тетіктерін күшейту айрықша маңызға ие.
Құқықтық норма – әділет жолы, адам, қоғам, мемлекет мүддесінің үйлестірушісі, заңдылық пен демократияның даму негізі. Осыған орай, мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның өркендеуі, гүлденуі, дүниежүзінде алдыңғы қатарлы мемлекет санатында көрінуі үшін құқықтық сауаттылықты, тәрбиені, сананы жетілдіру қажеттілігіне басты назар аударылғаны баршаға белгілі. Өйткені еліміздің әрбір азаматты өз құқығын, бостандықтарын, міндеттерін білуі тиіс, әрбір азамат құқық нормаларын, заңдылық талаптарын берік ұстануы керек. Сонда ғана мемлекетіміз саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамып, тәртіп нығаяды.
Қазіргі заман адамдарға жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді, себебі Қазақстанның даму деңгейі қоғам өмірінің барлық саласына терең өзгерістер енгізуде. Елеулі өзгерістердің бірі – демократиялық-құқықтық мемлекет құру. Сол себептен қазіргі заман тұлғасы санасезімі жоғары, өз іс-әрекетіне жауапты, әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделе алатын, өз шешімін қабылдай алатын азамат болуы тиіс. Сонымен қатар еліміз болашақта өзін зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде орнықтыруды мақсат етіп отыр. Бұл мақсатты жүзеге асырудың тетігі жастар екендігі белгілі. Сондықтан да жастардың құқықтық білімі мен тәрбиесін жетілдіруге бағытталған шаралар қажет.
Заңды сақтау – әділеттіліктің негізі. Сонымен бірге әділетті қоғамда заң – теңдік пен тәртіптің кепілі. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік заңмен реттелген барлық әлеуметтік қатынастардың ортақ белгісі болады. Бұл ретте заңның сақталуы жауапкершілікті қабылдауды да білдіреді
Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан хабардар болғаны дұрыс. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланыстылығын аңғартады. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша