Ақырын жүріп, анық басқан азамат

Көктемдегі көктің исі бұрқырап, дала жап-жасыл кілемін жамылған шақ. Дала төсіндегі жайдақ жолдың қос қапталындағы қараған мен тобылғы ақ-сары гүлге оранған. Атасуды бетке алып, зулап келе жатқан көлікті тізгіндеген Ақтүбек ауылдық округінің әкімі Айдархан Аманбаев. Аудандық мұрағаттың басшысы Файзырахман Тұрсынов пен аудан әкімінің орынбасары Бейбіт Қасенов әңгімені әріден жіберген.

Көгі көтерілген жазықты нұсқаған Бейбіт Байбосынұлы: -Мынау Әлменнің жазығы, жарықтық бұл жер елдің азығы ғой,- деді мағұрланып. Алыстан Атасудың мұнарасы мен ауылдың сұлбасы көрінгенде “балалық шағымның куәсі міне осы өлке”-деген Бекең ауылда өткен бұла күндерін айтып, қазыналы қариялары теміржолшылар Бармен, Кеңкөз, Байжұман, Кәкен т.б жайлы тізбектей жөнелді. Ауыл тұрғындарын бірінен-бірін асыра мақтап тауысар емес. Әңгімелерін тыңдап отырып, міне, елінің патриоты деймін.

-Ал, жүріңдер бұл менің өскен үйім, әкемнің саялы хан ордасы, анамның алтын босағасы,-деген Бекең үйге беттегенде алаңсыз балаға айналып шыға келді. Ақ жаулығы желбірей алдымыздан шыққан апа қонақ ерте келген баласына беттеп, жүзінен мейірім төгіле алпыстан асқан Бекеңді мейірлене құшақтап, маңдайынан иіскеп, арқасынан қағып жатыр. Бекең де анасының кең құшағына еніп, қал-жағдайын сұрап бәйек болуда. Ақ дастарханның басында жалғасқан әңгіме-дүкен барысында “Мен үшін анаммен бірге болған әр күн анамның туған күніндей”- деген Бекең анасына ұзақ өмір тілеп, ана туралы ән шырқады. Баласына сүйіспеншілікпен қараған ананың жүзі қуаныштан манаурап, Аллаға шүкіршілік айтумен болды.
-Балаларымның бәрі-алтын, немерелерім- жақұт, шөберелерім- маржан, – деген әже сөз арасында балаларының кішкентай кездерін айтып, немерелерінің қылығын тауыса алмай мақтап қояды.
-Балам–ау, қонақтарға ән салсайшы,- деп Бекеңе қарағанында бір шексіз сүйіспеншілік пен мейірім бар. Анасының сөзін жерге тастамаған Бекең де ауыл, туған жер, ана туралы әндерді төгілдірді. Ана мен бала арасындағы көзге көрінбейтін байланыс, сыйластық, махаббат, мейірім мен ілтипатты көріп қандай бақытты жандар дедім қызыға. Ағалап алдында бәйек болған інісі Жұмабай мен келіні, бауырлары қазақтың қонақ күту салтын әбден меңгеріпті. Дастарханынан дәмі үзілмей, қабағымен қонақ күткен ананың тәрбиесі балаларының бойына сіңіпті. Бекең шыққан орта мен тәрбиенің тамыры тереңде екенін аңғардым. Ағалық қамқорлық пен інілік ізет жасандылықтан жат, бүркемесіз.
-Менің әкем жол бойының маманы, еңбек адамы, ғұмыр бойы теміржол саласында еңбек етті. Соғыс ардагері. Оң қолынан өнер тамған шебер кісі еді. Соғыста сол шеберлігі бағаланып елге күміс құман мен «Зингер» іс машинасын арқалап келіпті. Ауылдағы адамдардың қажетін өтеп, тері илеп, елтіріден қасқыр ішік, түлкі тымақ, күзен бөрік, тақия, қолғап, етік тігетін. Ертоқым шауып, домбыра жасайтын өнері де бартын. Майшамын ұстап түн жарымда теміржолдың бойында жұмыста жүретін. Қажу мен шаршауды білмейтін еңбекқор жан еді. Анам ФЗО-да болған, әкемнің жанында теміржолда жұмыс істеген,- деп Бекең анасының қолынан сүйіп: -Бұл қол қайла ұстап, кетпен көтерген, еңбекпен нан тапқан адамның қолы,- деді. Тарамыс қолымен баласының басынан сипаған ана:-Бәрі де өтті-кетті ертегіге айналып, көз-көрген қатарластардан Мананбайдың Төлеубайы қалды. Сендер аман болыңдар, ел аман болсын,- деп батасын беріп, Бекеңнің арқасынан қағып, амандық тіледі.
-Әкем домбырашы еді. Үйде мондаль бар болатын. Соны тартып отыратын. Бала кезімізде ата-анамыз қосылып ән шырқайтын. Соны көріп өскен біздер әнге әуес болдық. Домбыра шерттік, мондаль тарттық. Кейін әкемнің саятшылыққа ұстайтын мылтығын рұқсатсыз алып, гитараға айырбастап алдым. Үйге гитараны әкеліп, әкем мылтығы үшін ұрса ма екен деп қобалжығаным есімде. Әкем гитараны көрді де ренжімеді.
Қарашаңырақтың қазығы мен қазынасы болған анамды әр сәт қуантқым келеді. Жаз айында анамның қал-жағдайын білейін деп Атасуға жиі келем. Қыс түскенде үйге алдырып, біраз үйде болады. Анаға құрметті көзі тірісінде жасау керек. Ана өмірдің бастауы ғой. Бір күні сол бастаудан айрылатынымыз ақиқат, –деген Бекең терезеден сыртқа көз тастап үнсіз қалды. Өмірде анасының қадіріне жетпей, көңіліне қаяу салып жүрген қаншама адам бар-деген суық ой санамды шырмағанымен, Бекеңдей адал бала тәрбиелеген ана бақыты деген ой оны жеңіп кетті.
Бала Бейбіттен — аға Бейбіт жолында
1948 жылы 22 ақпанда өмірге келген Бейбіт Байбосынұлы бала кезінен жауапкершілікті сезінген. Үйдің тұңғышы болғандықтан соңынан ерген балаларға ағалық қамқорлық сол кішкентай кезінен санасына сіңіп, жүрегіне ұялаған. Қазақ отбасында дүниеге келгенімен мектепке орыс сыныбына барыпты.
Соғыстан кейінгі ауылдарды көтеру үшін жан-жақтан жұмыскер ағылған шақта ауылдардағы шаруалардың дерлігі өзге ұлт өкілдері болды. Өзге ұлт өкілдерінің балаларымен бірге №40 разъездегі орыс мектептен білім алады. Атасудағы жеті жылдық қазақ мектебінде оқуын қазақша жалғап, аудандағы С.Сейфуллин атындағы мектепте Қаламқас Сембекованың сыныбында Ж.Елеуов, А.Төкенова, Қ.Есенов, А.Исиналармен бірге оқып, 1965 жылы мектепті аяқтайды. Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түсіп, 1970 жылы дипломды маман атанады. Елге оралған Бекең Атасу совхозының Байғұл бөлімшесіне зоотехник болып жұмысқа тұрады. Келесі 1971 жылдың күз айында халық депутаттары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне ауысады. 1974 жылы Ақтау қой совхозына бас зоотехник қызметіне тағайындалады. 1980 жылы аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас зоотехнигі, 1982 жылы аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. 1984 жылдан 1991 жылдар аралығында қой шаруашылығымен айналысатын К.Маркс совхозында директор қызметін атқарады. 1991 жылы аудандық ауылшаруашылық басқарма басшысының орынбасары болып жұмысқа қабылданып, кейін осы мекемені басқарады. 1993 жылы ауданда ауыл шаруашылығы басқармасаның орнына құрылған маркетингілік қызмет басқармасына жетекшілік етті. Ақтасты өндірістік кооперативінің конкурстық меңгерушісі болды. 2000-2004 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік сала бөлімін басқарды. 2004 жылдан зейнеткерлік жасқа дейін аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Жұмысқа жаңа келген жас маманның еңбек жолындағы сатылап өсуі, тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік берді. Алдыңғы буын ағалардан үйрене жүріп, үйлестіру мен ұйымдастыру жұмыстарын меңгерді. Биязы мінезді Бекең бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан танбай, жүрген ортасында абырой биігінен көрінді. Бірнеше басшымен әріптес, қызметтес болған Бекең өзі де кадр дайындауға атсалысып, жас буынды тәрбиеледі. Аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі, кент ардагерлер ұйымының төрағасы Бекең ауданымыз үшін аймағымызда орналасқан ірі кен орындарының басшыларымен келіссөз жасасып, ауданның әлеуетін артыруға үлес қосып келеді. Жарты ғасырдан аса ел арасында өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарған Бекең ел ағасына айналған.
Әнге-құштар, сазға- әуес
Ауыл арасындағы той томалақтың сәніне айналған сері жігіт заманында беташар айтып, асабалық қызмет көрсеткенін сол кездегі қатарластары жақсы біледі. Алланың берген талантын тап басып, оны ұштай білген Бекең-әнші, сазгер, мәдениет саласының үздігі. Мектеп қабырғасында домбыра үйірмесіне қатысқан Бекең студент кезінде гитараны меңгерді. ҚР «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» Есенов Қорабай мен «Мәдениет саласының үздігі» Бейбіт Қасенов елімізде алғашқылардың бірі болып, қолына гитара аспабын ұстаған азаматтар. Зоотехникалық факультеттің ансамбль құрамында болып, гитарамен ән салды. Шымкент қаласында өткен Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындаушылардың республикалық байқауында «Жан аға» әнін гитарамен орындап, көрермен көзайымына айналып, ықыласқа бөленді. Семей облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында өткен Абай Құнанбаевтің 150 жылдық тойында Жезқазған облысының әкімі Қажымұрат Нығымановтың «Балалық–әрі анық» лирикалық әнін құлаққа жағымды баяу үнмен орындап, халыққа кең таратты. Бекең жүрген жерде әннің шырқалмай қалуы мүмкін емес. Алты шекті гитарасын серік еткен Бекеңнен ел ән айтуды қолқалап сұрайды. Бекең ән шырқаудан жалыққан да емес. Салтанатты шара, қонақ пен той, басқосу отырыстарда баппен басталған ән қалықтап, отырғандарды баурай жөнеледі. Бекең орындаушы ғана емес ол–композитор. Т.Ермекбаевтың «Атасуым-ауылым», Б.Қожамұратовтың «Туған жерім-Толағайым» әндері ел арасында жиі шырқалады. Бекеңнің әнін де сөзінде өзі жазған «Қазақтың-дастарханы» әні ұлтымыздың меймандостығын паш ететін ән. Бекеңнің гитарамен шырқаған бірнеше әндері таспаға түсіріліп, Қарағанды, Жезқазған облыстық телеарналарында сан мәрте көрсетілді. Өнерді өміріне серік еткен Бекеңнің әнді жан-дүниесімен сезініп айтуы, оны тыңдарман жүрегіне жеткізе білуі бұл әнді шексіз сүйіп, құрметтеуінің жемісі. Бекең ел арасындағы спорттық іс шара мен мәдени шаралардың маңынан алыстаған емес. Жүрегі қалаған осы екі саланың бел ортасында жүреді. Аудандық мәдениет үйінде құрылған ардагерлер ансамблінің мүшесі. Мерекелік іс-шараларда әжелер мен ардагер қариялардан құралған өнерпаздар концерт қойып, ел ықыласына бөленеді.
Ұлттық спорттың жанашыры
Жастайынан күреске әуес Бекең мектеп қабырғасында жоғарғы оқу орнында жүргенде спортмен белсене айналысты. Еркін күрестен аудандық жарыстардың жеңімпазы, 1964 жылы Қаражал қаласында өткен облыстық жарыста бірінші орын алды. Ресейдің Рязань қаласында, Қазақстанның Лениногорск, Шымкент, Қарағанды, Балқаш қалаларында өткен жарыстарда алдыңғы үштікте болды. Целиноград қаласының еркін күрестен құрама командасының мүшесі болып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.
Ұлттық ат спортының жоғарғы санаттағы төрешісі Бекең бірнеше жылдан бері аудандық ұлттық ат спорты қауымдастығының төрағасы. Бекең 1994 жылы Жаңаарқа ауданында өткен С.Сейфуллиннің 100 жылдығында ат жарысының бас төрешісі, 1995 жылы А.Құнанбаевтың 150 жылдығында төрешілер құрамында, болды. Жезқазған қаласында өткен Ж.Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында ат спорты түрлерінің бас төрешісі болды. Бекеңнің басшылығымен дайындалған ұлттық ат спортының командасы облыстық спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Бір спортшы спорт шебері, 9 палуан ұлттық ат спорты түрлерінен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.
2022 жылы 17 қыркүйекте Республикалық «Ұлы Дала Жорығы» ат бәйгесі өтті. Бұл конкурс-марафонға Қазақстан бойынша 20 команда қатысты. Атшылар Астанадан Түркістан қаласына дейін 12 күнде Астана, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан қалалары мен 28 елді мекенінің үстінен 1200 шақырым жерді шауып өтті. Жарыс жолына шыққан 100 аттан мәреден тек 9 ат өтті. «Ұлы Дала Жорығы» ат марафонында аудандық спорт мектебінің ұлттық спорт түрінен жаттықтырушысы, аудандық «Жекебатыр» көкпар командасының капитаны, Бекеңнің баласы Ғазиздың «Арқа көк» аты мәреден 8 –ші болып өтті.
Елмен- етене, халықпен бірге
Бейбіт Байбосынұлы биязы мінезді жан. Ол кісінің жұмыс барысында дауыс көтеріп, не болмаса ашуланғанын көрмеппіз. Үнемі сабырлы қалпынан таймай, тиянақты қалыпта тапсырманы орындап жүргені. Бірнеше басшымен тіл табысып абыройлы қызмет атқарған Бекеңнің іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті жоғары. Өзі қызмет еткен ортаның, ауылдың тұрғындарын ынтымаққа ұйыстырып, бірлесе жұмыс істеуге баулып, еңбек адамдарының іскерлігін артыруға бейім жас маман Бекеңнің бұл қабілетін байқаған аудан басшылары аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Мұқан Медеубаев, Мұхамедқасым Шакенов, Марат Мусин, Секен Әбішев, аудан әкімдері Аманбек Әбдіханов, Серік Шайдаров, Хамит Омаров, Сәкен Оспанов, Ғабдрахман Омаров, Юржан Бекқожин оған сенім артып, жауапты қызметтерге тағайындады. Үміт ақталды. Бекең өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарып, ел алғысына кенелді. Әлі де болса Бекең ауданның саяси-экономикалық даму тынысына, мәдениет-спорт саласының дамуына белсене араласып, атсалысып жүр.

Ел есінде болар 1992 жылы аудан әкімі Аманбек Әбдіханов Бекеңді Монғолия мемлекетінің Баян Өлгей аймығынан қоныс аударуға квота алып отырған ағайындарымызды көшіріп әкелуге жіберді. Ресей жері арқылы Алтай өлкесімен тау шатқалдарындағы қауіпті белес-асулардан асып Баян Өлгейге аман-есен өтіп, 26 КамАЗ авткөлігі тіркемесіне 46 отбасының (151 жан) жүктерін артып, 20 күнде оралып, отандастар совхоздарға орналастырылып, жұмыс берілді.
2019 жылы ақын, қоғам қайраткері, жерлесіміз С.Сейфулиннің 125 жылдығы, Жаңаарқа ауданына 90 жылдық мерекесін атап өту үшін ауданда «Атасу» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, Бекең сол қордың Президенті және ұлттық спорт жарыстарыңың бас төрешісі болды. Тойдағы ауқымды шаралардың бірі 10 000 литр Жаңаарқа қымызын 1000 қүбіге бір мезгілде құйып, пісуді ұйымдастыру шарасына қатысып, оның Қазақстан рекордтар кітабына тіркелуіне үлес қосқаны үшін «Атасу» қоғамдық қайырымдылық қорының Президенті Қасенов Бейбіт Байбосынұлына Қазақстан Рекордтар Кітабы редакторы қол қойған арнайы Сертификат табыс етілді.
Ұлытау облысы құрылуына байланысты халқымыздың ұлттық құндылықтарын, ұлттық спортын, атбегілік өнері мен саятшылықты, құсбегілікті, сал-серілікті насихаттап, оны дамытуға үлес қосып жүрген Қайсар Сейпішев 1 мамыр күні халқымыздың жеті қазынасын дәріптеп Жаңаарқа мен Ұлытау арасын жалғайтын 550 шақырым жолға «Көш керуен-бабалар ізімен» деп аталатын керуенді аудан орталығынан бастап шықты. Бұл жобаның да басы-қасында Бекең жүрді.
Елге сіңірген еңбегі бағаланып, Бейбіт Байбосынұлы ҚР ауылшарушылығы министрлігінің төсбелгісімен, ҚР Президентінің Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, ҚР ауылшаруашылығы Орталық Комитетінің 1 дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалімен, ҚР ауыл шаруашылығы саласының «Құрметті ардагері» атағымен, ҚР «Құрметті спорт қызметкері» атағымен, «Астанаға 20 жыл» медалімен, “С.Сейфуллин қоғамдық қор ұйымының” медалімен, «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен, “ҚР Мәдениет саласының үздігі” атағымен, ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қарағанды облысының “Орталық Қазақстан” газетіне 90 жыл” медалімен, «Ұлттық спорт жанашыры» медалдарымен марапатталды.

Қамқор аға -отбасының тірегі
-Біз ағайды-папа дейміз. Үйдің үлкені, шаруаның шешімін айтатын ақылшы әрі қамқоршымыз. Бәріміздің қас-қабағымызды бағып, қалағанымызды орындауға тырысатын ардақты жан. Папамызға біздің бар еркелігіміз жүреді. Сонау студент кезінде бізге қажетті затты қаладан алып келетін еді. Алдымыздағы алынбас қамалға айналған ағайдың қамқорлығын кішкентайыыздан сезіндік. Білмегенімізді үйретті. Бәріміздің жоғарғы білім алуымызға атсалысты. Біздер студент болғанда қаржыдан қысылған емеспіз. Студенттік өмірді бастан өткерген ағай қалтамызды құр жүргізбейтін. Бірге туған бесеумізді қарындастары Бөпежан, мен, Балжан және Жұмабай ағамызды бауырмалдыққа баулып, өзі оның үлгісіне айналды-дейді, зейнеткер ұстаз Бейбіжан Байбосынқызы.
-Бекең екеуміз бір мектепте оқыған бір ауылдың баласымыз. Мектепте оқығанда ұқыпты, алғыр бала болды. Қоғамдық жұмысқа өте белсене араласатын. Ауылдың алдыңғы қатардағы азаматына тұрмысқа шықтым. Өмірдің біраз белестерін бірге өткіздік. Ата-енем әке-шешемдей болды. Бала тәрбиесіне алаңдамай Бекең екеуміз жұмыспен айналыстық. Аллаға шүкір қыз өсіріп, ұл тәрбиеледік. Барлығы жоғарғы білім алды. Үлкеніміз Рымжан екі баланың анасы, Астана қаласында статистика комитетінде бөлім басшысы. Ғалымжан аудандық ветеринарлық зертхананың басшысы, келініміз Ләззат «Қазақтелеком» АК мекемесінде маман. Бақытжан — кәсіпкер, Бекеңе тартқан әнші қыз. Бүгінде немере сүйіп отыр. Нұржан — Шұбаркөл мекемесінде қызмет істейді. Үш баласы бар. Келініміз Шарапат — Қарағанды зейнетақы төлеу орталығында маман. Немерелеріміз Мерей — Қостанай қаласында Сарыбай-Соколов кеншінде қызметкер, Мектепті алтын белгіге бітірген Шұғыла қызымыз политехникалық университетінің студенті. Санкт-Петербургтен білімін жетілдірген үздік студент, президент степендиясының иегері. Айдын — О.Жұмабеков атындағы мектептің 7 сынып оқушысы. Аудандық жасөспірімдер арасындағы футбол құрамасының белді мүшесі, үздік қорғаушы. Қазақстан құрамасында Өзбекстанға барып, үздік үштің құрамында ойын көрсетті. Аружан — тұрмыста үш шөбереміздің анасы, Жандос политехникалық университетінің студенті. Әлихан — 2 сынып оқушысы,-дейді Күліш жеңгеміз.
Шаңырағынан қонақ үзілмейтін Бекең үйінің ақ дастарханы әрдайым жаюлы. Қашан да түз адамы, азаматы Бекеңнің бабын жасап, бала тәрбиесімен айналысып, отбасын айрандай ұйытып отырған Күліш Аханова 37 жыл мұғалімдік қызмет атқарып, ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан аяулы ұстаз. Ауданымыздың үлгілі отбасыларының бірі Бейбіт Байбосынұлы жан-жақты азамат. Өмірі өнегеге толы Бекеңе зор денсаулық тілейміз.

Салтанат Аманқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *