Төкен Әлжан — «Айбоз» сыйлығының жеңімпазы

2 желтоқсан күні Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби с ыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау биыл қатарынан үшінші рет өткізіліп отыр. Жоба қаламгерлердің еңбегін насихаттап, жаңа есімдерді таныстырып, шығармаларын жариялауға ықпал етеді. Әдеби сыйлық 7 номинация бойынша берілді. Проза, поэзия, балалар әдебиеті, драматургия, аударма, сын және комикс саласында үздіктер 5 млн теңгеден сыйақы алды. Лауреаттарды құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері үшін жазушыларға ризашылығын білдірді. – «Айбоз» әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық, – деді министр. Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Аталмыш сайыста жерлесіміз, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық конкурстың проза жанры бойынша жеңімпазы Төкен Әлжантегінің туындысы үздік болып танылды. Осы жылы «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторлары өтінім берді: «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8 өтінім. Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды. «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. Ал, «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды. Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады. «Айбоз» – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі құрған ұлттық әдеби сыйлық, ол отандық жазушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында беріледі. Жүйрік қаламымен, орамды ойымен, көркем кестелі сөздерімен талай додаларда кермені бірінші керген Төкен ағаны тағы бір айтулы жеңісімен құттықтаймыз! Қаламыңыз қуатты, шығармашылығыңыз шұрайлы болсын!

«Жаңаарқа» газетінің ұжымы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *