Жұмысқа қалай орналасамын?
Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, жас түлек мамандығы бойынша жұмыс іздестіре бастайды. Жұмысқа орналасуда аса маңызды рөл атқаратын жағдаяттарды қарастырып өтсек. Барлығы өзіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз. Айлығы жоғары, қызметі табысты мекемеге орналасу үшін міндетті түрде ол мекемеде істейтін аға-әпкенің я тамыртаныстың қажеті жоқ. Әрине, танысыңыз сізге қол ұшын созып, жұмысқа орналастыра алады. Алайда, ол сіздің қалай жұмыс істейтініңізді білмегендіктен, басшылық алдында сіз үшін жауап бермейді. Жетекші мекемелер жұмысқа тамыр-танысты емес, білім мен талабы бар еңбекқор жанды алуға тырысады.
«Барлығын жоғары білім ғана шешеді» деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Әрине, сапалы жоғары білімің болса, алдыңнан ақ күн туады. Бірақ та, он бір жыл мектепте және төрт жыл білім ордасында үздік оқыған жанның бастық болып кетуі екі талай. Керісінше, үштікке қанағат білдіріп, орта біліммен ғана шектелген жан қызмет жолында көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан да барлығы тек бір жапырақ қағазға, оның түр-түсіне ғана тәуелді бола бермейді.
«Түйіндемені сай қызметке ғана жіберу керек», «талабына сай емес екенмін» деп хабарламада көрсетілген мекен-жайға түйіндемеңізді жібермесеңіз, өз жолыңызды өзіңіз байлайсыз. Егер де хабарламада көрсетілген қызмет талаптарына сай келемін десеңіз, түйіндемеңізді дұрыстап толтырып жіберіңіз. Дәл сол қызметке орналасуға шақырмағанның өзінде сіздің түйіндемеңіз мекеме базасына енеді. Болашақта сізді басқа қызметке шақыруы да ғажап емес. Сондықтан да жүрексінбеңіз!«Тәжірибең болмаса, жұмысқа алмайды» деген де бар. Көптеген мекемелер тәжірибесі жоқ, енді ғана диплом алған я білім оқып жатқан студенттерді жұмысқа алуға құштар. Себебі, тәжірибесіз жас маманның жұмысқа деген ұмтылысы мен қызығушылығы әрдайым жоғары келеді.«Ғаламторда жөнді жұмыс жоқ», «ғаламтордан жақсы жұмыс таба алмайсың» деген түсінік бар. Әрине, ғаламторда небір қызықтар мен сұмдықтар кездеседі. Алайда, ғаламтор көмегімен талай жас мамандар өздері қалаған қызметке орналасуда.
Осы орайда, жұмыс іздеген жандар Мансап орталығына да барып тіркелгені жөн. Мансап орталығы білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізу және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша университет жұмысын ұйымдастыруды үйлестіреді және бақылайды, жұмыс берушілерге және халықты жұмыспен қамту қызметтеріне байланысты кәсіптік практиканы ұйымдастырады және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелерінде әлеуметтік әріптестікті кеңейту бойынша жәрдемдеседі, мамандарды мақсатты даярлау саласында кәсіпорындармен, ұйымдармен және мекемелермен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастар орнатады. Практикадан өту орындары туралы кәсіпорындармен және басқа да ұйымдармен және мекемелермен келісім-шарттар жасасу бойынша кафедралардың жұмысын үйлестіреді, практикалық дағдыларды дамыту бойынша студенттерге арналған тренингтер, мастер-кластар өткізуге әлеуетті жұмыс берушілерді тартады, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады және өткізеді, тарату орындарына келген түлектердің санын талдайды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша