Футболда жеңіс те, жеңіліс те ортақ

Спорт ойындарының барлығы күш-қайратты, жігерді, тәртіпті талап етеді. Бірақ оның ішінде футболдың орны әсте бөлек. Себебі, ол командалық ойын. «Бірі — барлығы үшін, барлығы — бірі үшін» деген нағыз футболға арналған ұстаным секілді. Бұл жерде ойыншылар адамның бір ағзасы секілді, бір-бірін сөзсіз түсініп, бірін-бірі демеп ұйымшылдықпен ойнауы қажет. Тек бір ойыншы қателік жіберсе, ол барлық команданың сәтсіздігіне себепкер болуы әбден мүмкін. Футболда жеңіс те, жеңіліс те ортақ. Сондықтан футболшы бұл жерде тек шынығып қана қоймай, бірлікке, командамен үйлесімді жұмыс жасауға үйренеді.

Біздің ауданның жас футболшылары көптеген жетістіктерге жетіп жүргенін бірі білсе, бірі біле бермес. Ауданымыздағы футболдың жай-күйі жайында кеңірек білмек болып, бапкерлерді сөзге тарттық.
Футболдан көп жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп жүрген, білікті маман Сәрсекеев Батырбай Тілеуұлы Ынтымақ ауылының тумасы. Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін тәмамдаған ол, туған жеріне оралып, 2004 жылдан бастап үш жылдай спорт мектебінде еңбек етеді. Жұмыс ауыстыруға тура келіп, 2008 жылға дейін құрылыс саласында тер төгеді. Бірақ спорттан алыстай алмаса керек, 2009 жылы аудан басындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне келіп, бапкерлік жұмысын қайта жалғастырады.
2017 жылы Астана қаласында мектеп оқушылары мен колледждер арасында өткен республикалық жарыста ІІ орын, Тараз қаласында Қазақстан бойынша өткізілетін жасөспірімдер арасындағы сайыста ІІІ орын алады. Мұның арасында біздің жас футболшылар облыстық деңгейдегі жарыстарда бақтарын сынап, жүлделі оралып жүр.
Командалық ойында оқ бойы озық шығатын үздік ойыншылар да болады. Хами Алдияр, Бейбіт Айдын дәл осындай үздіктер қатарында. Мұратов Исламбек бүгінде Шахтер командасының құрамында өнер көрсетуде. Тілеу Нұртөре жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облысының құрама командасының сапында. Өзбекстан мемлекетінде сборда жүр.

Батырбай Тілеуұлының бірнеше жыл бұрын шәкірті болған, ал қазір иық тірестіріп, әріптес болып жүрген жас бапкерлер Кәдікенов Ернар Орынбекұлы мен Зәкәрия Асанәлі Мұсаұлының да бұл салада сіңірген еңбегі зор. Бір қызығы Ернар мен Асанәлі бір сыныпта оқыпты. Ю.Гагарин (қазіргі А.Сейдімбек) атындағы мектепте 8-сыныпта оқып жүріп, футболға бара бастайды.
2012 жылы Тараз қаласында мектеп оқушылары арасында өткен «Былғары доп» республикалық турнирінде 5 орын алады. Бұл жарыстың алдында облыстық деңгейде жеңімпаз атанады. 2014 жылы Таразда өткізілген ауыл спортшылары арасында ұйымдастырылған ойында ІІІ орын иеленеді. 2018 жылы Қызылорда қаласында өткен жарыста, 2021 жылы Ақтау қаласында ересектер арасындағы ауыл ойындарында өнер көрсетеді. Бұл дүбірлі сайыста біздің футболшылар жетінші, сегізінші орындарда тұрақтайды. Бірақ, білген адам үшін бұл өте жақсы нәтиже. Бұл додаларға шамамен 64 команда қатысатынын ескерсек, бұл көрсеткіш жеңіспен пара пар.
Нәтижесінде балалардың болашағы спортпен байланысады. Ернар «Болашақ»университетінің коллеждінде дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алса, Асанәлі Қарағанды мемлекеттік университетітінің дене шынықтыру факультетінің түлегі атанады. Асанәлі Қарағандыдағы жастар спорт мектебінде бір жылдай еңбек етіп, 2018 жылы ауданымыздағы спорт мектебіне жұмысқа орналасады.
Осылайша екі сыныптастың еңбек жолы әрі қарай жалғасып, жетістіктері ұштаса береді. Жоғарыда айтылған жетістіктердің барлығы да жаттықтырушыларға ортақ. Футбол әуесқойларының лигасының құрамында.
-Біздің бүгінгі басты проблемамыз — ғимараттың жоқшылығы. Спорт үшін дайындықтың маңызы зор. Ал, бізге керегі үлкен зал. Спорт мектебінің залы босай қоймайды. Модуль үнемі толық. Тек демалыстың екі күні ғана дайындалуға мүмкіндік аламыз. Балаларымыз тек екі күндік жаттығумен осындай нәтиже көрсетіп жұр. Егер тұрақты дайындықты жүргізсек, мүмкіндігіміз зор болар еді.
Тағы екінші мәселе — сыртта өтетін жарыстарға қаражат бөлінбейді. Облыстық, республикалық, мемлекеттік жарыстарға ата-аналардан ақша жиналады. Қомақты қаржыны беру біреуге қиындық тудырмаса, екіншіге әжептеуір салмақ салады. Футболға командамен қатысу керек болғандықтан бір баланың да қалмағаны дұрыс,-дейді бапкерлер.
Бүгінде жасы 7-18 аралығындағы жас футболшылар 9 команданы құрап отыр. Аталған проблемаларға қарамастан, түрлі деңгейдегі жарыстарға үзбей қатысып, жетістіктер қатарын молайтуда.

Салтанат Балтабайқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *