Жолдау — елдің өркендеуінің басты құжаты. Әл-ауқатты көтеру – басты міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың әлауқатын жақсартуға баса назар аударды. Менің өз басыма инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу бағыты бойынша айтылған түйінді ойлар ерекше әсер етті. Жылдар бойы жол қиындығын көріп келеміз. Енді сол жол заманауи талапқа сай жөнделіп, бітіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жолдаудағы ең басты мәселелердің бірі — Атом электр стансасын салу мәселесі. Семей полигонының орасан зор зардабын тартқан біздің ел үшін атом сөзінің өзі
үрей тудыратыны рас. Бірақ Президенттің: «…экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр», — деген нақтылы дәйектерінен кейін өзімізден өндірілетін уран шикізатын пайдаланып, арзан энергия көзін пайдалану тиімді екеніне көз жеткізуге болады. Тек оның қауіпсіз болуы үшін бұл салада биік мақсаттарға қол жеткізген АҚШ, Жапония сияқты елдердің мамандарын тарту арқылы АЭС салынып жатса, бұл болашақтың қамын жеуден туған перспективалық озық іс болар еді.
Атом электр станциясы кейбіреулер ойлағандай атом қаруы емес! Екеуінің алыну әдісі ұқсағанымен, функциясы мүлдем басқаша. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдаланып жатқан жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер өз игілігіне жаратып отыр. АЭС реакторы су технологиясын пайдаланады. Мұндай технология қолданылған станциялардың бірінде де апат болмаған. Атом электр станциясында уран 4-5 пайыз ғана байытылады. Ол ешқандай жарылысқа әкелмейді. Сол себепті шындықты халыққа жеткізу — біздің парызымыз. Мемлекет басшысының нақты шешімін табатын ақша-несие саясаты, бизнесті  жүргізуге қажетті жағдайларды жақсартуға, еліміздің өнеркәсіп саласын толық  пайдалануға қатысты, кадрлық әлеуетті арттыруға, ұлт саулығын нығайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға, заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруға орай айтылған ойларының бәрін де қуаттаймын.
Тек сөз жүзінде қалып қоймай, осының бәрі жүзеге асып жатса, еліміз өркендей беретініне сенім мол!

Ерболат ТЕКЕБАЕВ,
Б.Амалбеков атындағы ТМ ұстазы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *