Арақ – абырой бермейді, масаңдық — мақсатқа жеткізбейді
Соңғы жылдары мас жүргізушілердің әрекетінен Қазақстан жолдарында жол-көлік оқиғалары орын алып, салдарынан автокөлік жолдарының басқа қатысушыларының және мас жүргізушінің өзінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіріледі.
Осындай әрекеттердің алдын-алу мақсатында автокөлікті алкогольдік масаң күйінде басқаруға қатысты қатаң жаза көзделіп, көлік құралын басқару құқығын айыру мерзімі артып, міндетті түрде әкімшілік қамаққа алу жазасы бекітілді.
Жүргізушінің масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабында қарастырылған.
Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру –он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Ал, егер масаң жүргізуші жәбірленушінің денсаулығына залал келтірсе жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы беріледі.
Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап масаң күйінде көлік жүргізу жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға, ал масаң жүргізушінің қайталап жәбірленушінің денсаулығына залал келтіруі жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабы).
Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған тұлғаның көлік құралын алкоголдік масаң күйінде басқаруы үшін, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл, түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тартуға, бас бостандығын шектеу, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыстық құқықбұзшылықтың қоғамға қауіптілігін ескеріп соттар көп жағдайда масаң жүргізушіге өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, қоғамнан оқшаулайды.
Жаңаарқа аудандық сотында 2024 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен 4 қылмыстық іс қаралып, 4 сотталушыға 6 ай мерзімге бас бостандығынан және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Қателікке жол бермей, алкоголден бас тартайық!.
Н.С.КҮЗЕНБАЕВ,
Жаңаарқа аудандық сотының судьясы