Тосын жағдайға дайындық тексерілді
Елімізде «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Шара жедел әрекет ету жасағының күштері мен құралдарының қысқы төтенше жағдайларға дайындығын тексеруге мүмкіндік бермек.
Оқу-жаттығудың мақсаты — құтқарушылар мен азаматтық қорғау күштерінің қысқы кезеңде туындаған төтенше жағдайларға дер кезінде ден қою мен жою іс-қимылдарын пысықтау болып табылады.
Облыстық штаб Жаңаарқа ауданында ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу барысында облыста құлақтандыру жүйесі де тексерілді. Шараға барлығы – 32 техника мен 100 маман жұмылдырылды. Айта кету керек, “Қыс-2024” оқу-жаттығу жиыны бүкіл республика бойынша өтіп жатыр.
21 қарашада Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында саптық қарау өткізілді және облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді. Командалық-штабтық оқу-жаттығудың барысын Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Чингиз Самиев қадағалады. Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасарлары Мұрат Ибраев және Әсет Аманжолов қатысты.
Сонымен бірге «Жаңа Нұр» тұрғын үй маңында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі өткізілді. Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде шартты түрде қыс мезгілінде жылу беретін қазандықтағы өрт туындау жұмыстарының алдын алу жұмыстары көрсетілді. Тез арада шешім қабылдаған құтқарушы мамандар жедел жәрдем қызметі, дәнекерлеуші, өрт сөндіру мамандары өрт қаупін төндірген қазандықты дәнекерлеп алу, өрт сөндіруші мамандар құтқару жұмысын жасаса, медбикелер мен дәрігерлер дереу түрде алғашқы көмек көрсетіп зардап шеккен жаннын қандай да бір ауыр жарақат алмауын қамтамасыз етті.
Ал, екінші кезеңде жол-көлік оқиғасы орын алды. Республикалық Қарағанды-Жезқазған трассасы маңында “жигули” автокөлігі сым бағандарына соқтығысуы салдарынан жолкөлік оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама департаментке келіп түсті. Соның салдарынан оқиға орнында көлік кептелісі пайда болды. Сонымен бірге жеңіл автокөліктің жүргізушісі апат салдарынан қысылып қалған және жарақат алған. Автокөлік ішіндегі жолаушыларға зақым келді. Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау және оқиға орнын қоршау жұмысын жүргізді. Зардап шегушілерді жедел құтқару жасағының құтқарушылары көліктен шығарып, Апаттар медицина орталығының дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ауыр жарақат алған жолаушыларды жедел жәрдем қызметінің мамандары ауруханаға жеткізді. Кептелісте қалған жолаушылар арнайы автобуспен жылыту пункттеріне жеткізілді. Ыстық тамақпен және керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Ал, үшінші кезеңде «Ақтайлақ» ауылдық округінің маңында іздеу құтқару жұмысы жүргізілді. Департаменттің жоспарлау және жедел басқару орталығына «Ақтайлақ» ауылдық округінің маңында бір адам мал іздеп шығып, хабар-ошарсыз кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түсті. Ауа-райы күрт салқындап, қалың қар жауды. Аталған хабарламаға сәйкес шұғыл іздеу-құтқару тобы құрылды. Заманауи ұшқыш дронды пайдалана отырып, іздеу-құтқару жұмысы жүргізілді. Белгіленген орынға арнайы құтқару жасағы келіп, кинологиялық топтар мен құтқарушылар «қаршанасы» көлігімен екі бағытта іздеу-құтқару жұмысын жүргізді. Құтқарушылар жоғалып кеткен адамды дер кезінде тапты. Табылған адамға медициналық көмек көрсетілді. Зардап шегушілерді жедел жәрдем көлігін пайдалана отырып, «Жаңаарқа» аудандық ауруханасына жеткізді. “Қыс-2024” оқу-жаттығу қорытындысы бойынша, жалпы азаматтық қорғау қызметтерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайын екеніне көзіміз жетті.
Қуаныш ТӨЛЕУТАЙ