АЗАМАТТЫҢ АСҚАР АСУЫ

Әр адамның өмірдегі орны – еліне сіңірген еңбегінен, ал азаматтық тұлғасы, адамшылық сипаты – қызметтестері, қатарластары арасындағы бет-беделінен көрінеді. Болмысы бөлек, ойы өрелі, көшелі азамат, ұлағатты ұстаз Өмірбек Айтжановтың өнегелі өмір жолы осындай асыл мұраттарға жауап беретіндігімен таңбалы, тағылымды.

Кіндік қаны мысты өңір, кеніш қала Қаражалда тамған ол орта мектепті Жаңаарқа ауданы Сәкен ауылындағы Ынтымақ орта мектебінде оқып аяқтады. 1981-1983 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. 1989 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Ағадыр ауданы Ортау ауылдық мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1991-1993 жылдар аралығында аудан орталығы Атасу кентіндегі кәсіптік-техникалық лицейде еңбек етті. 1993 жылдан осы уақытқа дейін Бидайық орта мектебінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Жоғары санатты ұстаз, еңбек өтілі 30 жылдан асты.

Тегінде «ұстаз» сөзінің «Отан», «Ата-ана», «Адамгершілік», «Намыс» сынды қасиетті ұғымдардың қатарынан орын алуының өзінде үлкен мән бар. Ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық мәртебеге барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған Өмірбек өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде қажымас қайратымен, өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік абзалдығымен, қоғамдық белсенділігімен өзіндік бет-бейнесін саралап алып, жас жеткіншектерге ұзақ жылдардан бері үздіксіз тәлім-тәрбие беріп келеді. Өзінің ізгілікті ісімен, қажырлы қызметімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақ қалыптастыруға көптен көп үлес қосты.
Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік талаптарына сай қоғам өмірінің тың бағытта, қауырт дамуына орай ұстаздарға жүктелген жауапкершілік жүгі тіпті салмақтана түскені белгілі. Бүкіл оқу бағдарламасы жаңаша түзілді. Негізгі оқыту бағыты ретінде ұлттық педагогиканы оқушы бойына сіңіру алға тартылды. Бұл қағиданы терең түсінген Өмірбек мұғалімнің осы бағытта өткізген сабақтары, тәрбие сағаттары, ата-аналармен өткізген түрлі шаралары әріптестері мен көпшіліктің әрдайым көңілінен шығып отырды. Жаңалық атаулыны жатсынбай жылдам игере жүріп, ауылдағы бірден бір ұлағат ұясы – мектеп өмірімен мидай араласып, біте қайнасып кетті. Тынбай еңбектеніп, талмай ізденіп, тәжірибе жинақтап, мектептегі ұлағатты ұстаздар қатарынан берік орын алды. Қанатты қарым-қабілетінің арқасында «жоғары санатты ұстаз» дәрежесіне еркін көтеріліп, асқаралы асудың ұшар басына алқынбай жетті. Бүгінде Өмірбек мұғалімнің өткен өмір жолына, маңдай тері төгілген еңбек соқпағына іштей разы болмайтын адам жоқ. Ол осы отыз жылдан астам уақыт ішінде бірнеше буын ұрпақ өкілдерін өсіріп, тәрбиелеп шығарды. Жүздеген шәкірттердің жүрегіне сәуле жақты, болашақ өмірлеріне бағыт-бағдар берді, тағдырына таразы болды. Көптеген шәкірттері биік белестерден көрініп, қоғам өмірінің сан саласында түрлі мамандық иелері атанып, өз елінің елеулі азаматтары санатында жүр.

Шынында да, Ө.Айтжановтың ұлағатты ұстаздығы – адамгершілік жырына, азаматтық сырына тұнып тұрған шұғылалы, шалқар бір әлем. Дүниені жан-жақты танып-білуге талпыну тек қана оқу-білім арқылы жүзеге асатынын ақыл иесі ерте бастан көңіліне берік орнықтыра білген еді. Сол сезімталдық оны парасаттылыққа, қайырымдылыққа, кеңдікке, адалдыққа етене етіп, бойына ұшқыр ой, мол пайым, таусылмас қажыр-қайратты молынан дарытты. Мынау күніне қырық құбылып қаймалысқан қызыл-жасыл дүниенің қалың қатпарларын жүрек күшімен жете түсінген, жіті сезінген, алғыр да аңғарымпаз жігіт ағасы ұзақ жылдар сонарында мейлінше мақсатты, өнер-білімге жаны алаң, өзіне де, өзгеге де аса талапшыл, арманы асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақынға да, жатқа да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетуге талпынып тұратын тұлға болып қалыптасты. «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деген ұлағатты сөз бар. Адамның асқан қасиетінің бірі – оның қарапайымдылығы, тілектес, ниеттестігі десек, Өмірбектің зияттылығы, білімділігі, шынайылығы, үлкен-кіші, алыс-жақынның бәріне құшағы ашық, көңілі таза, көпшіл, досшыл дарқан мінезі еріксіз тәнті етеді.

Жаратылысынан еңбексүйгіш те елгезек Өмірбек күнделікті педагогтік қызметпен қатар, мектеп, ауыл өмірінде болып жататын түрлі мерекелік шараларға, өнер сайыстарына да белсене араласады. Ауыл, мектеп өміріндегі көпшілік мәдени-рухани іс-шаралардың бір де біреуі оның қатысуынсыз өтпейді. Мектептегі, ауыл-аймақ төңірегіндегі барша жұмыстардың дамуына үлес қосушы, жаңа істердің жаршысы болып жүретін ол ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен де қалың бұқараның құрметіне ие. Ауылдастары, әріптестері арасында сыйлы, беделді. Жас буын мамандарға өзінің кесімді пікірлерімен, өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Жөн сілтейді, жол көрсетеді.

Ө.Айтжанов – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Бірнеше музыкалық аспаптарда еркін ойнайды, ән салады. Аудан, аймақ көлеміндегі түрлі байқауларға үзбей қатысып, бірқатар өнер сайыстарының жеңімпазы, жүлдегері де болды. Ауылдың той-думаны, сән-салтанатының да әрдайым бел ортасында. Отырған орнының ажары, дастарқан басының думаны.

Спорттың бірнеше түрімен де тұрақты шұғылданады. Шахматты шебер ойнайды, волейболды епті қағады, футбол алаңында доп қуалағанда өзінен әлдеқайда жас, ұзынсирақ қарсыластарының өзіне жеткізбей, амал-айласын асырып кетіп жатады. Жергілікті аудандық, облыстық спартакиадалар, басқа да спорт жарыстарында үнемі аудан құрамасының сапында жүреді. Қашаннан бәсі жоғары Жаңаарқаның спорттық намысын бір кісідей қорғасып келеді.
Осындайда классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің: «…Адам ірілігі бір сипатта емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиетімен құралады», деген ұлағатты сөзі еске түседі. Өмірбектің өткен жолы, кешкен тағдырына ой жіберіп қарасақ, оның бүгінгі келісті тыныс-тіршілігі ішкі-тысқы сан сипаттан құралғанын анық бағамдауға болады.
Байыпты еңбек бағалануымен баянды. Ө.Айтжановтың ұзақ жылдарғы қалтқысыз қызметі бірқатар мемлекеттік, салалық марапаттармен аталып өткен. Алғыс хат, Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе. 2016 жылы VI шақырылған Жаңаарқа аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. Ауылдастарының сеніміне болып, халық қалаулысы ретінде бір шақырылым қызмет жасады.
Сонша жұмыстың сыртында Өмірбек өнегелі отбасы иесі, ардақты әке. Университет қабырғасында жүріп группаласы, Қарқаралының ару қызы Қорланмен көңіл қосып, шаңырақ көтерді. Қорлан да – жоғары санатты ұстаз, мерейлі мұғалім. Екеуі өмір бойы бір мектепте, бірге қатар еңбек етіп келеді. Шәкірттерге қалыпты білім беріп, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытудағы Қорланның педагогтік абыройы Өмкеңнен артық болмаса кем емес.

«Екі жақсы қосылса, жағып қойған шаммен тең» – Өмірбек-Қорлан бүгінде қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге тартқан мәуелі бәйтерек. Бір-біріне деген махаббаттан, сенімнен, құрметтен ғұмыр бойы айнымаған жарастықты жұбайлардың өмір, қызмет жолдары үнемі өрлеу, өсу үстінде болды. Адамдық асыл қасиеттер ерлі-зайыптыларды әрдайым баталы биіктерге бастап отырды. Бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында қолдың саласындай бес бала – Рахат, Марғұлан, Нұркен, Мағжан, Тоғжан есімді екі қыз, үш ұл тәрбиеленіп шықты. Балаларының бәрі бүгінде – жоғары білімді мамандар, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Олардан туған немере-жиендердің өзі өсіп, жетіліп қалды.
Өмкеңмен біз студенттік жылдардан таныспыз, Қарағанды университетінде бір топта оқыдық. Шіркін, біздің студенттік өмір нағыз бақытты жылдар еді-ау!.. Алаңсыз тірлігімен, адалдығымен, тазалығымен, шексіз романтикасымен, тіпті жалқаулығымен де!.. Арман шіркін арғымақ аттай әр қиырға алып қашып тұратын албырт шақ, алаңсыз кезең. Ең бір аяулы, отты, қызық-қуанышқа толы дәурен!.. Сол жалаулы жылдардың көкірегімізге жағып кеткен жарастық шырағын ұйтқымалы уақыт желіне сөндіріп алмай, әлі күнге группаластарға ұйытқы болып, байланыс аясында ұстап, бір-біріне дәнекер болып жүрген де осы – Өмірбек! Сол баяғы студенттік максимализмінен күні бүгінге дейін танған жоқ. Қашанда көтеріңкі көңіл күйде, әлденеге асығып, алабұртып жүреді. Қашанда топқа түсетіндей арындап, отқа түсетіндей лапылдап жүреді. Салқын тарту, саябыр табу дегенді білмейді. Алда-жалда кездесе қалғанда ақжарма пейілімен, риясыз болмысымен баурайды. Алды бар, арты жоқ, арсы-күрсі күйімен алқайды. Саңқылдап сөйлейді, жарқылдап күледі. Сөзі өткір, әзіл-қалжыңы ұтқыр. Ауыл, аудан маңынан көріп, ұстап алса, «неге хабарласпайсың, үйге келмейсің» деп кінә артады, онымен қоймай «ана Оспанов деген елге ұрланып келіп-кетіп жүреді» деп бүкіл дос-жаранға жаяды.

Береке-бірлікті, ырыс-ынтымақты, ар-намысты, пайым-парасатты көңіл көзімен, жүрек сөзімен, адал еңбегімен, қапысыз қызметімен дәйім дәйектеп келе жатқан жайсаң жігіт, абзал азамат алпыс атты асқар биікке көтеріліп отыр. Алпыс деген өткен өміріңді, кешке ғұмырыңды тағы бір таразыға тартып, сарапқа салып, ел алдында есеп беретіндей кемелдік кезеңі. Өмкеңнің бұл тұрғыда қоржыны тоқ, ұпайы түгел. Осы орайда, біз де мерейжас иесі – қадір тұтатын замандасымыз, мұраттасымыз туралы жылдар иінінде түйген ойымызды ортаға салуды, көппен бөлісіп қоюды жөн көрдік. Жан баласына қылдай қиянат қылмай, жан-жағына жақсылық қана тілеп келе жатқан асыл адамгершілік, адал еңбекке мың мәрте тағзым ете отырып, «Жағың түспей жамандық көрме, Өмке!» дейміз. Сенің еңбек пен тұрмыс тәрбиең, жеке басыңның биіктігі өзің, отбасың үшін ғана емес, өзіңмен қанаттас жүрген әріптестерің, тілектес дос-жаран – біздер үшін де зор мақтаныш, абырой, өскелең ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі. Мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, толайым табыстар, отбасы бақытын тілейміз.

Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Одна мысль на “АЗАМАТТЫҢ АСҚАР АСУЫ

  1. Оте онегели жануя!!!! Алла тил козден сактасын!!!! Агатай Тате балаларыныздын кызыгына тойманыздар!!!! Тек кана жаксылык, куаныш болсын Сиздердин уйлеринизде!!!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *